«Бір әдіс үйретесіз бе»: Серік Сәпиев мектеп оқушыларымен кездесті
Республика күні қарсаңында елордадағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде заманауи инклюзияны қолдау кабинеті ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазіргі таңда аталған мектепте 40 ерекше оқушы білім алып жатыр. Олардың 27-сі педагог-ассистенттің көмегімен, 13-і өздері келіп оқиды.
Салтанатты іс-шараға боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те қатысты.
Сонымен қатар даңқты боксшы №37 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесті.
Кездесу барысында Серік Сәпиевке мектеп оқушылары тарапынан «Нағыз спортшы қандай болуы керек? Жетістікке қалай жетуге болады? Жеңілісті қалай қабылдап, соның эмоциясынан қалай шығуға болады? Бір әдіс үйретесіз бе?» деген сарындағы көптеген сұрақ қойылды.
«Батыл болыңдар, өздеріңе сенімді болыңдар, алғашқы қадамдарыңды бастауда қорықпаңдар. Бірақ әр қадамдарыңды ел игілігіне арнаңдар», – деді Серік Сәпиев оқушыларға.
Ерекше әсерге бөленген оқушылар кездесуден соң спортшымен естелік фотосуретке түсті.