Дұрыс тамақтану сыры – ұлттық иммундық жүйеде

Ғаламторда дұрыс тамақтану туралы сан түрлі кеңестер тым көп. Бірі «ананы ішуге болмайды, мынаны жеу зиян» десе, екіншісі оны жоққа шығарады. Сол сұрақтарды денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Астанадағы ҚР Президентінің Іс Басқармасы медицина орталығы ауруханасының бас гастроэнтеролог маманы, «Гастроэнтерология және гепатология» орталығының жетекшісі Биімбетов Бақытжан Рысқұлұлына қойып, нақты жауаптар алдық.
Профессор елімізде асқазан-ішек ауруларының асқынуы және одан сақтану жолдары, сонымен қатар өзі зерттеп жүрген қымыз бен бие сүтінің (саумал) адам ағзасына пайдасы туралы да айтып берді.
Күнбағыс майының қаупі неде?
– Дұрыс тамақтану бойынша түрлі ақпараттар тарататын блогер кеңесшілер көбейді. Солардың айтқаны қаншалықты дұрыс? Мәселен, күнделікті пайдаланатын күнбағыс майы тамақтардың ішінде ең зияны дейді, ол шынымен зиян болса неге біздің нарықта сатылады?
– Қазір кім не айтқысы келсе де мінберге шығып сөйлеу оңай болып кетті. Олардың сөзінің бәрін дұрыс екен деп қабылдау жөн емес, ең бастысы, ол кім, медициналық мамандығы, ғылыми дәрежесі бар ма, соған қарау керек. Ал күнбағыс майына келсе, бұл – тұрмыста көп қолданатын майдың бірі. Біріншіден, оны қалай жасап шығарады? «Рафинация» деген процесс бар, құты сыртында «рафинированное масло» деп жазулы тұрады ғой, сол «рафинация» процесі көп жағдайда жанар майды қолданумен, яғни майды тазарту және тұшыту үшін мұнай өнімдерінің қосылуымен жасалады. Сондықтан осы мәселеге көңіл бөлген дұрыс, көбіне рафинадталмаған өсімдік майын пайдаланған жөн. Біздің бала кезімізде дүкенде тек рафинадталмаған май ғана болатын. Есіңізде болса, әжелеріміз қызып тұрған майға пияз салып, оны қатты қуырып, күйдіретін. Содан майдың иісі кететін. Екінші мәселе, көп жағдайда, әсіресе қоғамдық тамақтану орындарында, қайнатылған майды қайта-қайта қолданып, бауырсақ қуырған майға тағы басқа тамақтар пісіреді. Ол май бірнеше рет қайнай берген соң құрамында адам ағзасына зиянды концерогенді заттар бөлінеді. Адам ағзасына зиян болса да нарықта ондай тағамдар сатыла береді. Себебі біз қазір капитализм дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, яғни капитализмнің қозғаушы күші – кәсіпкерлер. Олар неге сұраныс бар – соны сатады. Қаржы жүрген жерде сұраныс болса, сенің денсаулығыңа зиян ба, зиян емес пе, қарамайды. Сондықтан әр адам өзі саналы болып, ізденіп барып тағамды тұтынуы керек.
Шай-суды қалай ішеміз?
– Шай ішудің, ақ нан жеудің зияны туралы да көп естиміз. Өмір бойы нанды қадірлеп келіп, неге аяқ астынан одан бас тарту керек?
– Шайды да, нанды да өз мөлшерімен қолдану керек. Мысалы, шайды көп ішкенде оның құрамындағы кофеин жүректің қатты соғуына, ұйқының қашуына, қобалжуға әкелуі мүмкін. Оның құрамында «тонин» деген де зат бар, көп ішкенде тамақтағы темірді өзімен байланыстырып, оның сіңірілуін тежейді. Бұл анемияға алып келуі мүмкін. Ал ащы қою шай магнийдің сіңуін тежейді, сөйтіп ол жүйкеге, бас ауруына алып келеді. Қатты ыстық шай ішу асқазан шырышты қабатын тітіркендіріп, өңешті күйдіреді. Қазір шайдың түрлері көп, бірақ сапасы дұрыс емес. Ең жақсысы – жапырақты шай. Пакеттелген шайлардың іші толған қоқым, ең соңғы үшінші сорттық қалдықтардан жасалады, бұған үйір бола бермеу керек.
Ақ нанға келсек, оның да зиян екені рас, себебі оның гликемиялық индексі өте жоғары. Оның құрамындағы көмірсу көп мөлшерде қолданғанда қантқа айналып кетеді, нәтижесінде бұл салмақ қосуға, диабетке алып келуі мүмкін. Көбіне қара нан жеген дұрыс, «цельно зерновой», яғни рафинатталмаған ұннан жасалған нан.
