ҚоғамМәдениет

Ел жадындағы ер

Қазақ даласының азаттығы мен ар-намысын жыр еткен, тағдыры қасіретке толы тұлғалардың бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Кеңестік кезеңде оның есімі «халық жауы» деген жаламен көмескі тартып, ұлт рухын оятатын үні көлегейленді.

1931 жылы 2 наурызда ату жазасына кесілген Иманжүсіп тек 1990 жылы толық ақталып, есімі мен рухы халқымен қайта қауышты. Бүгінде оның аты Қазақстанның әр өңірінде ұлықталып келеді. Жақында ғана Тараз қаласында Иманжүсіп есіміне көше берілді.

Тарихи қала Таразда Иманжүсіп Құтпанұлының атына көше берілуі – жай ғана атау ауыстыру емес. Бұл – ел жадындағы ерге көрсетілген тағзым, өткеннің алдындағы парыздың өтелуі. Өйткені Сарыарқада туып, елдік пен ерліктің символына айналған Иманжүсіптің тағдыры Тараз жерімен тікелей байланысты. 1931 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып, сүйегі осы өңірде қалғанын ұрпақтары 1992 жылы білді. Сондықтан Тараз төрінен оған көше берілуінің мәні бөлек. Бұл – тарихтың шындығын мойындау, жазықсыз құрбан болған арыстың рухын ұлықтау.

Иманжүсіп атылған жерді өз көзімен көрген, тектінің тұяғы, философия ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры Раушан Иманжүсіп ол жердің әлі күнге дейін қоршалмай, белгі қойыл­май ескерусіз жатқанын айтып қынжылады.

– Қабірдің оң жағында үлкен ор бар екен, атылғаннан кейін мәйіті сол орға тасталып, үсті топырақпен көмілген. Ол арада тек Иманжүсіп қана емес, қызылдар атқан талай адамның сүйегі қабат-қабат етіп көмілген. «Орды ашайық, Иманжүсіп ірі адам болған, мүмкін сүйегін тауып алармыз» деп едім, оған мүмкіндік жоқ деді. Сол ор әлі күнге дейін қоршалған жоқ, боздақтардың қаны төгілген жер ластанып, әбден былғанып кеткен. Мен белгі орнатып едім, оны да біреу жұлып, лақтырып жіберіпті. Жергілікті әкімдікке де талай бардым, қарағымды мінгізіп, шырағымды жетектетіп шығарып салады, – дейді ол.

Иманжүсіптің 150 жылдық мерейтойында ақын, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай:

Болыс болған бабама Есілім ең,

Шаһар болдың бұл күнде есігі кең.

Астанамда спорттың бір сарайы

Аталса Иманжүсіп есімімен,

Ескерткішін орнатсақ бас қаладан,

Айырылып қалмас қазақ несібінен, – деп жырлаған еді. Бұл – ел тілегінің көрінісі. Сарыарқада туған Иманжүсіпке Астанада бір еңселі ескерткіш орнату – тарихи әділеттің салтанат құруы болар еді. «Астана ақшамы» газеті  осы мәселені көтеріп, «есімі бар, ескерткіші неге жоқ?» деп жұртқа ой тастап еді. Ол да ескерусіз қалды.

Иманжүсіп тек әнші, сері емес, әйгілі қамшыгер болған. Бірақ оның қамшыгерлік өнері әлі де толық зерттеліп, кеңінен насихатталмай келеді. Жақында «Тас балуан» атымен танылған алып күш иесі Арман Сүлеймен шеберлерге 24 таспалы қамшыны арнайы жасатып, Иманжүсіптің музейіне тапсырды. Бұл да – баһадүрдің жауынгерлік болмысын айғақтайтын бір жадыгерді жаңғырту.

Иманжүсіп Құтпанұлы – азат рухтың символы. Оның есімі көшелерге беріліп, мектептер мен музейлерге қойылып жатқаны – қуантарлық жайт. Бірақ Тараздағы атылған жерін қоршап, белгі орнату, Астанадан еңселі ескерткіш қою, спорт нысандарына есімін беру – елдік сананы бекемдей түсер игі қадамдар болмақ. Өйт­кені тарихи тұлғаны ұлықтау – өткенді қастерлеу ғана емес, болашаққа да бағдар жасау. Иманжүсіптің рухы – қазақтың рухы.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button