Жол ойын емес

Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейінде Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Жол – ойын емес!» атты іс-шара өтті.
Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығы» мен «City Transportation Systems» (CTS) ЖШС бірлесе отырып, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесу қонақтары «CTS» ЖШС Көліктік бақылау департаментінің өкілдері Жадыра Алмасқызы, Талғат Наурызбаев, Ербол Досымбаев, Марат Нұрмағамбетов.
Іс-шара барысында оқушыларға жолда жүру қағидалары, қауіпсіз мінез-құлық нормалары, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ заң талаптарын сақтау мен құқықтық жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жол ережелерін бұзудың салдары, әкімшілік жауапкершілік мәселелері де кеңінен қамтылды.
Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейі директоры Альбина Нартаева ой бөлісті.
«Жол қауіпсіздігі – қоғам үшін аса маңызды мәселе. Әрбір адам жолда жүрген кезде тек өз өміріне ғана емес, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне де жауапты екенін ұмытпауы керек. Әсіресе, жас ұрпақтың жол ережелерін жетік біліп, оны күнделікті өмірде сақтауы – болашақтағы қауіпсіз қоғамның кепілі. Бүгінгі воркшоп (workshop) барысында оқушылар өз білімдерін ортаға салып, түрлі тапсырмалар арқылы жолдағы қауіпті жағдайларды ажыратуды, дұрыс шешім қабылдауды үйренеді деп сенемін. Мұндай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар балалардың жауапкершілігін арттырып, сақтық мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосады» деді ол.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ



