Бірегей денсаулық ордасы

Астана қаласындағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы – елордадағы 18 жасқа дейінгі балаларға мамандандырылған хирургиялық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым. Мұнда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында кең ауқымды қызмет түрлері ұсынылады.
Аурухана базасында оторинолорингология, нейрохирургия, ортопедия бағыттары бойынша күрделі әрі жоғары технологиялы операциялар жасалады. Мұндай емдеу түрлері мультидисциплинарлық дәрігерлер тобын және заманауи жабдықтар мен инновациялық әдістерді қажет етеді. Құны миллиондаған теңгені құрайтын бұл операциялар балалар үшін тегін.
Мәселен, балаларға есту қабілетін қайтаратын ең озық әдістердің бірі – кохлеарлы имплантация. 2024 жылы ауруханада 108 операция жасалып, құны шамамен 827 миллион теңгені құраған. Ал соңғы 7 ай ішінде 68 ота жасалып, жалпы сомасы 536 миллион теңгеден асты.
Нейрохирургия саласына келсек, бас сүйек жарақаттары, ісіктер мен туа біткен патологияларда қолданылатын арнайы пластиналар арқылы күрделі операциялар жасалады. Бұл оталар аса жоғары дәлдікті, дәрігерлердің бірегей біліктілігін және қымбат жабдықты қажет етеді. 2024 жылы мұнда 39 ота (68 млн теңге), ал 2025 жылдың алғашқы 7 айында 21 ота (38 млн теңге) жасалды. Сондай-ақ ми ісіктерінде нейронавигация мен нейромониторинг әдістері де қолданылады.
2024 жылдың соңында ауруханада жаңа қызмет – жамбас буынын эндопротездеу енгізілді. Алғашқы отаның құны 4,6 млн теңге болды. 2025 жылы да бұл бағыт жалғасын тауып отыр.
«Биыл жамбас буынын алмастыру бойынша 7 операция жасадық. Бұл үшін қор бізге протездер сатып әперді. Ал емнің құнын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтеді. Балалар ортопедиясында ең қымбат бағыт – онкопротездеу, оны Денсаулық сақтау министрлігі қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, құны шамамен 800 мың теңге тұратын микрохирургиялық операциялар да жасаймыз. Жыл соңына дейін тағы үш жамбас буынын ауыстыру отасы жоспарланған» дейді Ортопедия бөлімінің меңгерушісі Ағабек Чикинаев.
Айта кетейік, №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына медициналық көмек беру үшін еліміздің барлық өңірлерінен келген балаларды қабылдайды.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