Балаларға жайлылық қажет

Астана қаласы мәслихатының депутаттары екі күн бойы Есіл өзенінің оң жағалауындағы тұрғын алаптарда орналасқан 10-нан астам балабақшаны аралады. Осылайша, депутаттардың мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінің жағдайына мониторинг жүргізу жұмысы жалғасты. Бұл туралы мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Сәл шегініс жасасақ, бұған дейін қалалық мәслихат депутаттары ескі мектептер мен балабақшаларды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға қаржы бөлу туралы шешімді қолдаған болатын. Аталған бағдарлама ғимараттарды жаңартумен қатар, балалар үшін барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған. Жұмыстың нәтижелері қазірдің өзінде байқалып отыр. Көптеген мекемелерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді: терезелер мен есіктер ауыстырылды, қасбеттер, шатыр, жылыту және жарықтандыру жүйелері жаңартылды. Кейбір балабақшаларда жаңа ойын жабдықтары орнатылып, заманауи оқу құралдары мен жиһаздар сатып алынды» деп түсіндірді мәслихат төрағасы.