Басты ақпаратРуханият

Айбектің бабы, Сараның бағы озды…

Елордада «Адамзаттың бәрін сүй» деген тақырыппен екі күн бойы ел құлағын қыз­дырған «Алтын домбыра – 2025» айтысы аяқталды. Республика күні қарсаңында Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония қабырғасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Amanat партиясы ұйымдас­тырған дәстүрлі «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы ұлы Абайдың 180 жылдығына арналды.

Бас демеушісі «Beles» құрылыс компаниясының директоры Махат Төреәлі мен Q4 Auto Tulpar автокөлік компаниясының иесі Талғат Сақан болды.

Дүбірлі додаға осы жылы республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарған 14 ақын қатысты.

Айтысты белгілі ақын әрі Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жүргізді. Ал айтыстың шымылдығын ашу мәртебесі ел үмітін арқалаған жас өрендерге бұйырды. Алматы облысынан келген 8 жастағы Ерсұлтан Мұқамжан мен Қызылордадан келген 10 жастағы Нөсер Айдосұлы алғашқы жұп болып сахнаға шығып, жыр төгіп көрерменнің жылы ықыласына бөленді.

Қазылар алқасының төрағасы – ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман болды. Бұдан бөлек Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов, Қазақстанның халық ақыны, айтыс ардагері Әсия Беркенова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев, айтыс ардагері, мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабеков ақындардың сөздерін таразылады.

Ал айтыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Amanat партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек ақындарға сәттілік тілеп,  Республика күні мемлекеттігіміздің жаңа шежіресі жазылған, тарихымыздың жаңа парағы ашылған еліміз үшін ең қастерлі мейрам екенін атап өтті.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов ведомство басшысы Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

Ал ең алғашқы сөз додасын Рүстем Қайыртай (Абай облысы) мен Дидар Қами (Қарағанды облысы) бастады. Айтыстың ақтаңгер жүйрігі Дидар шыға сала өзінің кәнігі стиліне салып, бірден қарсыласын тұқыртып тиісіп бастады. Ол Рүстемнің өмір салты мен мінезін әзіл-шыны аралас қылып өлеңмен шебер өріп шықты. Рүстем де қарап қалмай, өзінің де оңай шағылар жаңғақ емес екенін дәлелдеп, қарсыласының қыжыртпа сөзін іліп алып, ұтымды жауап қайтарды.

Одан кейінгі кезекте сахнаға Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) мен Аспанбек Шұғатай (Павлодар облысы) шықты. Бұл екеуі де аянып қалған жоқ. Бір-біріне тартымды әзілдер айтып, сауатты жауаптасып отырды. Олардың ізін ала Абай Жолмағанбет (Маңғыстау облысы) пен Жарқын Жұпарқан (Солтүстік Қазақстан облысы) сахнаға көтеріліп, айтыстың қызуын арттыра түсті. Алайда айтыстың ең бір көрігін қыздырып, көркін асырып, көрерменнің көңіліне айрықша ұя салған жалындаған жас жолбарыстар Бексұлтан Орынбасар (Қызылорда облысы) мен Нұрбол Жауынбай (Ақтөбе облысы) болды. Бұл екеуінің айтысы тіптен әсерлі өтті.

Бексұлтан сөзін тарихи астармен бастап, елдік рухты асқақтата жырлады.

Келесі жұп – Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы) мен Дәурен Ақсақаловтың (Түркістан облысы) айтысы да өте тартысты өтті.

Мейірбек қоғамның ауыр шындығын шымбайға батыра айтып, жыланның уын жырмен төккендей әскер қалдырды:

…«Өгіздің көлеміндей өтіріктен,

Шыбынның көлеміндей шындық артық» деп бастаған ол:

…Отыз жылда таппадық

аттан сап түк,

Қайда сол тапқан байлық,

тапқан шаттық.

Қазағымның үмітін көкке ұшырған,

Үшінші дұшпаның сол – мақтаншақтық» деп Абайдың «бес дұшпанын» бүгінгі қоғамның дерттерімен байланыстыра айтқан ол:

«Мақтандық медицина дамыған деп,

Ковид келіп көп былық көрінді ақыр.

Отанынан ем таппай осы кезде,

Обырдан қанша қазақ өліп жатыр.

Мақтанып ек мықты деп әскеріміз,

Көзіміз не сұмдықты көріп жатыр.

Мақтандық жұмыссыздық азайды деп,

Ал жастардың жалыны сөніп жатыр.

Қызыл дипломы бар қыздарымыз,

Англияда қызанақ теріп жатыр.

Мақтандық бір Астана тұрғыздық деп,

Мың ауылдың түтіні сөніп жатыр.

Отыз елге барыс боп кірем деп ек,

Елу елдің қалдық қой соңында құр.

