Бейнеролик байқауы өтті

Астана қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған бейнеролик байқауы мәресіне жетті. Осыған байланысты байқау қорытындыланып, жеңімпаздарға жүлделер тапсырылды.
Аталмыш байқауды Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен мұражайлар дирекциясы Instagram желісінде жариялаған еді. Оған оннан астам шығармашылық жұмыс келіп түсті. Байқау комиссиясы әр жұмысты мұқият саралап, Абай өлеңдерінің мәнін терең ашқан үздік бейнероликтерді іріктеді.
Қорытынды кеш Ұлттық өнер музейінің концерт залында өтті. Конкурсқа Астанадан ғана емес, Теміртау, Қарағанды қалаларынан да қатысушылар мен көрермендер арнайы келіп, марапаттау рәсіміне қатысты. Іс-шараға Астана қаласы Байқоңыр аудандық ардагерлер кеңесінің ұжымы да куә болды.
Бас жүлде ретінде Абай Құнанбайұлының өзі ұстаған домбыраның көшірмесі Koktal Junior Hall ұжымына табыс етілді. Өзге қатысушыларға музей шеберлері жасаған сазсырнайлар сыйға тартылды.
Кеш барысында «Жошы» этно-фольклорлық тобы өнер көрсетіп, өнерпаз-шебер Азамат Бақия лекция-концерт өткізді. Кеште қазақтың көптеген ұлттық аспабы таныстырылып, ұлттық әуендер әуеледі.
Іс-шара кезінде Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен мұражайлар дирекциясы қызметкерлеріне Ұлттық өнер музейінің алдын ала таныстырылымы да өтті. Жақында ашылатын жаңа мәдени кеңістік ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға бағытталған. Ресми ашылудан кейін музей қала тұрғындары мен қонақтарына есігін айқара ашады.
Қабиден Қуанышбай