Бір батырма – бір қызмет

Таңертеңгілік өмірімізді елестетіп көрейік. Автобус күтіп тұрмыз. Қолымызда – телефон. Бір батырмаға басамыз – жолақы төленді. Тағы бір батырма – балабақша кезегі тексерілді. Үшінші батырма – анықтама жүктелді. Бұрын бір күн кететін шаруалар қазір бір минутқа да жетпейді. Біз байқамайтын, бірақ күн сайын қолданып жүрген осы қарапайым әрекеттер – үлкен бір өзгерістің көрінісі. Ол өзгерістің аты – цифрландыру.
Елімізде 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануы бекер емес. Себебі бұл – жай ғана технологиялық тренд емес, бұл мемлекеттің, қоғамның және әр азаматтың өмір салтын өзгертуге бағытталған кезең. Әсіресе, соңғы жылдары жиі айтылып жүрген «бір батырма – бір қызмет» қағидаты цифрландырудың адамға жақын, түсінікті, нақты бейнесіне айналып келеді.
Бармай-ақ қызметке жүгіну
Бір батырма – бір қызмет дегеніміз не? Бұл – мемлекеттік немесе жеке қызметті алу үшін артық құжат жинамай, ұзын-сонар кезекке тұрмай, делдал іздемей, бір ғана цифрлық әрекет арқылы нәтижеге қол жеткізу. Бүгінде Қазақстанда туу туралы куәлік алу, баланы мектепке тіркеу, жәрдемақы рәсімдеу, емханаға жазылу, айыппұл төлеу сияқты бірнеше қызмет түрлері цифрлық форматқа көшті. Мұның бәрі бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, артында үлкен жүйе, күрделі логика, деректердің үздіксіз қозғалысы жатыр. Алайда кез келген жүйе мінсіз емес. Кейде портал «қатып» қалады, кейде дерек базалары бір-бірімен «сөйлеспей» қалады. Осындай сәттерде менде бір осындай сұрақ туады: «Егер цифрлық қызметтің логикасы әлсіресе, оның орнын жасанды интеллект толтыра ала ма?» IT-салада жасанды интеллектпен жұмыс істейтін маман, цифрлық жүйелерді интеграциялаумен айналысатын инженер Айдос Беков бұл сұраққа былай деп тоқталып өтті.
– Жасанды интеллект цифрландырудың орнына келмейді. Бірақ, оның әлсіз тұстарын күшейте алады. Мысалы, жүйеде логикалық қате болса, AI оны автоматты түрде байқап, қолданушыға балама жол ұсынуы мүмкін. Немесе азаматтың сұрағын нақты формаға салмай-ақ, мәтін арқылы түсініп, қажетті қызметке бағыттай алады, – дейді ол.
Маманның айтуынша, 2026 жылдан бастап цифрлық қызметтер тек «батырма басу» деңгейінде қалмай, диалогқа көше бастайды. Яғни, азамат цифрлы жүйемен сөйлесе алады, ал жүйе оны түсінеді. Бұл – жасанды интеллектінің ең үлкен артықшылығы.
Технология емес, сенім маңызды
Дегенмен цифрландыру тек код пен алгоритмдерден тұрмайды. Ең басты мәселе – сенім. Қарапайым тұрғындар үшін цифрлық қызметтің жұмыс істеуі ғана емес, оның әділдігі мен қауіпсіздігі де маңызды. Астана қаласының тұрғыны Айгүл Сәрсенқызы бұл өзгерістерге оң көзқараста, бірақ күдігі де жоқ емес.
– Қазір көп нәрсе онлайн. Уақыт үнемдейді, ыңғайлы. Бірақ кейде бір қате кетсе, соны түзету үшін бәрібір адам іздейсің. Болашақта жасанды интеллект сол аралықтағы бос кеңістікті толтырса жақсы болар еді, – дейді ол.
Бұл пікір қоғамдағы жалпы көңіл күйді аңғартады. Адамдар цифрландыруды қабылдады, енді одан нақты нәтиже мен тұрақтылық күтеді.
Цифрландырудың келесі сатысы қандай?
Сарапшылардың айтуынша, 2026 жылдан кейін «бір батырма – бір қызмет» қағидаты тағы бір жаңа деңгейге көтеріледі. Қызметтер алдын ала ұсынылады. Мысалы, баланың жасы жеткенде – мектепке тіркеу ескертуі немесе зейнет жасына жақындағанда – қажетті құжаттар тізімінің автоматты түрде келуі. Бұл жерде жасанды интеллект деректерді талдап, азаматтың өмірлік жағдайына бейімделген қызмет ұсынады. Яғни, мемлекет азаматтан бір қадам алда жүреді.
Цифрландыру туралы көбіне мамандар сөйлейді. Бірақ бұл өзгерістердің ішінде өмір сүріп жатқан жастардың көзқарасы да маңызды. Университет студенті ретінде біз бұл процесті сырттан бақылап қана қоймай, оның тікелей қатысушысына айналдық. Біз үшін цифрлық қызмет – таңсық емес, қалыпты жағдай. Бірақ, сонымен бірге біз жүйенің кемшілігін де тез байқаймыз. Сондықтан жасанды интеллекттің енгізілуі бізді керісінше, үміттендіреді. Өйткені AI – дұрыс қолданылса, адамның уақытын, жүйкені, ресурсты үнемдейтін құрал.
Биылғы жыл цифрландырудың жаңа парағын ашпақ. Бұл жыл «бір батырма – бір қызмет» ұғымын «мәдениетке» айналдыруы мүмкін. Ал жасанды интеллект сол мәдениеттің көрінбейтін маңызды тірегіне айналады. Ең бастысы, технология адам үшін жұмыс істеуі керек. Егер осы қағида сақталса, цифрландыру да, жасанды интеллект те қоғамның сеніміне ие болады. Ал сенім бар жерде – даму бар.
Әдемі КӘУКЕН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті



