Қала мен сала

Астананың көше-жол желісі бір жылда қалай өзгерді?

Астанада көше-жол желісін салу және қайта жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. 2025 жылы қалада 14 шақырым жаңа жол салынып, 60 шақырым жол жөндеуден өтті. Нәтижесінде көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 1091 шақырымға жетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Биыл сегіз жолақты Айтматов көшесінің ашылуы Тұран даңғылындағы көлік қозғалысын 12 пайызға азайтып, қаланың солтүстік-батыс бөлігінде көлік ағынын ретке келтірді.
Сондай-ақ Қ.Қайсенов көшесінің Ұлы Дала даңғылынан Бұқар жырау көшесіне дейінгі бөлігінде қозғалыс ашылды. Бұл аумақта бағдаршамдар орнатылып, абаттандыру, жарықтандыру және жол белгілерін қою жұмысы жүргізілді.
Бұқар жырау көшесінің Әл-Фараби даңғылынан Жошыхан көшесіне дейінгі бөлігінде жаңғырту жұмысы толық аяқталды.
Құрылыс, жарықтандыру және жол инфрақұрылымын жаңарту нәтижесінде аталған учаске заманауи әрі қолайлы келбетке ие болды.
Д. Қонаев көшесінде Тұран даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы қайта жанданды.
Нысанның жерүсті бөлігінде негізгі құрылыс жұмысы аяқталып, жаңа жол жамылғысы төселді, жолақтар сызылып, барлық қажетті жол белгісі орнатылды.
А62 көшесінің Астана-Қарағанды тасжолынан А91 көшесіне дейінгі бөлігінде жұмыс аяқталып, жолдың толық ені бойынша қозғалыс қамтамасыз етілді.
Қ.Мұхамедханов көшесінің Ш.Айтматов көшесінен Қорғалжын тасжолына дейінгі жаңа бөлігінде де көлік қозғалысы ашылды. Абаттандыру жұмысы әлі жалғасады.
Сонымен қатар биыл Күйші Дина көшесінің М.Жұмабаев көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі бөлігінің құрылысы аяқталды. Жоба аясында жол төсемі салынып, жарықтандыру орнатылды, автотұрақтар жасалып, қозғалысты реттейтін барлық белгі қойылды.
Әйтеке би көшесінде Сығанақ көшесінен Қ.Мұхамедханов көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс қамтамасыз етілді. Жоба бойынша жұмыс жалғасып жатыр, әзірге уақытша жол белгілері орнатылған. Осы жылдың желтоқсан айының соңына дейін бағдаршам нысандарын орнату жоспарланып отыр. Барлық жұмыс жобалық құжаттамаға қатаң сәйкес жүргізілуде.
Т.Рысқұлов көшесінде Мәңгілік Ел даңғылынан Нұра арнасына дейін қозғалыс ашылды. Жоба аясында велосипед жолағы бар тротуарлар, бағдаршамдар және заманауи көше жарығы қарастырылған.
Сондай-ақ орташа жөндеу аясында Ш.Қалдаяқов көшесінің Тәуелсіздік даңғылынан Арыс көпіріне дейінгі бөлігінде жол жамылғысы жаңартылды. Дәл осындай жұмыс Ұлы Дала даңғылының Әл-Фараби көшесінен Жошы хан көшесіне дейінгі және Мәңгілік Ел даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі екі учаскесінде жүргізілді.
Орташа жөндеу жұмысы мына көшелерде де аяқталды:
• Алаш тасжолы – 69-көшеден 191-көшеге дейін;
• Қорғалжын тасжолы – Тұран даңғылынан Ш.Айтматов көшесіне дейін;
• Керей мен Жәнібек хандар көшесі – Ә.Бөкейхан көшесінен Шерхан Мұртаза көшесіне дейін және Сауран көшесінен Түркістан көшесіне дейін;
• А.Герцен көшесі – Д.Карбышев көшесінен Р.Дүйсенбаев көшесіне дейін;
• Тәуелсіздік даңғылы – Қошқарбаев даңғылынан А.Пушкин көшесіне дейін;
• Абылай хан даңғылы – А.Пушкин көшесінен Б. Момышұлы даңғылына дейін;
• Б.Момышұлы даңғылы – Қ.Сәтбаев көшесінен Абылай хан даңғылына дейін және басқа да учаскелер.
Сонымен қатар 2025 жылдың күзінде LRT желісі сынақ режимде іске қосылды. Желі бойында абаттандыру және көгалдандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. LRT толық пайдалануға берілгеннен кейін қолданыстағы автобус бағыттары қайта қаралып, жаңа маршруттар ашылады. Биыл 5 жаңа маршрут іске қосылды, 2026 жылы тағы 8 бағыт ашу жоспарланып отыр.
2025 жылы 422 автобус сатып алынып, автопарк 1 749 бірлікке жетті. Автобустардың орташа жасы 5,3 жылды құрайды. Соңғы екі жылда қоғамдық көліктің 48 пайызы жаңартылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button