Баспасөз қара нарының қаламгерлік қазынасы

Кеше елордада Ұлттық баспасөз күніне орай Ұлттық архив пен «Қазақ газеттері» серіктестігі бірлесіп өткізген «Шерхан Мұртазаның қаламгерлік қазынасы» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында аталған мекемеде көрнекті қаламгердің жеке қоры ашылды.
Іс-шара барысында Шерхан Мұртазаның жеке қорынан алынған құжаттар, қолжазбалар, сирек фотосуреттер мен кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, қазақ баспасөзі мен ұлттық журналистиканың қалыптасуындағы айрықша орны, азаматтық ұстанымы, қоғамдық ойға қосқан үлесі туралы айтылды.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы алдымен Ұлттық баспасөз күнінің мән-маңызына тоқталып, оның бастауы «Қазақ» газетінде жатқанын, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш қайраткерлері ел деңгейін көтеру, ел бірлігін арттыру үшін ағарту бағытындағы үлкен кешенді жұмыстарды баспасөз арқылы жүргізгенін атап өтті. Бірнеше жыл бұрын 2 ақпан Үкімет қаулысымен Ұлттық баспасөз күні ретінде бекітілгенін еске салды.
Қазақ баспасөзінің қара нары Шерхан Мұртазаның жеке қорын ашу дәл осы күнге сәйкес келгені бекер емес екенін айтып, бірнеше ай бұрын «Қазақ газеттері» серіктестігі қаламгер мұрасын Ұлттық архивке тапсырғанын, мұның бас-аяғы 6 мың парақтан асатынын жеткізді. Бұл материалдардың барлығын архив мамандары жазулары жойылмайтындай, қағазы тозбайтындай қалыпқа келтірді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли министр Аида Балаеваның лебізін жеткізді. Онда министр Ұлттық баспасөз күнімен құттықтай келе, Шерхан Мұртаза қазақтың болмыс-бітімін көркем сөзбен кестелеген қайраткер ретінде елдік мүддені бәрінен биік қойғаны, журналистиканы ұлтқа қызмет етудің жолы деп білгені айтылған.
«Шерхан Мұртазаның қазақ баспасөзіндегі қалыптастырған мектебі, редактор ретіндегі талапшылдығы, еңбекқорлығы тұтас бір буынның кәсіби әрі азаматтық тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Ол тек қана жазушы емес, ел тағдыры сынға түскен сәттерде сөзін тайсалмай айтқан мемлекетшіл қаламгер, Парламент мінберінен ұлт мүддесін қорғап, адалдықты ту етті» делінген министрдің лебізінде.
Белгілі қаламгер, әдебиеттанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов Ұлттық баспасөз күніне тар аяда емес, кең ауқымда мән беру керектігіне назар аударып, бұған ұлттық биіктен қарау қажеттігін атап өтті. Шерхан Мұртазаның Асқар Сүлейменовтің түрткі болуымен жазылған «Сталинге хат» атты пьесасы театрда қойылғанда, соны тамашалаған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин қазақтың оңай ұлт емес екенін түсінгенін жеткізді.
«Ол сахнада Сталин мен Голощекин тұрғанмен, санада Горбачев пен Колбин тұрғанын түсінді. Соған байланысты Шерхан Мұртазаның Райымбек Сейітметов туралы мақаласы бар. Сонда «Меніңше, Колбин бұл халықпен ойнауға болмайтынын түсінді» деген жолдар кездеседі. Міне, осы бір оқиға Шерхан Мұртазаның қазақтың егемендігін, қазақтың тәуелсіздігін нақты жақындатқан адам деп сипаттауға болатын мысал деп ойлаймын» деген Сауытбек Абдрахманов шерхантануда Шерхан Мұртазаның редакторлық қызметін, қазақ баспасөзіндегі орнын, таралымды 200 мыңнан асырып, бағын жандырған редакторлығын зерттеу нысанына айналдыру керектігіне назар аударды.
Қатысушылар шағын бейнежазба арқылы Шерхан Мұртазаның асыл бейнесімен қауышып, Ұлттық архивтің қаламгердің жеке қорын қалпына келтіру жұмысымен қанықты. Белгілі ақын, журналист, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Шерхан Мұртазадай қаламгер ғасырда бір туатынын, сондықтан оның мұрасын Ұлттық архивке өткізу арқылы үлкен жұмыс жасалғанын атап өтті.