Отыз елді білмеймін біздің қазақ,

Мақтанудан бірінші орында тұр!» деп жалғастырғанда ел ішінен сүйсініп, еріксіз алақан соғып, таңдай қағысты.

Айтыстың қызған шағында сахнаға Нұрлан Есенқұл (Шымкент қаласы) мен Әсем Ереже (Семей қаласы) шығып, әдемі қыз-жігіт айтысын ұсынды. Олардың сөз қағысы да жылы әзіл мен нәзік сезімге толы болды.

Кештің соңын кіл жүйріктер Айбек Қалиев (Қостанай облысы) пен Сара Тоқтамысова (Астана қаласы) сахнаға шығып, бірінші күнгі айтысты жоғары деңгейде түйіндеді. Екеуінің сөз саптауы, елдік тақырыпты өрбітуі айтыстың биігін көрсеткендей әсер қалдырды.

Осылайша 10 ақын ертесі күнгі финалға жолдама алды. Екінші күнгі финалдық айтыс та одан кем түспеді. Қоғамның күрделі мәселелері тағы да сөз болды.

Нұрлан Есенқұлдың: «Ата заңның алдында жауап берсін, ата-анасын құрметтей алмағандар» деген жолдары көпшіліктің көңілінен шықты. Ал Мейірбек Сұлтанханмен сөз сайысына түскен Айбек Қалиев:

«Амилайлар көбейген бұл заманда, Абылайға зар боп тұр ұлысымыз» деп жырласа, Мейірбек ағасына құрметпен: «Айбекке алтын домбыра керегі жоқ, бірақ та алтын домбыраға Айбек керек» деп мәрттік пен сыйластықтың үлгісін көрсетті. Бұл сөздер айтыс рухын ғана емес, қазақы кішіпейілдікті де айшықтап, көрерменнің жүрегін жылытты.

Осылайша екі күн бойы Арқаның төрінде алқынбай шапқан сөз жүйріктерінің бас бәйгесін Айбек Қалиев еншілеп, оған «Beles» құрылыс компаниясының директоры Махат Төреәлі бір пәтер сыйлады. Сондай-ақ ол Сара Тоқтамысоваға да бір пәтер тарту етті. Ал Серік Қуанған айтыстың ақтаңгері атанып, кеудесіне төсбелгі тағылып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің атынан темір тұлпар иеленді.

Бірінші орынға тігілген автокөлікті айтыстың жаңа жұлдызы Бексұлтан Орынбасар қанжығасына байлады. II орын (1,5 миллион теңге) – Серік Қуанған мен Нұрбол Жауынбай иеленсе, оған қоса Талғат Сақан Нұрбол Жауынбайға бір көлік мінгізді. III орын (1 миллион теңге) – Мейірбек Сұлтанхан мен Дидар Қами алды. Ал кәсіпкер айтыстың демеушісі Талғат Сақан мен Махат Төреәлі – Нұрлан Есенқұл мен Дидар Қамиға ат мінгізіп, шапан жапты. Әселхан Қалыбекова атындағы 750 мың теңгелік арнайы сыйлық Әсем Ережеқызына бұйырды. Қонысбай Әбіл атындағы арнайы сыйлық Нұрлан Есенқұлға табысталды.

Ал Абай облысының әкімі Берік Уәли арнайы тағайындаған автокөлікті кәсіпкер Талғат Сақанұлы мен ақын Серікзат Дүйсенғазы Рүстем Қайыртайға табыс­тады. Сондай-ақ Сара Тоқтамысоваға – Талғат Сақан өз атынан бір автокөлік пен Көкен Шәкеев атындағы арнайы сыйлықты табыстап, Әсем Ережеқызына ат мінгізді. Ал Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлде – Дәурен Ақсақаловқа бұйырып, ол сонымен бірге Мәдениет және ақпарат министрлігінің 500 мың теңгелік арнайы сыйлығын иеленді. Ал 500 мың теңгелік арнайы сыйлық Жарқын Жұпархан, Абай Жолмағанбет, Аспанбек Шұғатай, Рүстем Қайыртай, Сара Тоқтамысоваға табыс етілді.

Алайда елдің көңілін күпті еткен бір жайт пәтер мен көлік жауған айтыста оны бастап берген қос бірдей құлынымыз Ерсұлтан мен Нөсер жарыс соңында ешқандай марапатсыз қалғаны болды.

Оларды көріп риза болып қол соққан көрермендер «Әкәу! Бұл қалай болғаны?» деп таңданысын жасыра алмады. Біз де «Не кәсіпкерлер, не жүлдегер ақындар бұл балаларға тым болмаса бір тай мінгізіп, еңбегін бағалап, белін буса ештеңе де кеміп қалмас еді-ау» деген ойда қалдық…

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button