Қазір артық салмағы бар адамдар көбейіп барады, бұл – өте қауіпті жағдай! Семіз адамдарда метаболизм синдромы пайда болады, нәтижесінде қант диабеті мен оның асқынуы, жүрек қан-тамыр аурулары көбеюде.
Су ағзаға өте қажет, адам денесі 70-90% судан тұрады. Бірақ қазіргілер айтып жүргендей суды бірден көп мөлшерде ішудің қажеті жоқ, аз-аздан ұрттап, тамақтың алдында 30 минут бұрын немесе тамақ ішкеннен кейін 2 сағаттан соң ішкен дұрыс. Тамақтың алдында ішкенде асқорытуды жақсартады, көп тамақ ішпеуге септік етеді. Ал тамақтан кейін бірден су ішер болса, асқорыту сөлінен бөлінетін тұз қышқылының концентрациясын азайтады, жеген ет те дұрыс қорытылмай қалады. Су ішу керек екен деп, 2 литрге дейін су ішу дегенге қарсымын. Ең дұрысы, ағзаны тыңдау, шөлдеп тұрған кезде ішу керек. Судың температурасы бөлме температурасымен сай болғаны жөн.
– Өзіңіз қалай тамақтанасыз? Үш мезгіл тамақ мәзіріңізді айтып берсеңіз?
– Қазір диетология саласында «иммунодиетология» деген бағыт пайда болды, яғни ішкен тағам иммундық тұрғыда ағзаға сәйкес келе ме, келмей ме деген мәселе. Бүгінде шекараның бәрі ашық, әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі заттар келіп жатыр. Оның ішінде теңіз тағамдары да, кофеден бастап какао, басқа да ата-бабаларымыз жемеген тағамдар көп келуде. Менің айтарым, ұлттық иммундық жүйеге сай тамақтану керек, бұл дегеніміз – ата-бабаларымыз соңғы жүз жылда қандай тағам пайдаланды, соны пайдаланған абзал. Ал кофе, какао және басқа жат тағамдар біздің иммундық жүйеге күш түсіруде, біздің ағзамыз оларды бөгде зат ретінде қабылдап, оны ағзадан шығарып тастауға, оған антидене түзу бағытында орасан зор күш жұмсайды. Нәтижесінде иммундық жүйе әлсірей бастайды да, иммун тапшылығы пайда болады. Сондықтан біздің ұлтымызға, тарихымызға жат тағамдарды шектеген дұрыс.
Өзім таңертең айранға бұқтырылған тары ғана жеймін. Жұмысқа келген соң 1-2 кесе шай ішуім мүмкін. Тамақты көп ішуден сақтанамын. Түскі аста тек екінші тағамды жеп, біраз уақыттан соң шай ішемін. Түстен кейін кешкі асқа дейінгі аралықта тіске басар ретінде жеміс-жидек, көкөністер жеймін. Шай ішсем де қантсыз, кепкен жемістермен, өрік-мейізбен ішемін, анда-санда бал жеймін. Варенье, қант дегенді мүлдем қолданбаймын. Жасы келген адамдар қант пен тұзды мүлдем азайту керек. Алма, өрік, шабдалы, көкөністер, көк шөптерді көбірек пайдаланған пайдалы. Кешкі тағамды аз ішемін, кейде ішпеймін, қауын-қарбыз жеп аяқтаймын. Жатарда қымыз ішіп жатамын. Күніне 1-2 стақан қымыз ішу – мен үшін өзгермейтін қағида. Соңғы кезде жиі айтып жүргенімдей, «Қымыз ішпеген күн – зая кеткен күн!».
– Қымыз тақырыбын зерттеуші ретінде айтсаңыз, бұл тағамды ел ішінде кеңінен пайдалануда қандай кедергілер бар?
– Отыз жылдан аса саумал мен қымыз, шұбаттың ағзаға пайдалы қасиеттерін зерттеп жүрмін. Бұл – үлкен өзекті тақырып. Себебі кейінгі кезде жалпы медицина саласы ауруды емдеуге көп көңіл бөліп кетті де, профилактика жағы әлсіреді. Алдын алу деген сөз – ішкен тағам мен оның сапасы, дене белсенділігі, таза ой, таза ауа деген сияқты сауықтыру мәселелері. Осы ретте бие сүті мен қымыз, шұбаттың әлеуеті зор, соны бізге ұмыттырды. Медициналық жоғары оқу орындарында қымыз бен саумалдың, түйе сүті мен шұбаттың ем-шипалық қасиеттері жөніндегі ақпараттар оқу бағдарламасында жоқ. Нәтижесінде дәрігерлер бұл жөнінде бейхабар болып шығады.
Екіншіден, бие сүті өзі тез ашып кететін сусын, ол 2-3 сағаттан кейін жарамсыз болып қалады. Біреудің жағдайы бар, біреудің жағдайы жоқ, бар болса да айлап іше алмайды. Осы мәселені шешу үшін елімізде 2014 жылдан бастап неміс технологиясы бойынша құрғақ пастерленген бие сүтін шығару қолға алынды. Бұл табиғи сүтке барынша жақын, яғни 85-90% жақын деп қорытынды жасап жатырмыз. Оған жылы су құйып ерітіп, іше берсе болады. Соны зерттеп, бірнеше гранттар ұтып алып, ғылыми жұмыстар жүргізудеміз. Ол туралы шетелдік, отандық басылымдарда мақалалар шығарылды, патенттер мен монографиялар жарық көрді, халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізілді. Ұлттық сусындардың әлеуетін халыққа, медицинаға кеңінен жеткізу мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Қымызды кеңінен қолдану жылқы өсіруге, ауылшаруашылығына, жем-шөпке, табиғат жағдайына тікелей байланысты. Қазір жайылым мәселесі қиын, жердің бәрі жекешеленіп кеткен. Жылқы жем-шөп көп жейтін жануар, оның шығыны деген шаш етектен. Ебін тауып жатқандар бар. Солар жылқыны тек етке ғана емес, сүт бағытында пайдаланғаны жөн. «Әр саналы азамат, әр әкім, жылқы етін жей бермей, оны көбейтіп, қымызбен елдің сусынын қандырса, халықтың 99%-ның денсаулығы жақсарар еді» деген болатын Шерхан Мұртаза ағамыз. Жылқыны тек ет ретінде ғана пайдаланбай, сауын мал ретінде де пайдаланған тиімді екенін білу керек. Әр қазақстандық күніне кемінде 1 кесе қымыз ішетіндей жағдайға жетсек, ұлт саулығы сонда қалыптасады.
Асқазан обыры – астан
– Қазір асқазан және тағы басқа қауіпті аурулардың пайда болуына дұрыс тамақтанбаудың қандай әсері бар?
– Асқазан ауруларының пайда болуына дұрыс тамақтанбаудың тікелей қатысы бар. Адамның денінің сау болуы 70% тамақтануына байланысты. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Біз дүниеге 3,5-4,0 кг болып келеміз де, ішіп-жеген тағамның арқасында 70-80 келіге дейін жетеміз, яғни тамақ – біздің құрамдас бөлігіміз деген сөз. Адам ағзасын күтіп ұстаса, 120-130 жылға дейін өмір сүруге мүмкіндігі бар. Ал біз дұрыс тамақтанбай сол өмірді қысқартамыз, өміріміздің соңын дәрі ішумен өткіземіз. Сондықтан профилактикаға, алдын алу шараларына, салауатты өмір салтын ұстануға аса мән беру керек, сол бағытта әрекет жасау керек. Адам өзі ауырып қана қоймай, бүкіл отбасын әбігерге салады. Дұрыс тамақтанбаудан қазір артық салмағы бар адамдар көбейді. Қазір семіздік созылмалы прогрессивті түрде жүретін ауру болып есептеледі, яғни семіз адам ауру адам деп қабылданады.
– Қатерлі ісік ауруларының ішінде асқазан аурулары қандай орын алады?
– Қазақстанда асқазан қатерлі ісігімен жыл сайын 40 мыңнан астам адам тіркеледі. 2023 жылы 41 500-ден астам адам тіркелген, осы аурудан 13 мыңға жуық адам қайтыс болған. Қатерлі ісік аурулары ішінде асқазан обыры 3-орында тұр, 1 орында – өкпе, 2-орында – тоқ ішек обыры. Дегенмен, қазіргі кезде алдын ала диагностикалау қарқынды дамуда. Біздің ауруханада асқазан, ішек, бауыр аурулары емделеді. Соның ішінде ең өзекті мәселе – гепатит Д. Ол көп жағдайда созылмалы гепатитке, бауыр циррозына, бауыр обырына алып келеді. Себебі Д вирусқа қарсы препарат әлем бойынша жасалған жоқ. Бұл – әлемдік өзекті проблема. Осы проблема біздің қолымызды байлап отыр. Әрине, әлем бойынша осы бағытта ғылыми жұмыстар жүргізілуде, Д вирусқа қарсы препарат пайда болады деген үмітіміз де жоқ емес.
