Нұрлат — журналистік зерттеу үздігі
Кеше Астанада баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2024» ұлттық сыйлығы жеңімпаздарын марапаттау салтанатты өтті. «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымында «Astana Aqshamy» газетінің тілшісі Нұрлат Байгенже топ жарды.
Отыз жылдан астам тарихы бар, ақпарат айдынында өзіндік орны қалыптасқан «Astana Aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газеті – елорданың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші ғана емес, ел руханиятындағы, халық тағдырындағы өзекті мәселелерге үн қосатын, мазмұны байыған, ойы кемелденген басылым.
Оқырманның ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын газеттің қол жеткізген табыстары да бір төбе. Атап айтсақ, 2002 жылы «Astana Aqshamy» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Әсіресе, 2018 жыл «Astana Aqshamy» үшін табысты жыл болды. Газет Қазақстан Республикасының Президентінің Алғыс хатын алып, «Нұр Сұңқар» сыйлығын иеленді.
Әрине, астаналық басылым білікті, білімді, тәжірибелі журналист-қызметкерлерінің еңбегі арқасында осынау жоғары жетістіктерге жетті. Соның бірі – Нұрлат Байгенженің салмақты сараптамалары, журналистік зерттеулері, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерген мақалалары оқырманның оң бағасын алып келе жатыр. Аудандық басылымда шыңдалып, өңірлік газеттің бас редакторы қызметіне дейін өскен әріптесіміз елордаға көшіп келіп, «Astana Aqshamy» газетіне орналасқаннан кейін шығармашылығы жаңа деңгейге шықты. Қазір өрлеу үстінде. Соның дәлелі – «Үркер-2024» ұлттық сыйлығы.
Әріптесімізді ұжым атынан жеңісімен құттықтай отырып, алда да көп шығармашылық табыстарды тілейміз!
Салтанатты жиында 12 номинация бойынша журналистика сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Солардың арасында «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Нұрлат Байгенже «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымы бойынша үздік деп танылды.
«2024 жылғы «Үркер» сыйлығына ие болдым. Қуаныштымын оған. Алғаш 2022 жылы «Астана ақшамы» газетінен Гүлшат Сапарқызы екеуміз осы «Үркер» сыйлығына номинант болған едік. Биыл екінші рет қатыстым. Жалпы, кез келген байқауда әріптестеріміз жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Шығармашылық ұжымның және басшыларының бағыт-бағдар беруінің, шығармашылықты қолдауының әсері көп. «Elorda aqparat» медиахолдингінде шығармашылық атмосфера бар деп ойлаймын, сондықтан біздің әріптестеріміз байқауларда осылай ерекшелініп жүреді»,- деді Нұрлат Байгенже.
Айта кетейік, байқауға барлығы 400 өтінім келіп түскен. Үздік жұмыстарды беделді журналистер мен медиа менеджерлерден құралған қазылар алқасы анықтады.