Мәдениет

Баспасөзге жазылу басталды

«Қазпошта» акционерлік қоғамының астаналық филиалында мерзімді басылымдарға жазылу науқанының басталуына орай «Баспасөзге жазылушылар күні» іс-шарасы өтті.

Республикалық және өңірлік газет-журналдардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ оқырмандар қатысқан іс-шараны ашқан «Қазпошта» АҚ астаналық филиалы директорының орынбасары Аслан Масекеев пошта қызметі мен мерзімді баспасөз редакциялары арасындағы кәсіби әріптестіктің маңызын атап өтіп, алдағы уақытта да өзара байланыс жалғасын таба беретініне сенім білдірді.

Астаналық поштаның кең залында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Литер», «Тurkistan», «Astana aqshamy», «Вечерняя Астана» газеттері мен «National Geographic Qazaqstan» журналының арнайы сөрелері ұйымдастырылып, баспасөз өнімдері жұрт назарына ұсынылды.

Мерекелік жиын барысында редакция өкілдері мерзімді басылымдардың күнделікті қабылдануын, сұрыпталуын және жеткізілуін қамтамасыз етіп жүрген үздік пошта қызметкерлеріне алғыс білдіріп, сый-сияпат тапсырды.

«Elorda Aqparat» медиасеріктес­тігі атынан пошта тасушы Күлкен Мұхамедина марапатқа ие болды.

«Баспасөзге жазылушылар күні мерекесіне жылда қатысамын. «Astana aqshamy» газетінің тұрақты оқырманымын. Елордадағы барлық жаңалықты осы басылымнан оқимын. Биыл бұл газетке 35 жыл толып отыр. Міндетті түрде жазыламын және қала тұрғындарын төл газетімізді қолдап, екінші жартыжылдыққа жазылуға шақырамын» дейді мерекелік іс-шараға келген байырғы оқырманның бірі Бауыржан Қасен.

Сонымен, газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. «Astana aqshamy» газетіне жазылу «Астана пошта» мекемесінде және редакцияда жүргізіледі.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button