Интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру мәселесі талқыланды

Интернет пен цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде қаржылық операциялардың басым бөлігі, сауда-саттық, байланыс жасау және мемлекеттік қызметтерді алу онлайн түрде жүзеге асырылады. Алайда цифрлық ортаның дамуымен қатар интернет арқылы жасалатын алаяқтық пен киберқылмыстардың саны да артып келеді. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Азат Тастанов Астана коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты,деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері Астанада интернет алаяқтықтың 1 537 фактісі тіркелген. Оның ішінде қылмыстық істердің 30,2%-ы ашылып, сотқа жолданған.
Алаяқтардың заңсыз әрекеттері салдарынан азаматтарға жалпы сомасы 907 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Қала прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген тергеу және сот процестері барысында жәбірленушілерге 229 миллион теңге қайтарылды.
АНТИФРОД жүйесі алаяқтық операциялардың алдын алуға көмектеседі
Интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін АНТИФРОД жүйесі енгізілді.
Аталған жүйе банктер мен өзге де ұйымдар тарапынан күмәнді қаржылық операцияларды анықтау және азаматтардың қаражатын қорғау үшін қолданылады. Алаяқтық белгілері анықталған жағдайда жүйе күмән тудыратын ақша аударымдарына уақытша бұғаттауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Астанада АНТИФРОД жүйесі арқылы қылмыстық схемаларға қолдынылуы мүмкін 19 600 есепшотқа бұғаттау қойылған.
Алаяқтар жасанды интеллектіні жиі қолданады
Бұрын алаяқтар көбіне өздерін банк, полиция немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырса, бүгінде олардың әдістері күрделене бастаған.
Азаматтарды алдау үшін қылмыскерлер жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, бейнеқоңыраулар арқылы сөйлеседі, жалған фотосуреттер жасайды, жақын туыстардың, достардың немесе әріптестердің дауыстарын айнытпай салып хабарласады.
Алаяқтардың басты мақсаты – азаматтардың жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын қолға түсіріп, ақшасын заңсыз иемдену.
Астана тұрғыны 22 миллион теңге қаражатынан айырылған
Интернет алаяқтықтың бір мысалы WhatsApp мессенджері арқылы жасалған.
Белгісіз тұлғалар елорда тұрғынымен бейнебайланысқа шығып, өздерін Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар азаматқа банктегі депозит қаражатын қорғауды сылтау етіп, кейіннен «қауіпсіздіктік қамтамасыз ету үшін» қаражатын банктен шешіп алып, курьерге беруге көндірген. Салдарынан жәбірленуші 22,6 миллион теңгесінен айырылған.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Ресей Федерациясының азаматы ұсталған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол қылмыстық схеманың қатысушыларының бірі болған.
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстарын Астана қаласы Полиция департаментінің Алматы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізілуде.
Киберқылмыскерлерден қорғанудың бес заманауи тәсілі
Цифрлық қауіптердің өсуіне байланысты жеке деректер мен қаржыны қорғауға ерекше көңіл бөлген жөн. Киберқауіпсіздік мамандары азаматтарға мынадай қарапайым, бірақ тиімді шараларды ұсынады.
Біріншіден, аппараттық қауіпсіздік кілттерін пайдаланыңыз. Мұндай құрылғылар USB немесе NFC арқылы қосылып, аккаунттарға қосымша қорғаныс қызметін атқарады. Алаяқтар сіздің құпия сөзіңізді білгеннің өзінде, физикалық кілтсіз аккаунтыңызға кіре алмайды.
Екіншіден, Passkeys технологиясын қолданыңыз. Ол парольдің орнына биометриялық деректер немесе сенімді құрылғы арқылы аккаунттарға кіруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл фишингтік шабуылдардың қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Сондай-ақ жақындарыңызбен алдын ала құпия код сөзін келісіп алу. Бұл алаяқтар жасанды интеллект арқылы адамның дауысын салып сөйлескен жағдайда оның шынымен жақыныңыз екенін тексеруге көмектеседі.
Тағы бір маңызды шара – барлық аккаунттарыңызды бір ғана электрондық поштаға байланыстырмау. Әртүрлі мақсаттарға арналған бөлек электрондық пошта пайдалану қауіпсіздікті арттырады.
Сонымен қатар өзіңіздің цифрлық ізіңізді азайту керек. Интернетте жеке ақпаратыңыздың қолжетімділігі неғұрлым аз болса, алаяқтардың оны өз схемаларында пайдалану мүмкіндігі соғұрлым төмен болады.
Дегенмен қорғанудың ең тиімді құралы – қырағылық. Бөтен адамдарға пароль мен растау кодын айтпаңыз, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбей, ақпараттың дұрыстығын тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз. Цифрлық қауіпсіздікке жауапты қарау жеке деректеріңіз бен қаржыңызды қорғауға көмектеседі.



