Басты ақпаратМәселе

Атыңды түзе, алты Алаш!

Айналамызда пайғамбарлардың есімін алып, шайтанның ісін жасап жүретін адамдар аз емес. «Жомарт» деген ат қойғанмен, өзі сараң қаншама адам бар. Сондықтан әр адам өз атына сай болуы тиіс. Өйткені әр нәрсенің өз есімі бар және ол соған лайық болуы керек. Тіпті адам денесіндегі мүшелердің де әрқайсысының өз қызметін білдіретін атауы бар емес пе?! Мысалы, «асқазан» дейміз, одан «ас», «қазан» сияқты тамақ жеуге байланысты ұғымдар шығып тұр. Демек, адамның аты да оның болмысына, ішкі мазмұнына сай болғаны жөн.

Ұлттық есім – ұлттық рухтың айнасы

«Балаға есім беру – үлкен жауапкершілік және мәдениет, ұлттық бірегейлікке тікелей қатысы бар дүние. Бүгінгі таңда заман ағымына орай ат қоюдың небір үлгісін көріп жүрміз. Тіпті сорақылары да кездеседі. Кезінде елімізде өткен халық­аралық іс-шараға байланыстырып Бәйдібэкспо, Азиада, Саммит, Конгресс деп балаларына есім бергендерді де көрдік. Одан қалса, Әйгерім дегенді «Айгерима», Анарды «Анара», Айшаны «Аиша» деп тілге де, ділге де соққы жасап жатқандар аз емес. Оның сыртында ресми құжаттарда есім-сойды жазудың бірізділігі және жоқ» дейді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.

Ол қазіргі таңда қоғамда азаматтардың аты, әкесінің аты мен тегі түрліше жазылып жүргеніне тоқталды.

«Бұл құжат айналымында, деректер базасында және халық­аралық деңгейдегі сәйкестендіру жүйесінде елеулі қиындық туғызуда. Мәселен, бір адамның тегі құжаттарда: «Токтасынов» деп орысша үлгіде,«Тоқтасынұлы» деп қазақша немесе «Toktassyn» деп латынша беріліп жатады. Мұндай алшақтық ұлттық бірізділікке нұқсан келтіреді. Сондықтан ҚР азаматтарының аты-жөнін жазудың бірыңғай ережесін нақты бекітіп, оны заңнамалық және ақпараттық жүйеде біртұтас стандарт ретінде енгізу қажет. Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай қадам жасалды: ҚР Үкіметінің 2023 жылғы қау­лысымен «ҚР азаматтарының аты, әкесінің аты мен тегін жазу ережелері» жаңартылды; қазақ есімдерінің төл дыбыстық ерекшеліктерін сақтау, әкесінің атын «ұлы», «қызы» формасымен жазу мүмкіндігі туды; азаматтарға өз есімін ұлттық нормаға сай түзету құқығы берілді. Дегенмен бұл нормаларды цифрлық жүйелермен, дерекқорлармен және халықаралық жазылым стандарттарымен үйлестіру әлі де өзекті мәселе болып отыр» дейді Жанарбек Әшімжан.

Бізде қай есім көп?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қыз балалар арасында ең жиі қойылған есім – Айлин, оны 4746 сәбиге берген. Екінші орында – Асылым (3844 бала). Үшінші орында – Медина (3561 бала). Айша есімі де (2977 бала) қыз балалар арасында кең таралған. Бұдан кейін Томирис (2595 бала) есімі жиі қойылған. Сонымен қатар Мариям (2345 бала) мен Сағфия (2333 бала) есімдері жиі кездеседі, бұлардың екеуі де ислам тарихында қадірлі әйел тұлғалардың есімдері. Аяла (2211 бала) есімі де қыз балаларға жиі қойылған. Ал ұл балалар арасында ең танымал есімдердің бірі – Мұхаммед (2229 бала). Бір қуанарлығы, ең танымал ұл есімдердің қатарында Алихан да бар, ол 2112 балаға қойылған. Осы деректерден байқағанымыз, қазіргі қазақ қоғамында дәстүр мен заманауи үрдіс қатар өріліп келеді.