Бір топ белгілі журналистика ардагерлері, бүгінгі журналистер Шерханның шекпенінен шығып, оның үлгі-өнегесін көрді. Соларға сөз берілгенде танымал қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарылқап Бейсенбайұлы университетті жаңа бітіргенде «Лениншіл жас» газетіне Шерхан Мұртазаның қарамағына жұмысқа келгенін, жастар басылымының жарқырап, халықтық газетке айналуы Шерханның кезінде басталғанын айтты. Шерхан Мұртаза Атыраудан Фариза Оңғарсынованы, оңтүстіктен Мұхтар Шахановты, Арқадан Ақселеу Сейдімбекті, шығыстан Оралхан Бөкейді алдырғанын, сол уақытта бұл басылымда Әбіш Кекілбайұлы, Жұмекен Нәжімеденов сынды таланттар жұмыс істегенін жеткізді. Жалпы Шерхан Мұртаза қай басылымды басқарса да, жарқыратқанын атап өтті.
Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов Шерхан Мұртаза туралы естеліктерді сөйлете келе, көрнекті жазушы Сайын Мұратбековке Мемлекеттік сыйлық Шерханның ықпалымен керек уақытында берілгенін жеткізді. Редактор ретіндегі қызметі таңғалдырғанын айта келе, Парламент мінберінен сөйлеген отты сөздерін еске алды.
Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова қаламгердің жеке қоры Ұлттық архивке алынғаны туралы сертификатты «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлына тапсырды. Алдағы уақытта Шерхан Мұртазаның мұрасын цифрландыру жүргізілетінін жеткізді.
«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр Шерхан Мұртазаның жеке қорының ашылуы Ұлттық баспасөз күнімен сәйкес келгені тегін еместігін, бір ғасыр бұрын Алаш ардақтылары баспасөзді ұлтты оятуға пайдаланса, Шерхан Мұртаза кешегі тоталитарлық заманда ұлттың ұнжырғасының түсіп кетпеуіне, езіліп кетпеуіне қызмет етіп, ұлы миссия орындағанын атап өтті. Жеке қорының Ұлттық архивке алынғанының үлкен мәніне тоқталып, Шерхан Мұртаза 1999 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдан Астанаға көшін бастап келгенін, қаламгер депутат болғанда жалпы елордада 10 жылдай тұрғанын, осында тұрған бір үйіне ескерткіш-тақта орнатылғанын айта келе, редакторлық қырын зерттеу керектігіне тоқталды.
Белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Елшібек Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстан» газетінде бас редактор болғанда басылым атауын «Егемен Қазақстан» деп өзгерткенін, оған дейін газеттің шекесінде орысша жазылып жүрген ай атауларын қазақшалағанын атап өтті.
Ардагер журналист Оңдасын Елубай «Социалистік Қазақстан» газетіне меншікті тілші ретінде Шерхан Мұртазаның бас редактор тұсында келгенін айта келе, Зайсан өңірінде үлкен жер сілкінісі орын алғанда, басылым басшысы жанашырлықпен қарағанын, соған байланысты бірнеше тапсырма бергенін айтты.
Журналист-жазушы Ақайдар Ысымұлы Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстан» газетінің басшылығына сол басылым қызметкерлерінің қалауымен келгенін жеткізді. Сол уақытта басшылыққа үміткер ретінде Шерхан Мұртаза мен Сарбас Ақтаев есімдері аталғанын, ақыры таңдау алғашқысына түскенін атап өтті. Белгілі қаламгер Шархан Қазығұл Шерхан Мұртазаның қарамағында жұмыс істеу өзіне арман күйінде қалғанын айта келе, жеке қорының Ұлттық архивте ашылуына тілектестік білдірді. Тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұлов туралы «Қызыл жебе» романын жазып жүргенде бірнеше мәрте Моңғолияға барғанын, оны ғалым түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлынан естігенін атап өтті. Белгілі ғалым Қайрат Сақ шерхантану жұмыстары бірнеше жыл бұрын қолға алынғанын жеткізе келе, баспасөз тарихы туралы сөз сабақтады. «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан Жетісу өңіріндегі бірқатар ұлттық мәселелер Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстан» газетінде бас редактор кезінде басылып, оңынан шешілгенін еске алды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



