Тұлға

Дара зиялы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі үшін Қуаныш Сұлтановты «Отан» орденімен марапаттады. Тәуелсіздікті тұғырлы етуге елеулі үлес қосқан қайраткер ағамызды «Астана ақшамы» оқырмандары атынан мәртебелі марапатымен, мерейлі жасымен құттықтап, шуақты сәттері көп болсын деп тілейміз!

Көпті көрген, өмір сабақтарын түйген, журналистиканың барлық классикалық жанрларында жаза білетін көшелі кісіге «Қуаныш Сұлтанұлы» деген аты-жөн – қашанда біліктілік пен парасат өлшемі. Сондықтан біз бұл жолы көпке үлгі қайраткер тұлғаның өзіміз таныған қасиеттеріне тоқталғанды жөн көрдік.

Оның тағдыры мыңдаған құрдастарының тағдырымен, тау­қы­метімен ұқсас болуы мүмкін. Фашизмге қарсы соғысып, қан майданнан елге жарақаттанып қайт­қан әкесі дүниеден озғанда, ол бар болғаны 12 жаста екен. Естияр ұл әпкесі мен қарындасын, екі інісін жігерлендіру үшін де іштей рухтанады, намысын жанады.

Сол шақта анасының: «Қуантай, әкеңнен қалған баланың үлкенісің…» деген сөзі оқушы Қуаныш­ты бір сәтте-ақ жауапкершілік белесіне көтереді. Балалықпен қош айтысып, саналы өмірге жол тартады. Бұл әке қуатымен, ана сүтімен келген жауапкершілік еді. Оны өлшеу мүмкін емес, тек сезіну керек. Қандай жауапты сәттерде шешім қабылдаса да анасының рухы сабыр­ға шақырады, әруағы перзентінің биіктен көрінуін қалайды. Өмір соқпағының даңғылы болмайтыны белгілі, әркімнің өз сүрлеуі бар.

Қуаныш Сұлтанұлы өз қатарындағы замандастары сияқты барлық мектептен өткен деуге болады. Ауыл шаруашылығы, техника, радиотехника, спорт салалары бо­йынша жиған-терген білімі бір кісіге нан табарлықтай дәрежеде десек, артық айтқандық емес. Ал ұлтымыздың дәстүрі, мәдениеті, ғылымы, әдебиеті, музыкасы өзінің өсу өрісі екенін сезіп, журналистика мамандығын таңдағанда жол сілтеген ұстаздарына құлақ асумен бірге айқын ұстанымын, ізденімпаздығы мен шығармашылық әлеуетін жанына серік еткеніне көзіңіз жетеді. «Қайраткер қасиетін» білгіңіз келсе, оның жастайынан жазған мақалаларын, еліміздің тарихи белестеріне орай шыққан кейінгі жылдардағы кітаптарын оқысаңыз да жеткілікті. Бәрінде «теңіз тамшысы білініп» тұрады. Ал орталық мерзімді басылымдардағы публицистикасы тәуелсіздіктің шежіресін тарқатқандай болса, Елбасы мен басқа да қайраткер, санаткер замандастары туралы жазған эсселері оқырманға ой салумен қабат ізгілікке бөлейді. Парасат пен адамгершілікті, адамзатқа ортақ өзге құндылықтарды бағалауға, асыл қасиеттерді дәріптей білуге, қазақ ұлтының баянды дәстүрін, Қазақстан халқының мыз­ғымас бірлігін қадірлеуге шақырады. Ол маңызды мәселеге қалам тербеп, сырттан ғана бақылап отыратындардың санатынан емес. ­Қуаныш Сұлтанұлы өзінің қызметінен бөлек, барша мәдени шараның – премьера, презентация, көрме, концерт болсын, жастар арасындағы, этносаралық татулық пен ­патриоттық бағыттағы жиындардың, түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар мәжілістерінің бел ортасында жүреді. Мұндай үздік қа­сиет барша мемлекеттік қызметкерге, депутатқа, министрге үлгі-­өнеге деп батыл айта аламыз. Ұлт мәдениеті, ұлт өнері үшін ділімен емес, тілімен ғана күйіп-пісетіндер бұдан сабақ алуы өз алдына, құрығанда бұл олардың қаперінде жүрсе екен деген оймен жазып отырмыз.

Ел байқаған (соның ішінде біз де бармыз) дінімізде аса құрметпен әспеттелетін тағы бір сипаты – келіскен көркем мінезі. Әрине, идеология саласында бұрын-соңды талай лауазымды адамдар болды, қазір де бар, бірақ солардың біразы негізгі миссиясын сезіне алмады немесе сезінбей жүр. Идеологиялық жұмысты бүге-шігесіне дейін білетін Қуаныш Сұлтанұлы Парламентте ғана емес, қарапайым халықтың ортасына да еркін кіріп, ұлтқа ортақ құндылықтарды айтып, талай мәрте көсілгеніне де куә болдық. Қоғамдағы жүйесіздік пен кереғарлықты батыл айтқанын да, түрлі пиғылдағы адамдардың қитұрқы қылықтарын әшкерелеп, соңынан кешіргенін де көрдік. Бұл да кешіре білетін қасиетінен, көпшілікті ұйыта білетін қабілетінен, жайдары көркем мінезінен екені шүбәсіз.

Келешектің келбетіне үнемі сеніммен, үмітпен қарайтын ­Қуаныш Сұлтанұлының тағы бір ерекшелігі – өткенді мансұқтамау, дәстүр жалғастырудағы мираскерлігі. Бардың бағын асырып, өткеннің тағылымын еске салып отыру. Қаламгерлік пен қайраткерлік тізгінін тең ұстап, жаңа дәуірде жақсылықтың ізашары болған ардақтылардың жалғасы, қиын да жауапты кезеңдегі қазақ жастарының жетекшісі, белгілі саясаткер, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Баспасөз және ақпарат министрі, аға әріптесіміз Қуаныш Сұлтанұлы бүгін де зиялылық пен парасаттың төрінде, баянды елдік істің жуан ортасында жүр. Мінез бен қасиетке бай тұлғаның өмір жолы да, шығармашылық еңбегі де – көпке өнеге. Ендеше осы елшілдік қадір-қасиет жұғысты болсын десек, Қуаныш Сұлтанұлының жазған кітаптарын оқумен бірге хас зиялыға ұқсап бағуға тырысалық. Ескінің есті сөзі бар: «Ел мықты болса – ел ағасынан, үй мықты болса – бел ағашынан» деген. Ел сыналар кезде де, бел сыналар кезде де халық арасынан табылып, биліктің беделді сөзін жеткізген, халықтың қабырғалы сөзін өткізген дәнекер ел ағасы Қуаныш Сұлтанұлының ғұмыры ұзақ, жазары көп, батасы баянды болғай деп тіледік.

Дархан МЫҢБАЙ.

(жазба әлеуметтік

желіден алынды)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button