Жаңа Қазақстан

Дербестікке бастау болған тарихи күн

Республика күні – бұл тек мерекелік дата ғана емес, сонымен қатар еліміздің жүріп өткен жолын саралап, 1990 жылғы 25 қазандағы Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның тарихи және құқықтық маңызын терең түсінуге мүмкіндік беретін күн. Дәл осы тарихи құжатта қазіргі Қазақстанның құқықтық және рухани негіздері қаланды. Ол – еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі мен дербестігіне бастау болған тарихи акт.

Соңғы 35 жыл ішінде Қазақстан Республикасы саяси егемендігін жариялаудан бастап, құқықтық және демократиялық даму қағидаттарына негізделген кемел конституциялық жүйені қалыптастырды. Бұл кезеңде заң үстемдігі, әділдік және жауапкершілік қоғам өмірінің нақты қағидаттарына айналды.

Бүгінгі таңда Қазақстан оң өзгерістер мен жаңғыру дәуірін бастан өткеріп отыр. Азаматтық қоғам институттары нығайып, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау күшейді. Осы тұрғыда тәуелсіздік, қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық ұғымдарының мәні мен маңызы бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бұл ұғымдар еліміздің тұрақтылығы мен орнықтылығын айқындайтын тұтас жүйе құрайды және мемлекеттің саяси қуаты мен кемелдігін көрсетеді.

Қазақстан Конституциясында тәуелсіздік, келісім және тұрақтылықтың конституциялық философиясы қалыптасқан.

Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айқындалған. Бұл қағида тәуелсіздіктің қазіргі мазмұнын белгілейді: мемлекет адамның игілігіне қызмет етуге тиіс, ал адам мемлекеттің құлы емес, оның мәні мен мақсаты.

Қазақстанның тәуелсіздігі – тек тарихи дерек емес, сонымен қатар күн сайынғы жауапкершілік. Ол сыртқы белгілермен емес, мемлекеттің жалпыадамзаттық және бұлжымас құндылықтарға сүйене отырып, өз даму бағытын халықтың өмірлік мүдделеріне және Конституцияның жасампаз рухына сай айқындау қабілетімен өлшенеді.

Алайда тәуелсіздік қоғамдық келісімсіз мүмкін емес. Конституцияның 3-бабында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екені, ол өз билігін республикалық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асыратыны, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдарға беретіндігі көрсетілген. Бұл қағида «қоғамдық келісім» ұғымының мәнін ашады – ол халық пен мемлекет арасындағы сенім мен өзара жауапкершілікке негізделген диалог.

Қоғамдық келісім – елдің ішкі өзегі, оның тұрақтылығы мен болашаққа деген сенімінің негізі. Ол азаматтардың пікір алуандығына құрметпен қарауынан, өзара сенім мен диалогқа дайын болуынан көрінеді. Осындай келісім ғана саяси тәуелсіздікті әлеуметтік бірлікке айналдырады.

Конституцияның 4-бабында Конституцияның және соған сәйкес келетін заңдардың ел аумағында жоғары тұратыны айқындалған. Бұл норма – саяси тұрақтылықтың құқықтық тірегі, өйткені Конституция заңдылықтың өлшемі ретінде мемлекет пен әр азаматтың іс-әрекетіне ортақ негіз орнатады.

Саяси тұрақтылық – мемлекеттің өзгерістер жағдайында дамуға, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуге қабілеттілігі. Бұл – қоғамға өзін-өзі жаңғыртуға мүмкіндік беретін, сонымен бірге тепе-теңдікті сақтай отырып алға жылжуға жол ашатын қасиет.

Осы үш ұғым – тәуелсіздік, қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық – біртұтас жүйеге бірігіп, қазақстандық мемлекеттіліктің өзегін құрайды. Олар ел дамуының бағытын айқындайтын және оның институттарының беріктігін қамтамасыз ететін негізгі құндылықтар.

