Басты ақпаратЕл тынысыРуханият

Шәкеннің шәкірті

Мурат Ахмадиев Қытайдан өткенде 10 жастағы бала-тын. Олар Алматыға келіп орналасты. І Алматыда Сұлтанқорған дейтін жер бар. Ұйғырлардың баяғыдан қоныстанған ауданы. Мурат осы жерде мектепке барды, осы жерде әртүрлі үйірмеге қатысып, өлең айта бастады. Әсіресе, композитор Аркадий Островский мен Лев Ошаниннің шығармасы Мурат үшін үлкен баспалдақ болды.

«Әрқашан күн сөнбесін,

Аспаннан бұлт төнбесін,

Қасымда болсын мамам,

Болайын мен де аман».

Бұл ән жас баланың тағдырында үлкен рөл атқарды. Көп ұзамай қара торы бала жайлы фильм-концерт түсірілді. Жас әнші онда ағылшын, итальян, орыс, корей, қазақ, өзбек тілдерінде өлең айтты. Көп ұзамай ол концерт Орталық телевидениеден орындалған. Мурат салған әндер, әсіресе итальянша айтатын «Санта Лючия» ел-жұрт сүйіп тыңдайтын, бүгінгі тілмен айтқанда «хит» болатын.

Көп ұзамай М.Горький атындағы киностудиядан режиссер Александр Курочкин Алматыға арнайы келіп, Муратты Мәскеуге алып кетті. «Тайга неге үндемейді?» киносы сонау тайгадағы балалардың шым-шытырыққа толы фильмі жайлы еді. Мурат күзде Алматыға қайта оралды.

Шәкен Айманов бұл кезде «Қазақфильмге» біржола ауысқан. Олжас Сүлейменов өзінің атақты поэмасынан соң «Қазақфильмге» бас редактор болған шағы. «Атамекен» осы екі тұлғаның бірлескен жобасы-тын. Басты рөлде Елубай Өмірзақов пен Юрий Померанцев түсті. Баланың рөліне Шәкен Айманов Муратты алды. Шәкен Кенжетайұлы тек талантты режиссер ғана емес, ұлағатты ұстаз, мықты психолог еді. Фильм-концертті көрген Шәкен Муратты студияға «пробаға» шақырған.

– Так, былай болсын, бала! Сен өзіңнен 4-5 жас үлкен қызға өз сезіміңді, жақсы көретініңді білдіруің керек. Қане, баста! Бұл – жас актердің Александр Курочкиннің мектебінен өтіп келген кезі. Үйренгені кинода дәл өмірдегідей, яғни шынайы болуы шарт. Мурат бастап кетті. 1, 2, 3, 4-минуттар. Мурат өзінше импровизацияға көшті.

– Стоп, стоп! – деп Айманов қасындағы оператор Марк  Берковичке бірдеңе деп сыбырлады да, «сен өттің» деді.

Айманов Ахмадиевті киноға осылай алып келді. Фильм Мәскеу, Ленинград және Кентауда түсірілді. Бұл жас актер үшін шын бақыт болатын. Шәкен Айманов Муратты өз баласынан артық жақсы көрді, үйретті, ақылын айтты, шынайы қамқоршысына айналды. Мурат режиссер ағасының «Тақиялы періштесінде» тағы түсті, ассистенті болды.

«Сенен үлкен режиссер жасаймын. Болашақта ұйғырдан шыққан чоң режиссер боласың» дейтін. Үлкен тұлғаның ел білмейтін тағы бір қыры – ол Муратты өзінің баласы қылып үйіне тұрғызды, қамқоршысы, тәлімгері болды. Шәкен ол кезде жалғыз тұратын. Мурат ағасына көмекшісі де, сырласы да, сырын тыңдар мұңдасы да бола білді. Ұйғырлардың отбасында тамақ істемейтін адам жоқ. Мурат та сол ас үйде тыным таппайды. Кейде көк базардан ет, жеміс-жидек, азық-түлік әкеледі де, тамақ жасайды. Еттің көбігін қалай алу керек екенін ағасы үйретті. Шәкен де ет асудан пысық-тын.

Ахмадиевтің өмірінде екі адам үлкен із қалдырды: олар – анасы Тұранқыз бен Шәкен. Анасы тек дарынды актриса ғана емес, оқыған-тоқығаны мол білімді кісі-тін. Мурат алғаш рет «12 мұқамды» анасынан естіді. Бұл – ұйғыр халқының ғасырдан-ғасырға жеткен інжу-маржаны. Қырғызға «Манас» қаншалықты қымбат болса, «12 мұқам» ұйғыр еліне соншалықты қымбат. Оның тарихы тым терең: 1500, кей деректе 2000 жылдық тарихы бар делінеді. XVI ғасырда өмір сүрген өз заманының әнші, биші, ғалымы, меценаты, алғаш рет ұйғыр елінің мәдени байлығын жинастырған – Аманиса хан. Ол – тарихта Жаркент провинциясындағы әміршінің әйелі ғана емес, осы мұқамдарды зерттеп-жинаған, қағазға түсіріп, таңбалаған тұлға. Мурат кейін «Яшлык» ансамблін құрғанда репертуарға кірген әуендердің бірі осы мұқамнан басталған. Бұл анасының айтқан мақамдары-тын. Әрине, Мураттың ержетіп, азамат болуына одан кейін әсер еткен қазақтың даңқты режиссері Шәкен Айманов еді. Шәкең оған қазақ әндерін таныстырды. Домбыра мен киноны, шахмат пен преферансты көрсетті. Өзінің жора-жолдастарымен, әріптес-әртістерімен дәмдес қылды. Алайда Шәкен ағасы жөн сілтеген, сенім артқан «кинорежиссер боласың» деген арманы Мәскеудің М.Горький көшесінде режиссер апатқа ұшыраған ақ қарда біржола қалды.

Қазақстанда – «Дос-Мұқасан», ал Өзбекстанда «Ялла» дүрілдеп шыға бастаған 70-жылдардың басында студент Ахмадиев көп ойланды. «Неге бізде осындай вокалды- инструменталды ансамбль жоқ?» деген ой оған маза бермеді. «Дос-Мұқасанның» әр әні оның жанын тырнап, тынышын алған, тығырықтан шыға алмай шыр айналған. Ақыры әрлі-берлі іздестіріп, 5-6 жігіттің басын құрады. Біреуі гитарада, біреуі ионикада, енді бірі барабанда ойнады, ешкімде арнайы білім жоқ. Қазақша айтқанда, оннан-мұннан жиналғандар-тын. Атақты «Яшлык» солай дүниеге келді…

Екі шақырылымда Парламент депутаты болған Мурат ака бүгінде демалыста, елордада тұрады. Өзінің театрына көп бармайды. Дегенмен онда Мурат іздері сайрап жатыр..

«Яшлык»-тың тәржімәсі – жастық. Ал Мураттың жастығы – ел ішінде, көрерменнің көңілінде. Сондықтан Мурат Ахмадиев бүгін ақсақал болғанмен, оның жастығы, яғни «Яшлыгы» ұйғыр елінің махаббатында, мәңгілік жүрегінде…

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның халық

әртісі, кинорежиссер

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button