Достықты дәріптейтін туынды

Жылдар бойы көрерменнің жоғары бағасына ие болған «Достар серті» мюзиклі «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік мюзикл театрының негізгі қойылымдарының біріне айналды. Аталмыш өнер ұжымы бұл туындыны кезекті рет ұсынды.
Либретто авторлары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков пен аудармашы, драматург Әннас Бағдат. Қойылымның музыкасын жазған танымал дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский. Мюзикл режиссері – «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин.
Бұл туындыға қазақ музыкасының «Алтын қорына» енген Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев және «Дос-Мұқасан» тобының репертуарындағы әндер арқау болды. Сонымен қатар, әлемге танымал «The Beatles» тобының репертуарындағы шығармалар және жаңа стилистикалық бағытта жазылған композициялар орындалады.
Мюзикл желісі 1960-70-жылдар кезеңінде өрбиді. Еліміздің әр өңірінен арман қуып, консерваторияға оқуға келген және бір қалада тоғысқан төрт абитуриент жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғалары, жалындаған жастық шақтары, адал достық пен нағыз махаббат хикаяларын баяндайды.
Бұл қойылым нағыз достықты бейнелейді. Олар алғашқы сезімдерін, өмірдің жаңа сынақтарын бірге өткереді. Бірі – романтикаға берілген, екіншісі – өз мақсатына ұмтылған, үшіншісі – достарының көңілін көтеруді ұнататын, ал төртіншісі – салмақты әрі ойлы. Олардың әрқайсысының өмірі мен арман-мақсаттары тек достықтың арқасында жүзеге асады. Жігіттер бірге қуанып, бірге мұңайып, қиындықтарға қарсы тұрады. Достықтың шынайы қуаты – әрбір сынақта, қуаныш пен күйініште.
Мюзиклдың әр сәті жастардың өмір жолында кездесетін мүмкіндіктер мен тосын сыйларға толы. Олар тек дос емес, бір-бірінің армандарын жүзеге асыруға көмектесетін, шынайы бауырға айналады. «Достар серті» мюзиклы жастық шағыңыздың әдемі сәттері, қиындығы және естеліктерін көрсетіп, ұмытылмас әсерге бөлейді.



