Жасөспірімдер командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды
Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай 2013 жылы туған жасөспірімдер командалары арасындағы футболдан Қазақстан Республикасының жыл сайынғы чемпионаты басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Чемпионат Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионда өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 14 үздік команда, яғни мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен олимпиадалық резерв мектептерінің шамамен 300 жас футболшысы қатысуда.
Аталған чемпионат Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер футболы жүйесіндегі негізгі республикалық жарыстардың бірі саналады. Турнир бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер арасында футболды кеңінен насихаттауға, сондай-ақ жас спортшылардың дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.

Ашылу салтанатының ерекше сәттерінің бірі – қазақстандық футбол ардагері Амангелді Утканов пен Астана қаласы әкімдігінің №8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушісі Батыр Алтынбектің символикалық алғашқы доп соғуы болды.
Чемпионат аясында командалар бірнеше матч өткізіп, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Турнир талантты футболшыларды іріктеуге, жаттықтырушылар арасында тәжірибе алмасуға және өңірлер арасындағы спорттық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Ел чемпионатының ұйымдастырушысы – №8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі. Турнир 12 маусымға дейін жалғасады.



