Елдің өркениеттік мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі стратегиялық бағытын айқындайды

— Бүгінде Қазақстан Жошы Ұлысының тарихын зерттейтін жетекші халықаралық орталықтардың біріне айналып, Алтын Орданың әлем тарихындағы рөлін жан-жақты зерделеу үшін отандық және шетелдік ғалымдарды біріктіріп отыр. 2026 жылы Алтын Орда тарихымен байланысты үш маңызды дата атап өтіледі:
- «Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығы;
- Бату ханның Алтын Орда тағына отырғанына 800 жыл;
- Жошы Ұлысы билеушілерінің резиденциясы – Ақ Орданың 800 жылдығы.
Симпозиум қорытындысы бойынша қатысушылар Алтын Орда мұрасы Еуразия халықтарының тарихи және мәдени дамуының ажырамас бөлігі екенін растады.
Қазақстанның Жошы Ұлысы мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы жетекші халықаралық орталықтардың бірі ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Қатысушылар материалдық және материалдық емес мұраны сақтау, археологиялық бағдарламаларды кеңейту, білім беру бастамаларын дамыту және халықаралық гуманитарлық жобаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендігін білдірді. Симпозиумның маңызды нәтижелерінің бірі – Алтын Орда мұрасы жөніндегі Астана декларациясының қабылдануы болды. Құжат тарихи жадыны сақтауға, мәдениетаралық диалогты нығайтуға және Орталық Еуразия халықтарының ортақ мұрасын ілгерілетуге бағытталған, — дейді депутат.



