Ел тынысы

«Алтын адам» мультфильмі 5 маусымнан бастап кинотеатрларда

Қазақ анимациясының қоржынына «Алтын адам» анимациялық фильмі қосылды. 4 маусымда Астанадағы Kinopark Saryarka кинотеатрында туындының жабық көрсетілімі өтеді. Өмір отын іздеп, Хан тәңірі шыңына шыққан сақ жауынгері туралы туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен жарыққа шықты. Анимациялық фильмнің өндірісімен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы айналысқан, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Шығармашылық ұжым фильмнің өн бойына алтын адамның сырты ғана емес, жан-дүниесі, рухы да алтын болу керек деген ұстанымды сыйдырған. Бұл – ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды, тарихи тұлғаларымызды дәріптеу, қазақша контенттің салмағын арттыру бағытындағы қадам.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығы бүгінде 117 киножобаға қолдау көрсетті. Оның ішінде 72 көркем фильм, 37 деректі және 8 анимациялық туынды бар. Бұл – ұлттық болмысты дәріптеп, жас ұрпақтың тарихи танымын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сол жобалардың жарқын үлгісі ретінде бүгін көрсетілімге ұсынылған «Алтын адам» анимациялық фильмін атай аламыз. Шығармашылық топқа алғыс білдіреміз!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ тілінде, ұлттық нақышта түсірілген мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесі өзекті болып қала бермек», – деді Ұлттық кино орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров.

Шығармашылық ұжым жаңа туынды арқылы балаларды ізгілікке, жан дүние тазалығына баулуды көздеп отыр. Фильмнің режиссерлері –  Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы. Сценарий авторы –  Әннас Бағдат.

«Алтын адам деген кезде балаларда оның ішінде қандай адам болды, оны қандай адам киді деген сұрақ туындайды. Осыған жауап ретінде біз  фильмді түсірдік. Ол сырты жылтыраған, алтын-күміспен қапталған адам емес, оның жаны, іші, рухы алтын. Фильмнің негізгі идеясы – осы. Жалпы, фильмді дайындауға қырық шақты анимация мамандары тартылды», – деді «Мұзбалақ» жобасымен танымал режиссер Тұрдыбек Майдан.

«Алтын адам» анимациялық фильмі 5 маусымнан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button