ӘлеуметБасты ақпаратҚоғамСаясат

Банк саласы қалай жаңғырады?

2026 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банк қызметі және финнарықты реттеу туралы заңға қол қойды. Сол күннен бастап 30 жыл бойы өзгеріссіз қалып келген маңызды құжат жаңарды. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік жылдарында еліміздегі банктердің басына қара бұлт үйіріліп, қандай да бір қауіп пайда болғанда, мемлекет қазынадан бума-бума ақша бөліп, қиындықтан шығарып алатын.

Жаңа заңда мұндай тетік жоқ. Банктің жұмысы дұрыс жолға қойылмаса, ең алдымен оның акционерлері (сол банк қожайындары) қаржылық институтты басқару құқығынан айрылады. Әлсіз басшы орнынан алынып, жаңа басшы тағайындалады.

Екіншіден, қандай дағдарыс келсе де, банктерге дивиденд, бонус деген нәрселер берілмейді. Оның орнына банк басшылығы қиыншылықтан шығудың жолдарын қарастырып, жоспар құрады, ұжым болып соны толық іске асырады. Алда-жалда ол жоспардан ешқандай нәтиже шықпаса, мемлекет тарапынан қарыз ақшалай көмек беріледі. Бірақ ол бұрынғыдай миллиондаған қаражат емес, белгілі бір көлемдегі аз ақша. Қайтару мерзімі – қысқа. Банк хал-ахуалын түзетіп алғаннан кейін, сол қарызды қайтарады. Ал бұған дейін мемлекеттен (дұрысы халықтың қазынасынан) қыруар қаржы алып, оны берешек болса да әлі күнге дейін қайтармай жүрген банктер жетерлік.

Жыл басынан бері заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттен қаржылай көмек алған банктерге қойылатын талаптар күшейтілді. Қаржы нарығын реттеу агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, бұдан былай мұндай банктер акционерлеріне дивиденд төлемес бұрын, ең алдымен сол соманың кемінде 66 пайызын мемлекетке қайтаруы тиіс. Бұрын бұл көрсеткіш 10 пайыздан басталып, 66 пайызға дейін баратын. Акцияларды кері сатып алу кезінде де дәл осындай талап қойылады. Яғни, банк алдымен мемлекет алдындағы берешегін өтеуі керек. Әйтпесе, ешқандай акцияларды сатып алуға құқығы болмайды. Сондай-ақ банктің ірі акционерлері немесе жаңа иелері мемлекеттен алынған қаражатты қалай қайтаратыны туралы нақты жоспары бар келісімге қол қоюға міндетті.

Жаңа заңдағы айтулы жаңалықтың бірі – банк құпиясы деген сөз бұдан былай қолданылмайды. Банктерге қатысты барлық ақпарат ашық, қолжетімді болмақ. Мұны талап ететін норма да заңға енгізілді. Сондай-ақ онлайн несие алу да қиындайды. Қарыз алатын әрбір азамат банкке өзі барып, барлық құжатқа қол қоюы тиіс. Сонымен қатар, бұдан былай банктер әмбебап және базалық болып екіге бөлінеді. Алғашқысы – үлкен, екіншісі – шағын. Лицензия алу қиын болмайды. Тек сонда ғана бәсеке күшеймек.

Жаңа заңда банк қызметін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады. Жасырын комиссия құру, тұтынушыны алдау, мәжбүрлеу деген мүлдем болмайды. Арнайы омбудсмен кеңсесі жұмыс істейді. Тағы бір жаңалық, исламдық банкинг үшін арнайы банк ашудың қажеті жоқ. Кез келген банк арнайы бөлімше аша алады. Соңғы жылдары елімізде ислам банкингі қызметінің қарқын алғанын көріп отырмыз. Отандық банктер бұдан былай триллиондаған қаражаты бар адамдарға пайыздық үстеме аудармайды. Бұған дейін банктер үшін тегін ресурс болып келген қаржы енді көзден бұл-бұл ұшары анық. Қаржыгер Ғалым Хусаиновтың пікірінше, бұл банк саласындағы тәртіпті нығайтады. «Бұрын бизнес пен жекелеген азаматтардың ағымдағы шоттарында жатқан ақша банктер үшін тегін ресурс болып келді. Жаңа заң оған тыйым салады. Ұлттық банк басқа банктерге 17 пайыздық мөлшерлемемен қаражат аударып, сол арқылы жылына 6 трлн теңге бөлек табыс табуына қолайлы жағдай туғызып келді. Алдағы уақытта мұндай тегін ақшадан банктер үміттене алмайды» деп жазды ол өзінің телеграмдағы парақшасында.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес­ке берілетін несиелердің үлесі тұрақты түрде төмен 38 пайыз деңгейінде қалып отырғанын,  банктер тек 2025 жылдың өзінде-ақ еш қиналмай шамамен 3 трлн теңге табыс тапқанын айтты. Осы алқалы жиында Президент жаңа инвестиция­лық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты екенін мәлімдеді. «Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Небары 38 пайызды құрайды. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты. Банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет дегенді талай рет айтылды. Бірақ сылтау таусылмайды. Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды. Қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс. Демек экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту» деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Банк саласына қатысты әр адам білуге тиіс жаңалықтың бірі  — мобильді аударымдар мен QR-төлемдер біріктіріледі. Осылайша, елдегі екінші деңгейлі банктер бірыңғай жүйеге қосылады. Ұлттық банк ресми түрде таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құқықтық мәртебесі бекітілген. Енді кез келген банк тұтынушысы басқа банкке оңай ақша аудара алады. Сондай-ақ бір QR-код арқылы төлем жасауға да жол ашылады. Бұдан бөлек, цифрлық теңге заңды төлем құралы ретінде қолданыла бастайды. Сандық ақшаны тек Ұлттық банк шығарады. Ал азаматтар оны банктер арқылы пайдаланады. Бұл технология мемлекеттік қаржының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді дейді сала мамандары.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button