Мәдениет

Әжелер ұлттық аспапта ойнауды үйреніп жүр

Елордадағы Сарайшық ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ұлттық өнерді дәріптеген ерекше ұжым бар. 2025 жылдың қазан айында құрылған «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі аз ғана уақыт ішінде тыңдарманын тауып, халық ықыласына бөленіп үлгерді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бүгінде ансамбльдің репертуарында 10-ға жуық халық әні бар. Олардың қатарында «Тобылғы сай», «Қалқатайдың дауысы-ай», «Қоғалы-ай» сынды сирек орындалатын туындылар бар. Әжелердің ең сүйіп орындайтын халық әні – «Абайкөктің» үшінші нұсқасы.

Қазіргі таңда «Тұмар» ансамблінде 18 зейнеткер өнер көрсетеді. Ұжым мүшелері домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, шаңқобыз, дауылпаз, сазсырнай сынды ұлттық аспаптармен қатар, ұрмалы және үрмелі аспаптарда да ойнайды. Ансамбльге келуші ата-әжелер көне халық әндерін орындауды, ұлттық аспаптарда ойнауды үйреніп жүр. Ұжымдағы ең үлкен қатысушы – 80 жастағы Әлия Айтжанова, ол сазсырнайда ойнайды.

«Ансамбльге «Тұмар» атауы кездейсоқ қойылған жоқ. Халық ұғымында тұмар – қорғаушы, киелі ұғымды білдіреді. Біз ұлттық өнерімізді сақтап, ұмыт бола бастаған әндерді қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етеміз», – дейді ансамбль жетекшісі Гүлфия Абдуллажанқызы.

Өнерлі зейнеткерлерден құралған ансамбль ұжымы үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, репертуар таңдауға ерекше мән береді. Сондай-ақ, қалалық мәдени іс-шараларға белсене қатысып келеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button