Домбыра тербеген тағдыр

Домбыра – өткен мен бүгінді жалғайтын қасиетті көпір. Ал сол көпірдің үстінде өмірін өнермен өрген жандар аз емес. Солардың бірі – Астана қаласындағы №2 Өнер мектебінде домбыра пәнінен сабақ беретін Жанат Бекзатқызы Нахаева. Ұстаздың күнделікті еңбегі – тек күй үйрету емес, ұлт рухын шәкірт жүрегіне сіңіру.
Өнер жолы – баршаға бірдей бұйыра бермейтін соны соқпақ. Бұл жолды Жанат Бекзатқызы бала күнінен-ақ таңдапты. Туған жері – Түркістан облысы, Кентау қаласы. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ домбыра үніне ғашық болған ол 1986 жылы небәрі 11 жасында Кентау қаласындағы Музыка мектебінің табалдырығын аттайды. Сол мектепті 1991 жылы үздік тәмамдап, өнерге деген бала арманына бір қадам жақындай түседі.
Арман жетегіне ерік берген жас өнерпаз 18 жасында Шымкент қаласындағы Музыка колледжіне оқуға түсіп, «Қазақ ұлт аспаптары» бөлімінде төрт жыл бойы кәсіби білім алады. Бұл – болашақ ұстаздың өнер жолындағы маңызды кезеңдерінің бірі еді. Кейін 2000-2004 жылдары Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік университетінің «Өнер» факультетін аяқтап, домбыра өнеріне бірнеше сатылы терең дайындықпен келеді.
Еңбек жолын өзі түлеп ұшқан Кентау қаласындағы С.Бәйтереков атындағы музыка мектебінде бастаған Жанат Бекзатқызы он жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық тәжірибесін шыңдайды. Ал бүгінде ол Астана қаласындағы №2 Өнер мектебінде домбыра пәнінен сабақ беріп, жас буынға ұлттық музыканың қыр-сырын үйретіп жүр. Ұстаз үшін әр сабақ – жай ғана күй үйрету емес, баланың ішкі әлемін ашу, өнер арқылы тәрбие беру.
Жанат Бекзатқызы шәкірттеріне бірдей талап қоя бермейді. Бірі күйді тез меңгерсе, бірі уақытты қажет етеді. Бірақ ұстаз үшін әр бала – жеке әлем. Ол өнер жолында асығыстықтың орынсыз екенін, ең бастысы, баланың домбыраға деген қызығушылығын жоғалтпау керектігін басты ұстаным санайды.
– Домбыра баланы сабырлылыққа, еңбекқорлыққа үйретеді. Әр күйдің артында тарих, тағдыр, тәрбие жатыр. Оны сезінбей тұрып, шынайы орындау мүмкін емес, – дейді ол.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі де аз емес. Жанат Бекзатқызының шәкірттері қалалық «Күй қайнары», «Шаттық», «Жас талап», «Күмбірлеген домбыра» байқауларында топ жарып жүр. Республикалық деңгейдегі «Абыз домбыра», «Асыл мұра» өнер байқауларында жүлделі орындарға ие болған шәкірттері де бар. Тіпті халықаралық сахнада – Испания, Австрия, Түркия елдерінде өткен байқауларда да жеңіс тұғырынан көрінді. Өзі де кейде байқауларға қатысушы ғана емес, әділқазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылады. Дегенмен, ұстаз үшін басты марапат – диплом мен медаль емес.
– Мен үшін ең үлкен нәтиже – баланың домбыраны жүрегімен сезінуі. Егер ол өнерді өмір бойы құрметтеп өтсе, ұстаз еңбегі ақталғаны, – дейді Жанат Бекзатқызы.
Ұстаздық пен аналық мейірімді қатар алып жүрген ол өз баласына да, шәкірттеріне де өнерге адал болуды ісімен көрсетіп келеді. Күнделікті дайындық, үздіксіз ізденіс, домбыраға деген жауапкершілік – оның өмірінің ажырамас бөлігі.
Ұлттық өнерді ұрпақ санасына сіңіру – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін жол. Осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан Жанат Бекзатқызы Нахаева сынды ұстаздардың арқасында домбыра үні өшпей, қазақтың рухани мұрасы келер ұрпаққа аман жететіні сөзсіз.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