Қазақстан Конституциясы – жай ғана құқықтық құжат емес, ол ұлттық келісімнің және құқықтық егемендіктің символы. Конституцияда құқық, мораль және саясаттың үйлесімі көрініс тапқан. Осы үйлесімнің арқасында мемлекеттік қағидаттар адам мен қоғамды қорғаудың нақты тетігіне айналды.

Конституцияның күші – оның біріктіруші рөлінде. Ол билік пен халық, бостандық пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтап, қоғамда сенім мен тұрақтылықты орнықтырады.

2022 жылғы конституциялық реформа еліміздің тұрақтылық және орнықтылық жүйесін нығайтудың маңызды кезеңі болды. Оның нәтижесінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты қайта құрылды. Осылайша, Конституцияны қорғау тетіктері жаңарып, заңдылық пен әділдік қағидаттары күшейді. Азаматтарға өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігі берілді.

Бұл құқықтық және конституциялық бақылаудың маңызды институты Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституцияның үстемдігі енді абстрактілі ұғым емес, құқықтың нақты кепілі. Конституциялық Соттың шешімдері еліміздегі тәуелсіздік, әділдік және келісімнің өміршеңдігін дәлелдеп, заң мен құқық үстемдігіне деген сенімді арттырды.

Мұндай бағыттың заңдылық пен қоғамдық сенімді нығайтуға ықпал ететіні айқын. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамда «заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру – мемлекет тұрақтылығының маңызды кепілі.

«Заң және тәртіп» қағидатының мәні – әділдік ұғымымен тікелей байланысты. Заң – әділдіктің өлшемі және қоғамдық сенімнің көрсеткіші. Ал тәртіп – заңның нәтижесі. Заң үстем болған жерде әділдік орнайды, әділдік бар жерде сенім қалыптасады, ал сенім бар жерде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық сақталады.

Конституцияның, әділдіктің және «заң мен тәртіп» қағидатының сабақтастығы мен беріктігі, ең алдымен, жастардың азаматтық ұстанымына байланысты. Конституцияның идеяларының өміршеңдігі – келешек ұрпақтың құқықтық санасы мен жауапкершілік деңгейіне тікелей тәуелді.

Ашық және цифрлық дәуірде өсіп келе жатқан жастар жаңа ойлау стандарттарын қалыптастыруда. Сондықтан Конституцияны олар тек ресми құжат ретінде емес, белсенді іс-әрекетке жетелейтін өмірлік бағдар ретінде қабылдауы маңызды.

Жастар – біздің қоғамдық кеңістігіміз бен құқықтық өрісіміздің болашақ сәулетшілері. Олардың азаматтық белсенділігі заңның еркіндік пен құқықты қорғаудың кепілі екенін, ал жауапкершілік – дамудың алғышарты екенін түсінуге негізделуі тиіс. Әділдік қағидатына берік болу арқылы ғана біз қоғамда заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ете аламыз.

Нағыз сабақтастық заңға құрметпен қараудан, қоғамдық өмірге белсенді қатысудан және ашық диалогқа дайындықтан көрінеді. Мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның тұтастығы жастардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Осылайша, тәуелсіздік, қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық тұжырымдамалары – жай ғана мемлекеттік қағидаттар жиынтығы емес, Конституция нормаларымен айқындалған өміршең жүйе.

2022 жылғы конституциялық реформалар мен «заң және тәртіп» қағидатын бекіту – әділдікті қамтамасыз етудің және азаматтардың сенімін нығайтудың жаңа құқықтық тетіктерін қалыптастырды.

Республика күні – тек егемендіктің жарияланған күнін еске алу ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың, әсіресе жастардың құқықтық санасы мен белсенді ұстанымына тәуелді конституциялық жүйенің өміршеңдігін терең түсінудің уақыты.

Заңдылық қағидаттарын ұстану мен құндылықтардың сабақтастығын сақтау арқылы ғана біз еліміздің саяси және қоғамдық тұрақтылығын, жүйесінің орнықтылығын және болашақтағы сенімді дамуын қамтамасыз ете аламыз.

Н.Тұяқбаева,

ҚР Конституциялық Сотының талдаушысы,

PhD, қауымдастырылған профессор

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button