Ел тынысыҚоғам

Заңгер болғым келеді

Мен биыл 11-сыныпты тәмамдадым. Болашақта заңгер болуды армандаймын. Бұл арманымның қалыптасуына бала кезімнен құқық пен әділдікке деген қызығушылығым себеп болды. Қоғамдағы түрлі мәселелердің түп-төркіні заңмен байланысты екенін түсінген сайын осы саланы терең меңгеруге ұмтылдым. Сондықтан жоғары оқу орнында заң мамандығын оқып, болашақта «Әділетті Қазақстанды» құру жолында еліме заңдық тұрғыдан қызмет еткім келеді.

Қазір Қазақстанда сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Жастардың шетелде білім алуына да мүмкіндік бар. Сонымен қатар, балалардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалған. Мен елімнің осындай жетістіктерін мақтан тұтамын. Дегенмен, мен шетелде білім алғаннан гөрі, өз Отанымда оқып, еліміздің заң саласын терең меңгеріп, өзім білім алған жоғары оқу орнының білікті әрі абыройлы түлегі болуды қалаймын. Болашақта алған білімімді туған елімнің дамуына арнап, халқымның игілігіне қызмет етуді мақсат етемін. Биыл еліміздің саяси өмірінде аса маңызды оқиға болды. Жалпыхалықтық референдум өтіп, халықтың қолдауымен жаңа Конституция қабылданды. Бұл еліміздің құқықтық және саяси дамуына тың серпін беретін маңызды қадам деп ойлаймын. Реформалардың негізі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қаланды.

Президент өз Жолдауында елдің саяси жүйесін жаңғырту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту қажеттігін атап өткен болатын. Жаңа Конституцияны бірнеше рет оқып шықтым. Өйткені бұл құжат әрбір азаматтың құқығы мен міндетін айқындайды. Біздің болашағымыздың қандай болатыны да осы Ата заңмен тығыз байланысты деп есептеймін. Жаңа Конституциядағымаңызды өзгерістердің бірі – адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшейтілуі. Адамның қадір-қасиеті, бостандығы мен заң алдындағы теңдігі басты құндылық ретінде айқындалды. Бұл мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте маңызды қадам деп санаймын. Себебі заң үстемдік құрған жерде әділдік болады, ал әділдік бар жерде даму болады. Сондай-ақ жаңа реформалар азаматтардың мемлекет ісіне белсенді араласуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл әр адамның ел тағдырына жауапкершілікпен қарауына жол ашады. Меніңше, еліміздің болашағы – заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін жастардың қолында. Жаңа Конституциядағы қағидаттардың өмірмен тығыз байланысын «Таза Қазақстан» бастамасынан да көруге болады. Сарапшылар бұл құндылықтардың Ата заң талаптарымен толық үндесетінін айтып жүр. Конституцияның 3-бабында жауапты әрі жасампаз отаншылдық мемлекеттің қызметінің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде белгіленген.

Менің ойымша, отаншылдық тек мемлекеттік рәміздерді құрметтеумен немесе ел тарихын білумен ғана шектелмейді. Ол өзің тұратын ортаны таза ұстаудан, табиғатты қорғаудан және қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қараудан басталады.

Мектебімізде сенбіліктер мен экологиялық акцияларға жиі қатысамыз. Кейде достарыммен бірге ауламызды тазалап, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тырысамыз. Осындай қарапайым істердің өзі елге деген жанашырлықтың көрінісі деп есептеймін. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы – тек экологиялық жоба ғана емес, жастарды жауапкершілікке, тәртіпке және отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды қоғамдық құндылық.

Болашақ заңгер ретінде мен заңға құрмет пен қоршаған ортаға жанашырлық бір-бірімен тығыз байланысты деп ойлаймын. Өйткені заңды сыйлайтын азамат өз елінің табиғатын да, қоғамдық мүлкін де құрметтей біледі. Заңгер болу – мен үшін жай ғана мамандық таңдау емес. Бұл – әділдікке қызмет ету, адамдардың құқығын қорғау және еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Сондықтан алдағы уақытта да білімімді үздіксіз жетілдіріп, болашақта халқымның сеніміне лайық маман болуға талмай талпынамын.

Көпжасар ӘДІЛЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button