Жазда пойызбен шамамен 4,2 млн жолаушыны тасымалдау жоспарлануда

2026 жылғы жазғы маусымда Ұлттық тасымалдаушы шамамен 4,2 млн жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр. Оның ішінде 230 мыңға жуық жолаушы Алакөл көлі курорттық аймағына қатынайды деп күтілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Маусымдық сұраныстың артуына байланысты жазғы кезеңде ҚТЖ 15 қосымша теміржол бағытын іске қосады. Алакөл бағытына пойыздар еліміздің ірі қалаларынан, соның ішінде Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодардан қатынайды.
Қосымша пойыздар мен тіркеме вагондар келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылады:
№54/53 «Нұрлы жол — Достық»;
№253/254 «Нұрлы жол — Достық»;
№207/208 «Алматы — Достық»;
№211/212 «Алматы — Достық»;
№221/222 «Алматы — Достық»;
№457/458 «Семей — Достық»;
№459/460 «Өскемен — Достық»;
«Қызылорда — Достық» тіркеме вагондары;
«Алматы — Достық» тіркеме вагондары;
«Павлодар — Достық» тіркеме вагондары;
№201/202 «Алматы — Нұрлы жол»;
№203/204 «Нұрлы жол — Шымкент»;
№205/206 «Ақтөбе — Нұрлы жол»;
№219/220 «Қарағанды — Балқаш»;
№231/232 «Алматы-2 — Семей».
«Жазғы маусымда жолаушылар тасымалына сұраныс жыл сайын артады. Әсіресе курорттық аймақтар мен ірі қалаларға қатынайтын бағыттарға қызығушылық жоғары. Осы кезеңде жолаушыларға қызмет көрсету үшін 2 мыңнан астам вагон, оның ішінде стандартты вагондар, «Тальго» құрамдары және электр пойыздары пайдаланылады. Вагондардың 86 пайызы кондиционер жүйесімен жабдықталған. Барлық жылжымалы құрам жазғы тасымалға алдын ала дайындалып, техникалық тексеруден және санитариялық өңдеуден өтті», — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов.
Жолаушылар пойыздарында вагондарды тазалау және санитариялық-гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету бекітілген стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар жолаушыларға арналған жұмсақ алынбалы мүкәммал белгіленген талаптар бойынша жабдықталады.
Барлық бағыттарда жолаушыларға фильм көруге және музыка тыңдауға мүмкіндік беретін мультимедиялық ойын-сауық порталы қолжетімді. Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы жабдықталған вагондар қарастырылған. Сондай-ақ, билет рәсімдеу және вокзалдарда көмек қызметіне өтінім беру бойынша онлайн-сервистер жұмыс істейді.
Жазғы тасымал маусымына дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде. Осы бағытта ҚТЖ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы, туристік операторлар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және салалық қауымдастықтар қатысатын жұмыс кеңестері өткізіліп келеді. Онда жазғы кезеңдегі жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, сұранысы жоғары бағыттарды қамту және қосымша рейстерді іске қосу мәселелері қаралады.
Билеттер теміржол кассаларында, bilet.railways.kz ресми сайтында және цифрлық билет агрегаторларында қолжетімді.
Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі және «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Instagram желісіндегі @jolaushylar_tasymaly ресми парақшасы арқылы алуға болады.



