Астанада арнаулы салық режимі бойынша мөлшерлемелер төмендетілді

2025 жылғы 28 қарашада өткен Астана қаласы Мәслихатының кезекті сессиясында жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимі бойынша салық мөлшерлемелері 3%-ға төмендетілді. Бұл шешім елордадағы шағын және орта бизнес субъектілеріне көрсетіліп отырған маңызды қолдау шараларының бірі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер үшін мөлшерлеменің төмендеуі олардың салық жүктемесін жеңілдетіп, жұмыс көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға серпін береді.
Салық мөлшерлемелерінің 3%-ға төмендеуі «AMANAT» партиясы Астана қалалық Мәслихатындағы депутаттарының бастамасымен ұсынылып, қаладағы кәсіпкерлік орта өкілдерінің сұранысына тікелей жауап ретінде қабылданды.

«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлер үшін тиімді әрі ашық орта қалыптастыру. Салықтық жүктемені төмендету – бизнесті қолдаудың нақты механизмі. Бұл шешім елордалық кәсіпкерлердің тынысын ашуға бағытталған», – дейді Астана қаласы Мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ғабит Тәжімұратов.
Бұл шешім – жергілікті атқарушы билік, халық қалаулылары мен қоғам арасындағы тиімді диалогтың жемісі.
«Бастама – әкімдік пен Мәслихаттың, сондай-ақ «AMANAT» партиясының үйлесімді әрекетінің нәтижесі. Салықтық мөлшерлемелердің төмендеуі – кәсіпкерлерге деген сенімділіктің және қаладағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты қадам», – деп атап өтті Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов.
«AMANAT» партиясы елордалық кәсіпкерлердің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру жолындағы жұмысты жалғастыра бермек.



