Дарындарды шыңдайтын «Шабыт»

Бас қалада бір аптаға созылған «Шабыт» шығармашыл жастардың XXVIII халықаралық фестивалі марапаттау салтанаты және гала-концертпен қорытындыланды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың Мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясы және К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырған байқауға биыл еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден 800-ден астам жас талант қатысты.
«Шабыт» дарынды жастарды қолдауға, олардың кәсіби дамуына жағдай жасауға және халықаралық мәдени байланыстарды кеңейтуге бағытталған елдегі ең ірі шығармашылық алаңдардың біріне айналды. Қазылар алқасының құрамына Қытай, Ресей, Түркия, Италия, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінен келген танымал музыканттар, мәдениет қайраткерлері және сала сарапшылары енді.
Фестиваль аясында қатысушылар байқау кезеңдерінен өтіп, тыңдаулар мен іріктеу кезеңдеріне қатысты, отандық және шетелдік мамандардың дәрістерін тыңдады, шығармашылық зертханаларда жұмыс істеді, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарламаларға қатысты. Осы жолы ұйымдастырушылар қатысушылар үшін арнайы білім беру бағдарламасын ұсынды. Бір апта бойы жас орындаушылар танымал композиторлар мен әртістердің шеберлік сабақтарына қатысып, визуалды өнер саласындағы шығармашылық зертханаларда жұмыс істеді. Мұндай формат оларға танымал шеберлерден тікелей кеңес алып, кәсіби дағдыларын дамытуға бірегей мүмкіндік берді.

Байқауда топ жарғандарды Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, осы фестиваль идеясының авторы, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджанов, т. б. танымал азаматтар марапаттады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 9 аталым бойынша анықталды. Ерекше атап өтерлігі, «Поэзия» аталымында әріптесіміз, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Шапағат Әбдір екінші орынды иеленді. Жалпы фестиваль жүлделері былайша бөлінді:
Камералық хор: гран-при – Татарстан Республикасының Мемлекеттік камералық хоры; І орын – Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хоры; ІІ орын – К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Аралас хор» ұжымы; ІІІ орын – «Алатау» жастар хоры.
Хор дирижері: гран-при – Дәурен Мусин; І орын – Ержан Сансызбай; ІІ орын – Алмат Есімханов; ІІІ орын – Джан Джиан.
Академиялық ән айту және концертмейстерлік шеберлік: гран-при – Фируза Рахметова, Аяжан Шынболат; І орын – Ләйлә Аламанова, Динара Абдрахманова; ІІ орын – Нұрсезім Саматқызы, Нұрсұлтан Омарғазы; ІІІ орын – Бекұлан Ерболатұлы, Досым Ұлтарақов.
Камералық музыка: гран-при – Ақбике Алғи, Ілияс Өзбеков; І орын – Әлия Жақпарова, Жәния Болатова; ІІ орын – Нүркен Ақбергенов, Дияр Бабаев; ІІІ орын – Әсия Нұржігітова, Айя Ғаббасова, Жанар Абдрахманова, Нұрисламбек Жұматов.
Фольклорлық ансамбль: гран-при – «Тарлан» этноансамблі; І орын – «Түркістан» ансамблі; ІІ орын – «Достық сазы» фольклорлық ансамблі; ІІІ орын – «Тарту» фольклорлық ансамблі.
Эстрадалық вокал: гран-при – Moonaisun триосы; І орын – MIYA3 триосы; ІІ орын – Altyn ùn триосы; ІІІ орын – «Эстрада» триосы.
Бейнелеу өнері: І орын – Әлішер Жүргенов; ІІ орын – Людмила Айтуарова; ІІІ орын – Рыстыгүл Көшерова.
Поэзия: гран-при – Дәурен Тілеухан; І орын – Оразай Жеңісұлы, Ділда Уәлибекова; ІІ орын – Еламан Қабділәшім, Шапағат Әбдір; ІІІ орын – Айзада Рахымжанова, Серғазы Қайырболды.
Креатив бағыт: гран-при – Қамза Бөкейхан; І орын – Никита Пивторак, Мәдина Мусина; ІІ орын – Әлия Ерғали; ІІІ орын – Карина Оспанова, Айдана Құлұшпаева, Ақнұр Ахметғали.
ҚАЗЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Қасымхан Бегманов, «Поэзия» аталымы қазылар алқасының төрағасы:
– Бұл фестиваль поэзия әлеміндегі жаңа есімдерді ашып, елдің түкпір-түкпірінен келген жастардың өнерін біріктірген әдеби мерекеге айналды. Байқауға барлығы 63 қолжазба қабылданды. Оның бәрін оқып, іріктеу қазылар алқасы үшін оңай болған жоқ. Дегенмен алдын ала іріктеуден кейін 33 жас ақын Астана қаласында өткен финалдық кезеңге шақырылды. Солардың арасынан қазылар мен ұйымдастырушылар ақылдаса отырып, 11 түрлі аталым бойынша жеңімпаздарды анықтадық. Сосын арнайы жүлденің мәнін, мазмұнын арттыру үшін Исраил Сапарбай, Күләш Ахметова, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов атындағы арнайы жүлделер тағайындадық.
Мақпал Жұмабай, қазылар алқасының мүшесі:
– «Шабыт» фестивалі барысында «Креатив» бағыты аталымына қатысушылардың өнерін, креатив хабтар құру бойынша жұмыстарды сараладық. Жас толқынның арман-мақсатына, білім көкжиегіне куә болу зор тәжірибе ғой. Мүмкіндік туып жатса, осы жастармен жұмыс істеп көремін. Себебі қызықты ойлар туды. Біздің ÓzgeEpic креатив хабы – «Шабыттың» серіктесі. Бірнеше бағыт жұмысы кеңістігімізде өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 30-дан астам жас қаламгер ÓzgeEpic-те қонақ болды.
Өмірәлі Исмаилов, «Бейнелеу өнері» аталымы қазылар алқасының мүшесі:
– «Шабыт» секілді осындай фестиваль міндетті түрде керек. Өйткені жастар талпынысын әрі қарай дамыту маңызды. Әрі қарай мемлекеттің деңгейін бейнелеу өнері саласында белгілі бір дәрежеге жеткізіп, халықаралық деңгейде көрсеткені дұрыс деп ойлаймын. Жалпы биылғы «Шабыт» жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Осы жылы барлық өнер түрі қамтылып, бұрын болмаған аталымдар қосылды. Соның ішінде камералық хор, хор дирижері, концертмейстерлік шеберлік сынды аталымдар ерекше қызығушылық тудырды. Бейнелеу өнеріне келсек, жүлделі орындармен қатар Әбілхан Қастеев, Сабыр Мәмбеев атындағы арнайы жүлделер тағайындалды. Осы тұрғыдан алғанда, фестивальді ұйымдастырған Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Астана қаласының әкімдігіне, қалалық Мәдениет басқармасына ризашылығымды білдіргім келеді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



