«Астана – есірткісіз қала»: елордада жаппай велошеру өтеді

Елордада 25 мамыр күні «Астана – есірткісіз қала» ұранымен жаппай велошеру өтеді. Бұл іс-шара салауатты өмір салтын насихаттап, қоғамды маңызды әлеуметтік бастамаларға біріктіруді мақсат етеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Велошеру бағыты 25 шақырымды құрайды. Қатысушылар Қосшы бағыты бойындағы айналма веложолдан бастап, Ильинка (Үркер) тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетеді.
Тіркеу велошеру күні, яғни 25 мамырда сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізіледі. Басталуы – 09:00. Қатысу тегін. Әрбір қатысушы өз велосипедімен келуі тиіс.
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиеваның айтуынша, бұл – спорттық жарыс емес, сондықтан елорданың кез келген тұрғыны мен қонағы, жасына қарамастан, шараға қатыса алады.
«Бұл – баршаға арналған мерекелік велошеру. Жас ерекшелігіне ешқандай шектеу жоқ. Қатысушылар тек тіркеу кезінде медициналық анықтама ұсынуы қажет. Бұл – басты талаптардың бірі. Елорда тұрғындары мен қонақтарын белсенді қатысуға шақырамыз. Велошеру – салауатты өмір салтын насихаттайтын, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын ерекше оқиға болмақ», – дейді ол.
Ұйымдастырушылар велошеру соңында тіркелген қатысушылар арасында лотерея ұйымдастырып, бағалы сыйлықтар ойнатылатынын хабарлады.