Елорда жастары экологиялық челленджке қолдау білдірді

Бүгін Астананың Орталық саябағындағы «Қазақстан Күні» монументінің алдында елорданың белсенді жастары жиналып, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы республикалық экологиялық челленджке қолдау білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға қатысушылар астаналықтарды және еліміздің барлық өңірінің тұрғындарын акцияға қосылуға шақырды: тазалықты сақтауға, сенбіліктерге қатысуға және қалалық мүлікке ұқыпты қарауға үндеді.
«Біз, Астана қаласының тұрғындары, «Таза Қазақстан» акциясы аясында челленджді қабылдаймыз! Біздің мақсатымыз – таза әрі көркейген елді қалыптастыру. Осы жолда барлық Қазақстан халқын, әсіресе жас буынды, тазалық мәдениетін сақтауға, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға және қалалық мүлікті қорғауға шақырамыз. Әрқайсымыздың кішкентай әрекетіміз – үлкен өзгерістердің бастауы. Қоқысты дұрыс тастау, айналаны таза ұстау, табиғатты аялау – бұл еліміздің жарқын болашағына қосқан үлесіміз! Бірге тазалықты сақтап, өз қаламызды таза әрі көркем етейік!», – деп жастардың атынан «Жер амбассадорлары» қозғалысының белсендісі Темірлан Макубаев сөз сөйледі.
Айта кетейік, елордада 26 сәуірде «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтеді. Экоакцияның негізгі мақсаты қала көшелеріндегі тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару болып саналады.