Абыройлы міндет

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Айтулы күннің тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастау алады. 2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 23 маусымды БҰҰ-ның мемлекеттік қызметшісі күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеуге шақырды. Бас қаланың мемлекеттік мекемелерінде еңбегі терең біліктілікті, үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін 3604 мемлекеттік қызметші жұмыс істеп келеді.
2013 жылдың желтоқсанында республикадағы кәсіптік мерекелер тізбесіне толықтырулар енгізу туралы тиісті жарлыққа қол қойылып, келесі жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда Мемлекеттік қызметшілер күні аталып өте бастады.
Мемлекеттік қызмет қызметкерлерінің тиімді және кәсіби қызметі – кез келген мемлекеттің жетістігі мен өркендеуі. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны жетілдіру мәселелеріне баса назар аударуда. Мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын да атап өткен жөн.
Мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдету мақсатында 2023 жылдың 1 наурызынан бастап «Е-қызмет» ашық порталында қанатқақты жоба енгізілді. Аталмыш жоба – мемлекеттік қызметке іріктеудің оңтайлы тәсілі. Кез келген адамға түсінікті, жеңіл түрде ұйымдастырылған. Оған қоса, жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектер үшін мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл – дипломын енді алған жастар үшін таптырмас мүмкіндік.
Барлық осы институт мемлекеттік қызметкерлердің білігі мен кәсібилігін арттыруға, мемлекеттік қызметтің дербестігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын төмендетуге, жас мамандарға қолдау көрсетуге, қызметкерлердің лайықты еңбекақысын және мансаптық ілгерілеуін қамтамасыз етуге, халықтың билік институттарына деген сенім деңгейін және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет – бұл уникалды мектеп. Осы мақсатта қазіргі уақытта Президенттік жастар кадр резервінің кезекті төртінші іріктеуі өтіп жатыр. Құжат қабылдау ағымдағы жылдың 1 маусымынан басталды. Аталмыш жоба – Мемлекет басшысының талантты жастар үшін әлеуметтік лифт болатын жария бастамаларының бірі. Президенттік жастар кадр резерві – білімді, алғыр, бастамашыл, инновациялық ойлай алатын жастарды іріктеуді тұрақты жолға қою арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастырудың жолы.
Биыл – әлемдік экономикадағы оқиғалардың даму жөніндегі болжамдарды ескере отырып, ел өміріндегі ерекше жыл. Қазіргі дағдарыстың салдарын еңсеру жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру жауапкершілігі барлық мемлекеттік қызметшіге жүктеледі. Қазіргі қоғамның күтетіні – мемлекеттік және қоғамдық мүддеге әділ және адал қызмет ететін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін елдің дамуына жұмсайтын мамандар.
Индира Бержанова