«Алтын виза»: Қазақстан білікті мамандар үшін бәсекені күшейтпек
Жаһандық экономикадағы өзгерістер жоғары білікті мамандар үшін бәсекені күшейтіп отыр. Осыған байланысты адами капиталды тарту және көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық пен сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, Халықаралық көші-қон ұйымы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және «Атамекен» ҰКП өкілдері пікір алмасты.
Кездесу барысында қатысушылар Қазақстанның жоғары білікті мамандар мен инвесторларды тартуға бағытталған көші-қон саясаты, адами капиталды дамыту және процестерді цифрландыру мәселелерін қарастырды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жаңа саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды.
– Құжатта «QazETA» бірыңғай цифрлық платформасын енгізу, «e-Residency» модулін іске қосу, сондай-ақ жоғары білікті мамандар мен инвесторлар үшін «Алтын виза» тетігін қарастыру көзделген. Бұл механизм стратегиялық мамандар мен инвестиция тартуға бағытталады, – деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, жаһандық бәсеке жағдайында мемлекеттер білікті кадрлар үшін күресті күшейтіп, адами капиталды экономикалық өсімнің негізгі драйверіне айналдырып отыр.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ өкілі Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Анна Альшанская Қазақстанның өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті бола алатынын атап өтті.
Бастамаға Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері де қолдау білдіріп, ашық әрі икемді көші-қон жүйесі елдің жаһандық бәсекеге бейімделуіне ықпал ететінін айтты.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар көші-қон саясатын жетілдіру, адами капиталды дамыту және мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың маңызын атап өтті.



