Бас қалада жас көшбасшылар жиналды

Астанада «KOSEM-2025» атты көшбасшылар форумы өтті. Ауқымды іс-шараға 500-ден астам қатысушы мен 85 білім беру ұйымының оқушылары мен екі колледждің студенттері жиналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жас көшбасшылар, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен студенттік ұйымдардың мүшелері бас қосқан форум жастар алдында тұрған заманауи сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерді талқылайтын бірегей алаңға айналды.
Форум барысында көшбасшылық, ESG, тұрақты даму және волонтерлік мәселелері сөз болды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өзекті болып отырған саналы кәсіби таңдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жиында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Исабекова мазмұнды баяндама жасап, жастар арасындағы кәсіби бағдар жұмысының маңыздылығын атап өтті.
– 2024 жылы кәсіби бағдар жұмысы аясында Кәсіпкерлер Палатасы мен «Қалалық туризмді дамыту орталығы» ЗТБ елорда кәсіпорындарына кәсіби бағдарлық экскурсиялар ұйымдастырды. 12 мыңнан астам мектеп оқушылары мен колледж студенттері Астана қаласының 50-ге жуық кәсіпорнында болды, – деді А.Исабекова.
Кәсіпорындардағы экскурсиялар барысында оқушылар мекеме жұмысымен танысып, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар туралы түсінік алды. Мұндай формат жастарға өз болашағы туралы саналы әрі негізделген шешім қабылдауға көмектеседі. Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы жастарға ақпарат пен тәжірибе алуға жағдай жасап, болашақ кадрлық әлеуетті қалыптастыру ісіне белсенді атсалысып келеді.