Мәдениет

Даланы күймен тербеткен…

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасындағы Ақселеу Сейдімбек атындағы залда күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова мен белгілі қобызшы, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпованың қатысуымен «Мәңгілік сарын» атты сазды кеш өтті.

Кештің үйлестірушісі және тізгіншісі – «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, өнертану профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай ең алдымен кездесудің мән-маңызына тоқталып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан қоғамының қиын кезеңдерін еске алды. Сол бір тарихи шақта елордамызды Арқа төріне көшіру ісінің қаншалықты жауапты әрі күрделі болғанын, сол уақытта қазақ өнерін насихаттауда үлкен еңбек сіңіргенін тебіреніспен жеткізді.

– Астананың алғашқы жылдары тұрғындарының жартысынан көбі орыс тілінде сөйлейтін. Сол кезде өнер мен мәдениетті өркендету оңай болған жоқ. Соған қарамастан, Анар мен Жанар сияқты өнерпаздар ұлттық рухты, қазақтың күй өнерін дәріптеп, тыңдарман жүрегінен орын алды. Бүгінгі кеш – сол еңбектің, сол рухтың жалғасы, – деді ол.

Кездесу кешінің шымылдығын Анар Мұздаханова Құрманғазының «Ілме» күйімен ашты. Сонымен бірге ол қазақтың қосылмаған ғашықтар тағдырына арналған «Қош аман бол, Ақбикеш» атты Есжанның күйін орындады. Жанар Жүсіпова Қорқыттың мәңгілік сарынға айналған «Ұшардың ұлуы» күйімен кешті жалғастырды. Және Ықыластың «Қоштасу» күйін орындап, әр күйдің тарихы мен шығу аңызы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Сонымен бірге кеш иелері тек дәстүрлі күйлерді ғана емес, өздерінің төл туындыларын да орындады. Солардың арасында Анар Мұздаханованың Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арнаған өз күйі «Оян, қазақ!» пен Жанар Жүсіпованың «Аққу-қаздар», «Тұран» атты шығармалары тыңдарман тарапынан ерекше ықыласқа ие болды.

Сұхбат барысында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов қос күйшіге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді:

– Біз Астанаға 1997 жылдың бірінші сәуірінде келдік. Сол кезде Анар мен Жанар жарқыраған жас өнерпаздар еді. Бүгін олардың өнерін тыңдап, сол жылдар көз алдымнан тізбектеліп өтті. Аристотель «поэзия тарихтан тереңірек» деген екен. Ал егер ол қазақтың күйін тыңдаса, «күй бәрінен де терең» дер еді. Өйткені күй – ұлы даланың шежіресі, – деді ол.

Кеш соңында қатысушылар күй құдіреті мен оның қазақ руханиятындағы маңызы туралы ой бөлісіп, әсерлі кездесуден рухани шабыт алып тарқасты.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button