Асқазан аурулары жас таңдамайды. Егде жастағылар арасында созылмалы гастриті жоқ адамдар өте сирек, себебі асқазан ішетін тағамға байланысты пайда болады. Оны тудыратын «хеликобактер» деген инфекция, ол асқазанның шырышты қабатында өсіп, көбейеді. Симптомсыз деңгейден бастап асқазанның қатерлі ісігіне дейін алып келуі мүмкін. Сондықтан ауру белгісі білінбесе де профилактикалық тексерулерден өтіп отыру керек.
Ұлттық тағамнан артығы жоқ
– Дұрыс тамақтану бойынша үлгі етуге болатын қандай елдерді атап айтар едіңіз?
– Ең ұзақ жасайтын ел – жапон халқы, сосын кәрістер, Еуропаның кейбір елдері. Демек, осы елдерді үлгі тұтуға болады. Бұл елдерде семіз адамды кездестірмейсің. Олар көбіне теңіз тағамдарын қолданады, себебі олардың ата-бабалары да осы тағамдарды қолданып келді, яғни, олар теңіз өнімдерін ұлттық тағам ретінде жалғастыруда. Сол сияқты біз де өзіміздің ұлттық тағамымызды ұмытпай, соны бойтұмар етуіміз керек. Құрт, ірімшік, сары май, тары-талқан, айран, шұбат, қымыз болсын, бәрін пайдалану керек. Оларды жаңа технологиямен дамыту қажет. Халыққа біздің иммундық жүйемізге тән ұлттық тағамдарды қолдануды ұсынамын. Қосымша жеміс-жидектер, көкөністерді жыл бойына үзбеу керек. Етке жететін диеталық тағам жоқ. Ең дұрысы – жылқы еті, ол иммундық диеталық тұрғыдан бізге сіңімді.
– Сіз араласқан зерттеулер нәтижелері ҚР практикалық денсаулық сақтау саласына енгізілді. Зерттеулер аясында көптеген отандық және шетелдік басылымдарда мақалалар жарияланып, дәрігерлерге арналған әдістемелік нұсқаулықтар, патенттер мен авторлық куәліктер, монографиялар жарық көрді. 170-тен астам басылымның авторысыз. Қазіргі таңда басқа қандай жобалар, зерттеулер бойынша жұмыс істеп жатырсыз?
– Мен өзім гастроэнтеролог, гепотолог дәрігерімін. Кандидаттық және докторлық диссертациям да ас қорыту, соның ішінде бауыр аурулары жайында болды. Сол тақырыпты жалғастырып келемін. Қазіргі жұмыс істейтін ауруханада ісік ауруларының ерте анықтауда маңызды зерттеу әдістері, әлемдік стандарттарға сай келетін барлық емдеу шаралары жүргізіледі. Консилиуммен шешілетін жұмыстарды атқарамыз. Бізге көбіне өңірлерден дұрыс емделмеген, диагнозы дұрыс қойылмаған, дерті асқынып кеткен науқастар өте ауыр жағдайда келеді. Сонымен қатар Президент Іс басқармасының медицина орталығы ауруханасы болған соң елге еңбегі сіңген және мемлекеттік қызметтегі адамдар емделеді.
Сонымен қатар қымызды ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастырудамыз. Оның өте күрделі аурулардың алдын алудағы пайдасы ұшан-теңіз. Соны медициналық білім беретін оқу орындарының бағдарламасына енгізуге әрекет етудеміз. Дәрігерлер өзі «скептик» болып келеді, яғни олар тек оқыған мәліметтеріне ғана сенеді. Университетте қымыз бен саумал туралы ақпарат алмаған соң, оның пайдасын білсе де, практика кезінде қолдана қоймайды. Тек дәрі-дәрмекті ғана қолданады. Жақында біздің орталықта дәрігер-резиденттерді қабылдауға лицензия алдық. Соларды оқыту бағдарламасына қымыз бен саумалдың пайдасы туралы ақпараттарды енгіздік. Енді бізден бітірген резиденттер ұлттық сусындардың ем-шипалық қасиеттерін біліп шығады. Осы бағыттағы жұмыстарды тиісті министрліктерге жеткізсек, олардан қолдау тапсақ, кереметтей қасиеттері бар ұлттық сусындарымызды кеңінен қолдануға жол ашсақ, халықтың өмірін ұзартуға мүмкіндік алар едік.
Сұхбаттасқан Райхан Рахметова