Есімінен қай ұлт екені көрінуі тиіс

Қазақ халқы қашанда ат қою ісіне ерекше мән берген. Себебі ата-ана баласына есім бергенде өз арманы мен тілегін сол есімге сыйғызады. Қазақ үшін ат – жай ғана таңба емес, сондай болса екен деген адамның ішіндегі ниеті, үміті, тілегі. Осындай ырымшылдығынан болар, қазақ баласына ат қойған кезде ырымдап, ішкі арманын есімге енгізіп жатады. Мысалы, қызы көп, ұлы жоқ адамдар келесі бала ұл болсын деген ниетпен қыздарының атын «Жаңылсын», «Ұлболсын» деп қояды. Ал соңы тоқтап қалмасын, жалғассын деген тілекпен «Жалғас», «Ержан» сияқты аттар жиі кездескен. Мұның бәрі – халқымыздың дүниетанымы мен өмірге көзқарасының айғағы. Тарихқа қарасақ, жаугершілік заманда ата-аналар «балам батыр болсын» деген ниетпен өз баласына елге белгілі батырлардың атын қойған. Кейде ол батырлар да ырымдап сол сәбиге өз атын өзі берген мысалдар аз емес. Мұның бәрі – қарапайым болғанымен, ұлт рухы діңінің мықтылығына саятын дүниелер.

– Адамның есімі аталса, қай ұлттың өкілі екенін бірден білеміз. Мәселен, Сергей, Иван десе – славян ұлтының өкілі. Әлбетте, халқымызда араб, парсы тілінен енген есімдер көп. Олар тіпті қазақыланып кеткен. Дегенмен ұлтымыздың болашағын ойласақ, ұлт мүддесін биік қойып, ұрпағымызға қазақша ат қойғанымыз дұрыс. Әр ұлт өзге ұлттардан өзіндік ерекшелігімен, төл тарихымен, ұлттық мәдениетімен дараланып тұруға тиіс. Жаратқанның өзі бізді ұлттар мен ұлыстарға бөлген. Сондықтан ұрпағымыз­ға мағынасы терең, тәрбиелік мәні зор қазақ есімдерін қойған абзал, – дейді этнолог, тарихшы Тұрар Сәттарқызы.

Былай қарасаңыз, қазақтың бұрынғы аттары көбіне туған күнге, жерге, ырым-жырымға байланысты болған. Сондықтан оның есімін естігенде белгілі бір мағына беріп тұратын. Ат қоюда халықтың бастан өткеріп жатқан кезеңдері, қоғамдық оқиғалар мен жағдайлар да ескерілген. Мысалы, ислам діні келмей тұрып қазақ арасында Ибраһим, Жүсіп, Мұхаммед сияқ­ты есімдер кездеспеген. Ислам діні енгеннен кейін қазақтың ат қоюдағы түсінігі де өзгерді. Бұл, әрине, сенімге байланыс­ты құбылыс болатын. Себебі дін халықтың рухани өміріне, дүниетанымына тікелей әсер етті. Мысалы, ұлы Абайдың әулетіне қарасақ, Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай болып келіп, Ибраһим деп жалғасады. Бұл да сол ислам діні ықпалының айғағы. Демек, есім арқылы халықтың дүниетаным бағыты мен сенім жүйесінің өзгерісін байқауға болады.

– Бүгінде халық арасында қазақы пайым-түсінігіміз бен ұлттық ерекшелігімізге жат нәрсе белең алып барады. Қазақ болудан арланып, баласына арабша ат қоятындар көбейіп кетті. Балаларға ат қоюдың ұлттық сипаты жоғалып барады. Қазаққа тән емес, сериалдардың кейіпкерлері, шетелдік жұлдыздардың мағынасы түсініксіз есімдерін қоюға құмар болдық. Мәселен, Жасмин әже, Адель әже деген есімдер адам қартайған кезде қалай естіледі?! Бір кездері сән болған Индира, Эльмира, Эльвира деген апалардың бүгінде есімін қазақшалап атап жүргенін көріп жүрміз. Қазақтың әп-әдемі есімдеріне «а», «я» әріптерін жалғап айту сәнге айналып, қалыптасып бара жатқан сыңайлы, – дейді Т.Сәттарқызы.

P.S: Тарихқа назар аударсақ, қазақ ұлттық мәселелердің бәрінде де есімге аса назар аударған. Бұған жеңіске жеткенде немесе соғыс майданында белгілі батырлардың атын атап, ұран салу арқылы өз рухын көтеріп отыруы дәлел бола алады. Міне, мұның өзінен-ақ адамның аты мен рухының байланысты екенін аңғарамыз. Сондықтан қазақ есімі жай ғана атау емес, ол – ұлттың мәдениеті мен рухани тарихының айнасы.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button