Алтын орда: тарихты тану – болашақты бағамдау

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Алтын Орда» халықаралық симпозиум Қазақстанның Жошы Ұлысы мұрасын зерттеудегі жетекші халықаралық орталық ретіндегі ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.
Бүгінде Алтын Орда мұрасын зерттеу – тарихи ғылымның тар салалық бағыты ғана емес, ұлттық тарихи сананы нығайтуға, мемлекеттілік бастауларын зерделеуге және Қазақстанның өркениеттік мұрасын әлемдік деңгейде танытуға бағытталған маңызды стратегиялық жұмыс.
Симпозиум жұмысына 20-дан астам елден 300-ден аса жетекші ғалымдар, дипломаттар, халықаралық ұйымдар мен мәдени қауымдастық өкілдері қатысты. Пленарлық отырыстар, жеті тақырыптық секция, халықаралық пікірталастар – мұның барлығы Алтын Орданың саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасын жаңа ғылыми қырынан қарастыруға мүмкіндік берді.
Ықылым заманнан Алтын Орда – Шығыс пен Батыстың өзара ықпалдастығын қамтамасыз еткен, идеялар, технологиялар және мәдени тәжірибелер алмасуын қалыптастырған еуразиялық интеграцияның бірегей үлгісі.
Қазақстан тарихында Алтын Орда ерекше орын алады. Ол – Қазақ хандығының тарихи негізін қалыптастырған, қазақ халқының этносаяси дамуына ықпал еткен мемлекет. Дәл осы кезеңде түркі-мұсылман өркениеттік кеңістігі нығайып, сауда, дипломатия, мемлекеттік басқару және мәдени байланыстар қарқынды дамыды.
2026 жыл Алтын Орда тарихына қатысты үш маңызды датаға толы:
- «Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығы;
- Бату ханның Алтын Орда тағына отырғанына 800 жыл;
- Жошы Ұлысы билеушілерінің резиденциясы – Ақ Орданың 800 жылдығы.
Симпозиум аясында ұйымдастырылған көрмеде «Шежіре хандар» қолжазбалары, Каталон атласы, хандардың генеалогиялық ағашы, монеталар мен жазба дереккөздер ұсынылды. Интерактивті картада 70 тарихи-археологиялық нысан көрсетіліп, олардың бір бөлігі 3D-визуализация форматында таныстырылды.
Максим Рожин,
сенат депутаты



