Руханият

Алтайдың ар жағынан басталған жорық

Қазақ баласы үшін ат – жай ғана көлік емес, ердің серігі, ұлттың айбыны, даланың сәні мен салтанаты еді. Ертеде елдің қуаты мен абыройы жылқының саны мен сапасымен өлшенсе, бүгінде сол қасиетті мәдениет заманауи сипат алып, жаңа рухпен қайта жаңғырып келеді. Соның айғағы – 2022 жылдан бері дәстүрге айналған «Ұлы дала жорығы» атты ат марафоны.

«Ұлы дала жорығы» жобасы жүзеге асқалы бері елдің атқа, жылқы мәдениетіне, әсіресе атпен алыс сапарға шығуға деген қызығушылығы бұрынғыдан да еселеп артты. Тіпті шетелдегі қандастар да бұл игі дәстүрден үлгі алып, өздері тұратын елдерде түрлі іс-шаралар, жарыстар мен мәдени кездесулер ұйымдастыра бастады. Соның бір дәлелі ретінде Қуанбек пен Жайнаның 2500 шақырым жолды 73 күнде басып, Қытайдан Қазақ елінің астанасына атпен келгенін айтуға болады.

Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Еренқабырға баурайындағы Сауан ауданынан 8 тамыз күні жолға шыққан жас жұбайлар – Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы 20 қазан күні елордаға ат басын тіреді. Жол бойы халықтың ықыласына, қошеметіне бөленген қос атты жолаушыны астана жұртшылығы да үлкен ықыласпен қарсы алды. Әкімдік өкілдері, зиялы қауым мен қала тұрғындары алыс сапардан аман жеткен ағайынның алдынан шығып, атын ұстап қонақжайлық танытты. Достық үйінде қонақтармен жылы жүздесу ұйымдастырылды.

Бұл сапар 2500 шақырымдық жолды жай ғана атпен жүріп өту емес. Бұл – азаматтың шыдамдылығын, сергектігін, күннің ыстығы мен түннің суығына төтеп берер төзімділігін сынға түсіретін нағыз ерлік сапар. Мұндай жорықта астыңдағы аттың бабын тауып, уақытылы суытып, баптап отыру – нағыз атбегілік шеберлікті қажет етеді. «Шеге тағаны сақтайды, таға тұлпарды, тұлпар ертоқымды, ертоқым ерді, ер елді сақтайды» дегендей, жол үстінде тозған тағаны ауыстырып, ат тағалау да – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. 2 ай бойы күнде жортқан сапарда шаршадым, қажыдым демей, кейбір босбелбеу еркектерден артық қайрат көрсетіп, жол бойы өлеңдетіп отырып Астанаға жеткен Жайна да қазақ қыздарының қайсарлығын көрсетті.

Бұл Қуанбек пен Жайнаның бірінші алыс сапары емес. Қол ұстасқан қос ғашық 2021 жылы Шыңжаңнан жолға шығып, 4 000 шақырым жол жүріп, Бейжіңге де барған болатын. Бірақ бұл реткі сапардың салтанаты да, сәні мен дүбірі де ол сапардан әлдеқайда асып түсті. Жас жұбайлардың ерлігіне сүйінген жұрт әлеуметтік желі арқылы екі ай бойы олармен «бірге жүрді».

– Бейжің сапарынан кейін Қытайда әлемнің жеті мемлекетінің аттары қатысқан 500 шақырымдық үлкен марафон өтті. Осы додада «Баққоңыр» атты тұлпарым І орын иеленсе, Жайна тізгіндеген тұлпар 80 аттың ішінен VI орыннан көрінді. Бірінші орынға 200 мың юань (15 миллион теңге шамасында), алтыншы орын алған атымызға 17 мың юань (1 275 000 теңге) және 8 мың юань (600 000 теңге) қосымша қаражат берді. Осы еңбегімізбен тапқан қаражатты өзіміздің қиялымыздағы, арманымыздағы іске жұмсағымыз келді. Яғни осы сапарды өзіміз тапқан қаржымен жүрдік. Ат сатып алу, жол шығынын барлығын өзіміз көтеріп келеміз. Біз ешкімнен дүние дәметпейміз.Қайрат Құлмұхаммед ақынның сөзімен айтсам: «Жарты жармақ дәметпейміз ешкімнен, ел көрейік, жер көрейік деп келдік» дейді Қуанбек Түсіпханұлы.

– Сапарға шығарда «ол жақтағы қазақтар бұрынғы салт-дәстүрді ұмытқан, мына жүрістеріңді түсінбейді» деген секілді әртүрлі әңгімелер естідік. Бәрі керісінше болды. Шекарадан өткелі жолдағы елдің ыстық ықыласы, пейілі, мейірі бізге тілекші болып, барын беріп, жоғымызды толықтап, жүгіріп жүрген ізгі ниеті бізді ерекше тебірентті. Тіпті орыс, түрік секілді өзге ұлт өкілдері де арнайы іздеп келіп, азық-түлік беріп, көмектесіп жатыр. Жол бойы тілеулес болып, қолдау көрсеткен барша ағайынға алғысымыз шексіз. Бұл – бір отбасының емес, тұтас ұлтымыздың сапары болғандай әсер қалдырып жатыр. Сапардан алған әсеріміз өте керемет: әсем табиғат, қонақжай ел, жолдағы көрікті жерлерді көріп, әлеуметтік желіге жариялап келеміз. Артта қалған алыстағы ағайын да хабарласып, елдің ықыласына риза болып сәлем жолдап жатыр, – дейді жұбайлар.

Қуанбек пен Жайнаның Қытайдан мініп шыққан аттарын карантин мәселесіне байланысты шекарадан өткізбегендіктен жолаушылар Қазақстан шекарасынан өте салып ат сатып алыпты. «Бұл аттарды өзім таңдап алғанмын. Мүмкіндігінше аттардың көп мінілген, көнбістігіне қарадым. Күнделікті жем-шөбін өзім беріп, демалысын, мінез-құлқын қадағалап отырдым. Қазір күніне 50 шақырым жүреміз, кейде діттеген жерімізге жете алмай жол ұзарып кететін күндер де болады. Аттар сенімімізден шықты, әсіресе, күрең ат қазақ жылқысының мықты екенін дәлелдеді, – дейді Қуанбек.

Қазір жылқы десе, арабтың таза қанды жылқыларын, түркімендердің ақалтекесін мақтайды. Бірақ оларға қарағанда көзге қораштау көрінгенімен, алтай мінсең арымайтын нағыз тұлпар қазақ жылқысынан шығады. Мәселен, 1935 жылы «Ашхабадтан – Мәскеуге» атты ат үсті жорығында түркімендер 4 300 км жолды 84 күнде басыпты. Демек, олар да күніне 50 шақырым жүрген. Ал Қуанбек пен Жайна жолда виза мәселесіне байланысты бірнеше күн кідірді, кей өңірлерде қонақжай жұрттың құрметіне орай аялдап та отырды. «Егер суыт жүрсек, бұдан да тез келуге болады екен, аттарымыз әлі тың» дейді қос жолаушы.

Қысқасы, бұл сапар қазақ жігіттерінің ерлігін, қазақ қызының төзімділігін және қазақ жылқысының тектілігі мен қайсарлығын жалпақ жұртқа паш еткен рухты жорық болды. Бұл – ұлт рухын көтерген, бабалардан қалған ат мәдениетінің мәңгі өшпес мұрасын қайта жаңғыртқан айтулы сапар!

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button