Басты ақпаратРуханият

Әкенің сұсы басым еді…

Осы күні арба сүйреткен жас әкелер көзге жиі түседі. Жиіркенбей, баланың памперсін ауыстырып жатқанда, қасындағы келіншегі «өзіңнің балаң ғой» дегендей миығынан қарап тұрғаны жанға батады. Балалы жұп үйге қонаққа келсе кетерінде екеуі екі жақтан баласын киіндіріп әлек болып, есті шығарып жібереді.  Бір әйелден, яғни анасынан артылмайтын нәрсені ебедейсіз еркекке неге артып қойған деп тілімізді тістейміз. Бала бағу, өсіру, жетілдіру, баратын жеріне тасудың өзі әкесінің жұмысына айналып барады.

Дұрыс та шығар. Бірақ ерік-жігерсіз ұсақ, үй шаруасына епті, бірақ даланың тірлігіне қырсыз, «үйкүшік» қауқарсыз ерлер осылайша көбейіп бара жатқан жоқ па?!

Бұрынғы әкелердің сұсы басым болатын. Өз жұмысын, міндетін ғана біліп, тұтас әулеттің арқауын қолында ұстап тұратын. Мал тауып балаларының болашағына жол ашып берді, өміріндегі үлкен оқиғалардың басында жүрді. Нағыз ер-азамат, қамқор әке бола жүре, отбасынан тыс болатын. Соңғы сөз – әкенікі. «Әкеңнен сұра, әкең біледі» біздер атап өтпейтін заң болатын. Осының айналасында әкелердің тұлғасы айшықталып, беделі бекіді. Естияр ұрпақ әке ғана емес, тұлға ретінде құрметтейді.

Есейе келе анамыз бен әкеміздің табиғатын түсіндік, бірін-бірі толықтырып тұратын бір нәрсенің екі қыры барын, ол сақталмаса, дүние төңкеріліп кететінін ұқтық. Отбасына деген жауапкершілік – тек әкенің ғана  иығына шақ келетінін, анамыз оның тірегі. Осындай үйлесім болмаған жерде, отбасы деп аталатын күрделі институттың мүшелерінің міндеті ауыстырылғанда береке мен бірлік те кетеді. Одан тек қана бала-шағасы ғана емес, айналасындағы туыстары да азабын тартады. Алдымен әйел биік қорғанынан айырылады. Оның тұлғасында қорғаушы, ері сенімді жары мен сүйеніші, ал қорғансыз қалған әйел жолында кездескен ешкімді де аямайды. Оның өз болмысын сақтап қалуы еріне байланысты.

Осы күнгі әкелер жауапкершіліктен ада. Азғантай отбасын уысында ұстай алмайды деп кейи­міз. Отбасын сақтаудың алғышарты – «әкелік». Әкелік – отбасының іргесін нығайтатын, қоғамдағы да белгілі бір дәрежедегі тәртіпті қалыптастырудың қағидасы іспетті. Асқар тау деп биіктіктің мағынасын «әкелік» деген ұғымға сыйдырған ел едік. Ол ұғымнан алыстап барады бүгінгі әкелер. Сол әкелер отбасындағы биігімен, қызметінде де ықпалы болатын, өзіне деген құрметінен жаңылмай, әділдікті алға тартатын. Қоғам арсыздықтан ада еді.

Ашық-шашық әлеуметтік желіде болсын, айналамыздағылар арасында болсын, ұлтымыздың діңгегі болатын азаматтарды сирек кездес­тіреміз. Бағымызға қарай мұсылман елінде өмір сүріп жатырмыз, болашағымыз бар деуге болады. Отбасы институты жойылған, әйелдері тумайтыны аздай еркекпен алысқан еуропаның бізге үлгі емес екеніне көзіміз жетіп келеді.

Отбасы институтын, сайып келгенде, мемлекеттің өзін сақтау үшін біздің санамыздағы «күшті әке», күшті мемлекеттік биліктің де тұтқасы болатын  образы қажет. Әкенің сұсын көрмей-сезбей өскен ұрпақтың болашағы бұлыңғыр.

Соңғы кездері отбасы институты құлдырағаны соншама, Отанның отбасынан басталатынын да естен шығардық. Ұлттық салт-дәстүрін, ұстанымын қалыптастырған әже болған аналарымыздың, ата болған әкелеріміздің  өнегелі жолын жаңғырт­пай, отбасылық құрылымның мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан үлгісін сақтамай, оны бүгінгі беймәдениетке дәру ретінде қолданбай, алға басуымыз қиын. Ол болмаған соң қазақтың отбасынан да, қазақы қоғамнан да айырылып келеміз.

Айгүл УАЙС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button