Дулат дәстүрі – ұрпаққа өнеге

Астана қаласындағы «Дулат Бабатайұлы атындағы №89 мектеп-лицейде» Республика күніне орай «Дулаттың мектебі – тарихтың көзі, білімнің көкжиегі» атты рухани-тағылымдық іс-шара өтті.
Дулат мектебінің қалыптасу тарихын, жеткен жетістіктерін, ұлт руханияты мен білім беру ісіндегі орнын айқындап, жас ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған басқосу «Ұрпаққа өнеге – Дулат мұрасы» атты көрмемен ашылды. Көрмеде мектептің даму кезеңдері, жетістіктері мен шығармашылық табыстары қамтылған материалдар қойылды. Мектеп директоры Бейімбет Мұхамедиев құттықтау сөзін сөйлеп, Дулат мектебінің өрлеу жолы мен табыстарын атап өтті.
Рухани кеш мазмұнды және тәрбиелік мәні зор шығармашылық бағдарламамен өрбіді. Алғашқы бөлімде оқушылар «Дулат – халық шежіресі» атты поэтикалық композицияны орындап, Дулат Бабатайұлының поэзиясындағы елдік пен ерлік рухын көркем жеткізді. Сонымен қатар, мектепте өткен жобалар байқауындағы үздік жұмыстар да көпшілік назарына ұсынылды. Келесі бөлімде көрермендер «Тағылым тұғыры – мектеп келбеті» атты бейнебаян арқылы білім ордасының даму тарихымен, жетістіктерімен танысты. Ал «Білім ордам, саған мың алғыс!» атты түлектердің бейнеқұттықтауы көрермендерді ерекше толқытты. Түлектер өздерінің ұстаздарына алғыс айтып, туған мектептеріне деген ыстық ықыластарын білдірді. Кештің көркемдік бөлігі де мазмұнға бай болды. «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» көрінісі мен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби-сазды қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ іс-шара аясында Дулат мектебі гимнінің тұсауы кесілді.
Белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы сыйлы қонақтар атынан іс-шараның сірге жиярында жүрекжарды лебізін білдіріп, ұлттық құндылықты ұлықтаған ұжымға ақжарма алғысын жеткізді.
Айгүл СЕМБАЕВА,
Д.Бабатайұлы атындағы №89 мектеп-лицей директорының орынбасары



