Құқық

Апатты учаскелерді тексерді

Полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.  «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев көше-жол желісінің апатты учаскелерін тексерді.

Жыл басынан бері Астанада 1700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Іс-шараны өткізу кезінде 2453 жол жүрісі қағидасын бұзу дерегі анықталды, оның 131-іне жүк көліктерінің жүргізушілері жол берген. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полицейлер жол жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Ол үшін көше бейнекамералары, смарт-жетондар, автопатрульдердегі камералар сияқты кешенді құралдар пайдаланылады. «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымына» ерекше назар аударылған, оның аясында жол қозғалысын әуеден бақылау ұйымдас­тырылады.

– 2020-2024 жылдар аралығында айналма жолдың – Қарағанды тасжолынан Көкшетау тасжолына дейінгі учаскесінде 89 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның салдарынан 16 адам қаза тауып, 102 адам жарақат алған. Аталған учаске Алматы – Екатеринбург халықаралық транзиттік бағытының бөлігі болып табылады. Жол-көлік оқиғалары көбіне қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневр жасау және жылдамдық режимін арттыру салдарынан орын алған. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында тұтас жолақтың ұзындығы ұлғайтылды, жылдамдықты төмендету белгілері орнатылды, «Сергек» камералары енгізілді, сондай-ақ белгіленген жылдамдықты шамадан тыс асырғандарды тіркейтін «Екин – Патруль» экипаждары жұмысы жолға қойылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 2025 жылы осы учаскеде адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ, – деді Марат Төлебаев.

Сонымен қатар биыл жеті жол қиылысындағы бағдаршамдардың жұмыс режимі өзгертілді. Жол-көлік оқиғаларын талдау нәтижесі бойынша режим түзетілгеннен кейін ЖКО саны азайған. Енді қызыл сигнал барлық бағыттар үшін 4 секундқа бір мезгілде жанатын болады, маневрді жасауға қауіпсіз аяқтауға және жол қиылысын босатуға мүмкіндік береді. Мысалға, Қараменді би Шақаұлы мен Земляничная көшелерінің қиылысында бұған дейін 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бағдаршам режимі өзгертілгеннен кейін мұнда жол-көлік оқиғасы фактісі орын алмаған. Әрбір жол-көлік оқиғасы жеке талданады, жол параметрлері мен жағдайы зерттеледі, кейін жол инфрақұрылымын түзету бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ осындай ЖКО-лардың қайталануына жол бермеу үшін ЖКО орын алған жерлерде де, қаланың басқа көшелерінде де құқық бұзушылықтарды заманауи техникалық кешендер арқылы тіркеу күшейтілуде. Елорда полициясы жол қозғалысы ережелерін сақтау – сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігінің кепілі екенін ескертеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button