Астананың спорт жұлдыздары

Астана қаласының спортшылары халықаралық жарыстарға ең көп баратын ТОП-3 өңірге кіреді. Жыл соңында Elordainfo.kz сайты осы жылдың елордалық үздік спортшыларын назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.
1️. Ақмарал Ерекешева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи алтын медаль жеңіп алды
Маусым айында көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Болгариядағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева 3 жаттығуда сынға түсіп, 2 алтын, 1 күміс медаль иеленеді.
2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жаһандық додада бұған дейінгі ең жоғарғы көрсеткіш Эльжана Таниеваға (4-орын) тиесілі болған еді.
Бұдан бөлек, бапкер Меруерт Балғынбаеваның шәкірттері Сингапурдегі Азия чемпионатында топтық жаттығуда чемпион атанды.
2️. Санжар Тәшкенбай екі дүркін әлем чемпионы
2025 жылы өткен әлем чемпионаттарының қорытындысы бойынша Астана қаласы 2 алтын жүлдені еншіледі. Қос медаль да боксқа тиесілі.
50 келідегі Санжар Тәшкенбай Ливерпуль (Англия) төрінде қарсылас шақ келтірмей, ел тарихында екі дүркін әлем чемпионы атанған 5 спортшының қатарына кірді.
Аса ауыр салмаққа ауысқан Айбек Оралбай финалдық жекпе-жекте Өзбекстан өкілін жеңгенінің арқасында Қазақстан құрамасы Ливерпульдегі (Англия) әлем чемпионатының жалпы есебінде (68 ел) топ жарды. Сондай-ақ елордалық егіз спортшыларымыздың екеуі де әлем чемпионы атанып, отандық бокс тарихына енді.
- Шорт-тректен әлем кубогында Богдан Вехов топ жарды
Шорт-тректен жасөспірімдер арасында Астанада алғаш рет өткен әлем кубогының кезеңінде 17 жастағы спортшымыз керемет нәтиже көрсетті.
Ол 1000 және 1500 метр қашықтықта чемпион атанып, тарихи алтын медальді жеңіп алды.
4️. Грек-рим күресіндегі жаңа есім
Грек-рим күресінен 72 келіде белдесетін 22 жастағы Мерей Мәулетқанов ел ішінде Қазақстан кубогы мен Қазақстан чемпионатында алтын медальді мойнына тақты. Осы жетістіктерінің арқасында спортшы әлем чемпионаттарына қатысуға мүмкіндік алды.
Қыркүйек айында Мерей Загребте (Хорватия) өткен жаһандық додада жүлдеге бір қадам жетпей, 5-орынға тұрақтады. Әйтсе де ол жарыс жолында әлем чемпионы Али Арслан (Сербия), Токио және Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Парвиз Насибов (Украина) сынды фавориттерді ұтып, сенсация жасады.
Ал қазан айында Нови-Садта (Сербия) ұйымдастырылған 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
5️. Шайбалы хоккейден «Астана» клубының сенсациялық жеңісі
Шайбалы хоккейден Jastar hokei lygasy-ның 2024/2025 жылғы маусымында «Астана» командасы күтпеген жерден топ жарды.
Еліміздегі 13 хоккей клубының қатысуымен өткен Jastar hokei lygasy «Астана» клубы өз тарихында алғаш рет топ жарды. Чемпионатта 7-орын алған елордалықтар плей-оффта бірден мықтыларға тап болды. Олар ширек финалда абсолютті чемпион саналған «Барысты», жартылай финалда былтырғы қола жүлдегер «Торпедо» және финалда тәжірибелі ойыншылардан жасақталған «Ақтөбені» жеңіп кетті. 2020 жылдан бері 1/4 финалдан аса алмаған елордалықтардың бұл көрсеткішін көпшілік күтпегені анық.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ



