Астанада дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясы өтеді

2026 жылғы 18 мамырда сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін Ұлттық музейде Халықаралық музейлер күніне арналған дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның мақсаты – рухани-мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әр түрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау.
Өткен мен бүгіннің, дәстүр мен жаңашылдықтың, тарих пен заманауи мәдениеттің тоғысынан құралған бұл кеш мазмұны мен формасы жағынан ерекше әрі жаңашыл бағдарламасымен ерекшеленеді. Музей кеңістігі түрлі интерактивтерге, танымдық экскурсияларға, креативті шеберлік сабақтарына, ғылыми дәрістерге, көркем перформанстармен, әр жастағы аудиторияға арналған мәдени шаралармен және концерттік қойылымдармен толығады.
Танымдық шара мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Балдырған гид» жобасы, мектеп оқушылары қатысатын «Мирас» үйірмесінің экскурсияларынан басталады. Сондай-ақ «Жан біткен жәдігерлер» квест сабағы, «Өткеннен бүгінге – жәдігерлер сыры» атты театрландырылған экскурсия аясында келушілер ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи кезеңдерге саяхат жасайды.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен кеш қонақтарына өнер мен технология үндескен бірегей шоу — гуманоид-робот пен бионикалық робот-ит қатысуымен Назым Мустафинаның скрипкада жеке орындауы ұсынылады.
Акцияға жиналған жұртшылық танымал тұлғалардың қатысуымен «Жұлдызды гид» шоу-жобасын қызықтап, «Музейдегі түн» квест-ойынына қатысып, музейдің ғылыми қызметкерлерінің залдар бойынша авторлық экскурсияларын тамашалай алады.
Кештің мәдени бағдарламасы «Наз» мемлекеттік би театры, Қазақ Ұлттық хореография академиясының әртістері, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенттік үрмелі музыкалық аспаптар оркестрі мен би ансамблінің қатысуымен өтетін әсерлі концертпен жалғасады. Сонымен қатар келушілер үшін халық әндерін заманауи ритмдермен біріктіретін DJ-сет өтеді.
Бұған қоса «Қолөнершілер жәрмеңкесі» мен зергерлік бұйымдар, керамика, мата, кілем және киіз бұйымдарын қалпына келтіру бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.
Келушілер музей залдарындағы бірқатар көрмелерді тамшалай алады, соның ішіде суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» атты мерейтойлық көрмесі, «Орталық Азия тағамдары» атты жапондық манга көрмесі, белгілі отандық суретші Ғ. Иляевтін 110 жылдық мерейтойына арналған Қазғұрт туралы аңыз – «Кеме» көрмесі, корейлік жаңа медиа суретшісі Хван Сонджонның «Планетарлық өрім: теллуриялық ырғақтары және тоғысқан естеліктер» көрмесі, «Қазақстан Мәдениеті тұлғаларда» атты гравюра көрмесі және «Бозоқ – Ұлы Дала өркениеті» сынды көрмелер бар.
«Музей түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жылдардан-ақ мыңдаған келушінің ықыласына ие болған жоба бүгінде еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. 2015 жылы өткен алғашқы шараға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет өткізіліп, 39 мыңнан аса адам келді. Оның алғашқысы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылса, екіншісі Халықаралық музейлер күніне арналды. 2018 жылы 37 мыңнан аса адам, ал 2019 жылы 42 мыңнан аса адам келді. Кейінгі жылдары елімізде орын алған карантин жағдайына байланысты аталған шара музейдің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы онлайн форматта жүзеге асты. 2023 жылы шараға келушілер саны 48 мыңға жетіп, 2024-2025 жылдары 30 мыңнан асты.
«Музей түні» – бұл жай ғана көрме залдарын аралау емес, бұл – ұлттық мұрамен сырласатын, тарих пен өнерге жаңаша көзқараспен үңілетін, рухани құндылықтармен терең байланыс орнатуға жол ашатын ерекше мәдени кеңістік.
БАҚ өкілдерінің назарына! Аккредитацияны nmrk.muzei@mail.ru поштасына 17 мамыр күні сағат 18:00-ге дейін жіберу қажет.



