Денсаулық

Астанадағы ЖРВИ ахуалы

Астанада күз–қыс маусымына тән жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) кезеңі басталды. Қалада сырқаттанушылар саны біртіндеп өсіп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл жыл сайын қайталанатын табиғи эпидемиологиялық кезең болғанымен, дәрігерлер ата-аналарға сақтықты күшейтуді ескертуде. №3 көпбейінді қалалық Балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Абайдахар Талантұлы қазіргі жағдайға байланысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, Астанадағы барлық емханаларда, соның ішінде балаларға арналған фильтрлік кабинеттерде жұмыстың қарқыны күшейген. Күні бойы келушілер легі азаймайды. Дәрігерлердің басты талабы – вирус белгілері байқалғанда ата-аналардың бірден фильтрлік кабинетке жүгінуі. Себебі алғашқы белгілерді жеңіл қабылдау немесе үйде ұзақ уақыт ем жасау – аурудың асқынуына әкелетін негізгі факторлардың бірі.

Абайдахар Талантұлы атап өткен басты мәселе – ата-аналардың ауруды өз бетінше емдеуі. ЖРВИ мен тұмауды шатастыру, сондай-ақ тұмауға арналған антибиотиктер мен ауыр препараттарды кез келген вирустық белгілер кезінде қолдану жиі кездеседі. Бөлім меңгерушісінің айтуынша, жай вирустық инфекция кезінде мұндай дәрілердің ешбір тиімділігі жоқ. Олар ауруды емдемейді, керісінше баланың жағдайын қиындатуы мүмкін.

Сонымен қатар ата-аналар көбіне дене қызуын түсіретін дәрілерді дұрыс мөлшермен бермейді. Мұндай препараттар баланың жасына және салмағына сәйкес есептелуі қажет. Дозаның көп немесе аз болуы ағзаға қосымша салмақ түсіреді. Дәрілер әр алты сағат сайын ғана берілуі тиіс. Ал температураны 38,5°-қа жеткенде ғана түсіру керек. Оның алдында ағза вируспен өздігінен күреседі. Тек тырысу синдромы бар балаларда бұл көрсеткіш 37,5°-тан аспауы тиіс – бұл топтағы балалар ерекше бақылауды қажет етеді.
Маман вирустың алдын алу шараларын да нақты атады Олар: көпшілік жиналған жерлерде маска тағу; үйге сырттан келгенде қолды жақсылап жуу; бөлмені жиі желдету; сұйықтықты көп ішу; дұрыс тамақтану. Бұл қарапайым талаптар ЖРВИ таралуының негізгі тізбегін үзіп, вирустың ағзаға түсу қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Қала бойынша эпидемиологиялық ахуал әзірге тұрақты, алайда аяқасты асқынулар жиілеп тұр. Бұл әсіресе дәрігерге кеш жүгінетін отбасыларда байқалады.

«Баламның температурасы мүлде түспеді. Алғашқы белгілері – жөтел. Үйде бір апта емдеп көрдік, бірақ жағдайы жақсармады. Ақыры жедел жәрдем шақырдық. Осындай кезде уақыт созып, ауруды асқындырып алмау керек. Балам алғашында жөтеліп, дене қызуы көтерілген. Үй жағдайында емдеп көргеніммен, бір апта ішінде еш нәтиже болмады» дейді қала тұрғыны Айжан Анарбаева.

Дәрігерлер ЖРВИ белгілері пайда болғанда ең тиімді шешім бірден учаскелік дәрігерге немесе фильтрлік кабинетке бару. Егер дене қызуы ұзақ уақыт түспесе, жедел жәрдем шақыру қажет деп кеңес берді. Бұл әсіресе үш жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы барлар, иммунитеті төмен топтағы балалар үшін өте маңызды.

Астанадағы ЖРВИ ахуалы бақылауда болғанымен, қауіп толық сейілген жоқ. Әрбір ата-ана маусымдық вирусқа салғырт қарамай, алғашқы белгіден бастап дұрыс әрекет етсе, аурудың ауыр түрлеріне жол бермеуге болады. Дәрігерлердің айтуынша, жауапты әрі уақтылы қадам – әр отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты шарт.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button