Ұмытылмас әуендер әуеледі

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Ұмытылмас әуендер» концерті айрықша леппен, аншлагпен өтті. Концертте әуендер жанды дауыспен шырқалды.
Кештің ұйымдастырушысы, продюсері, – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Арайлым Рақымқызы.
Кеш шымылдығы ҚР «Ұлттық ұлан» оркестрінің бишілер тобы «Қара жорға» биімен ашылды. Әйгерім Нартүйе «Қорқыт» этно ансамблімен бірге Көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек) Халық әндерінен попурри орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді. «Ағайындылар» тобының «Анама» әні мен Перизат Тұрарованың «Сағындым ғой» әні, өнерлі оқушы бала Асқар Өзденбайдың «молдабайдың әні», «Лаура Абат» өнер орталығының бишілерінің «Балалық шақ» биі, «Айналайын» балалар хорының «Асық әні», «Айналайын» балалар хорының орындауындағы А.Жұбановтың «Ақ көгершін» әні көрерменнің көзайымына айналды.

Кеште есті ескі әндер, қазақ композиторларының танымал әндері шырқалды. Әкеге, асыл анаға, жарға арналған әндермен әнші әкеге құрмет, анаға өсиеттің ұлт үшін бойтұмардай қадірлі екенін нәшіне келтіре жеткізді. Өмірден өткен аяулы бейнелер көз алдымызға келіп, көзімізден жас болып ақты…
Сахнаның безендірілуі, сценарийі, жүргізушілер зор талғаммен таңдалған. Есті әнді, әсем әуенді тыңдағысы келген астаналықтар, кеш қонақтары залдың ғажайып атмосферасынан шыға алмай, әр ән біткенде ұзақ қол шапалақтаумен болды. Керемет әсер сыйлады.
Бағдат Сәмединова «Армансыз күнім болмайды» әнін орындап, көрерменнің ерекше құрметіне бөленді. Анар Мұздаханова мен Айбек Бекбосыновтың «Күй тартысы», «Айкербез» вокалдық тобының салған «Көкек», «Баянжан» әндерін шырқағанда залда қол соқпаған жан қалмады. Осы ретте “Айкербез” вокалдық тобының жетекшісі, Мәдениет қайраткері Алтын Махамбетованың ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн. Кеште Ғалымжан Жолдасбайдың «Дауылымпазы» залдағы жұртты дүрілдетіп-ақ жіберді. Ақбота Керімбекованың орындауындағы «Бегімайдың жыры», Құрмаш Маханның «Кездесу мен қоштасу» әні, Медет пен Клара, Ершат Қайырханның және Алма Аманжолова мен Елмұра Жаңаберген шырқаған жанды, ұмытылмас әуендер жүректерден шығып, жүректерге жетті.

Арайлым Рахымқызының «Қоңырқазысы», Ақ кимешекті әжелермен орындаған «Дедімай-ау» халық әні, Күнсұлу Тұрлыбекованың «Ләйлімшырағы», «Шалқыма» халық би ансамблі мен ҚР Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің ерлер хорының орындауындағы «Қосалқа» биі кешке айрықша көрік беріп, тыңдарманға аяусыз қол соқтырды. Әуезді әуенді жарқыраған биімен әрлеген өнер ұжымы, мың бұралған биімен кешті айшықтай түсті.
Кеш әнші Алтынай Жорабаеваның орындауындағы «Елімнің жүрегі Астана» әнімен түйінделді.
Арайлым Рақымқызы ұйымдастырған әсерлі кеш айрықша әсер етті. Ән әлемінде шарықтаған сазды әуендері әуелей берсін, құлақ құрышын қандырар жақсы әндер кеші көбейе берсін деген тілекпен оралдық. Көрерменнің көзайымына айналған концертті алдағы уақытта ASTANA TV телеарнасынан тамашалай аласыздар.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ



