Елорда тынысы

Алматы тәжірибесімен танысты

Астана қаласы мәслихатының депутаттары жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Елорда мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің айтуынша, сапардың негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу және бұрынғы астанада маңызды мәселелердің қалай шешімін тауып жатқанымен танысу.

Сапар барысында медицина мен туризм, мектеп қауіпсіздігі мен қаланы абаттандыру жайы таныстырылды. Елорда мәслихатының депутаттары жедел медициналық жәрдем станция­сына барып, бригадалардың жұмыс барысын, көліктердің жабдықталуын, шақыртуларға қандай стандарттармен шығатынын көрді. Астанадағы жедел жәрдем қызметін жетілдіру үшін бірқатар тиімді тәжірибе назарға алынды.

«Алматы паркинг» ұйымының қыз­метімен танысу барысында ақылы автотұрақтардың қалай ұйымдастырылғанын, цифрлық шешімдердің қалай жұмыс істейтінін және қала тұрғындары мен қонақтарының қолайлығы үшін қандай шаралар қолға алынғанын көрді.

«Аюсай» визит-орталығында экотуризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, табиғат аясында демалу үшін жасалып жатқан инфрақұрылым мен бағыттар жөнінде ақпарат алды. Әуезов ауданындағы орталықта түрлі жастағы тұрғындарға арналған үйірмелер, оқыту курстары және кездесулер өтетін кеңістіктер ұсынылды. Сайран көлінің маңында жүріп жатқан қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қала абаттандыруына және жайлы демалыс орындарын қалып­тастыруға ерекше көңіл бөліп отыр­ғанын атап өтті.

№122 мектепке барған кезде оқу­шылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған технологиялық шешімдер көрсетілді. Бұл – бейнебақылау камералары, кіру-рұқсат жү­йе­лері, дабыл түймелері және басқа да құралдар. Олимпиадалық резервтің №9 спорт мектебінде балаларға арналған секциялар мен үйірмелерді қаржыландыру мәселесі талқыланды. Әлем чемпиондары – гимнасттар Милад Карими мен Нариман Құрбанов­пен жылы кездесу өтті. Сапар соңында «Алматы бас жоспар» мекемесінде қала дамуының алдағы жоспарлары таныстырылды, жаңа аудандар, жолдар мен тұрғын үй кешендерінің қайда салынатыны айтылды.

«Бұл сапар екі жақ үшін де мазмұнды әрі пайдалы болды деп сеніммен айта аламыз. Алматылық әріптес­терімізге тәжірибе алмасу саласындағы бірлескен жұмыстары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз» дейді Астана қаласы мәслихатының төрағасы ­Табиғат Зейнұлқабден.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button