«Астана Балет» театры Алматыда гастрольдік сапарда

Almaty Theatre сахнасында «Астана Балет» театрының гастрольдік көрсетілімдері аншлагпен өтіп, Алматыдағы көктемнің басты мәдени оқиғаларының біріне айналды. Елордалық ұжым классикалық және қазіргі заман, халық дәстүрі мен жаңашыл балет тілі өзара тығыз байланысқан мазмұнды әрі түрлі жанрдағы бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
10-11 мамырда гастроль шымылдығы Blind forgiveness – рок-балетінің қойылымымен ашылып, көрерменді тәнті етті. Хореография авторы – Кирилл Радев – неоклассика пластикасы модерн драматизмімен және театр монологымен үйлесім тапқан жарқын сахналық туынды шығарды. Ал композитор Арсений Смирнов жазған музыка қойылымға өзіндік эмоционалды тереңдік дарытқандай.
13-мамырда «Астана Балет» театрының оркестрі мен әлемге әйгілі скрипкашы Ержан Құлыбаевтың қатысуымен симфониялық музыка кеші өтті. Бағдарламада Антонио Вивальди мен Астор Пьяццолла «Жыл мезгілдерінің» екі циклі орындалды. Олардың қарама-қайшы интерпретацияларын солист мінсіз орындап, сезім атаулының иірімдерін көрсете білді. Спектакль классикалық музыканы бағалаушылар үшін нағыз сыйлық болды.
15-16 мамырда Алматылық көрермен Юрий Григорович қойған «Махаббат туралы аңыз» балеті – нағыз классиканы тағы бір тамашалай алды. Назым Хикметтің либреттосының философиялық тереңдігі, Ариф Меликовтың жанды музыкасы және Симон Вирсаладзенің керемет сценографиясы бір арнаға тоғысқан бұл спектакль өзінің эмоционалды байлығы әрі ауқымымен ұмытылмас әсер қалдырады.
Гастроль шымылдығы 18-мамырда «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментімен жабылды. Концерттік бағдарламаны қойған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти. Халқымыздың мәдени бастауына үңіліп, оны балет тілімен жеткізе білген, бояуы қанық бұл бағдарлама гастрольдің жарқын нүктесіне айналып, көрермен көкейінен шығып, көңіл пернесін шерткендей әсер қалдырды.
«Астана Балет» театрының гастрольдік сапары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.