Астанада мейрамхана мен қонақүй бизнесінің өкілдері «Таза Қазақстан» аясында ағаш отырғызды

Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында №1 Индустриялық парк аумағында қонақүй және мейрамхана ұжымдарының қатысуымен ауқымды сенбілік өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімовтің айтуынша, сенбілікке мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында өндірістік кәсіпорындар, қонақүйлер, мейрамханалар мен кофеханалар қызметкерлері бар. Қатысушылар 1000-нан астам көшет отырғызды.
Туризмді дамыту орталығы басқармасының төрағасы Артём Квашук бұл шараның тек экологиялық емес, біріктіруші маңызы да бар екенін атап өтті.

«Туризм саласынан 15 қонақүй, сондай-ақ мейрамханалар мен дәмханалар қатысып отыр. Біз қаланың туристік күн тәртібін қалыптастырамыз және мұндай акциялар сала қызметкерлерінің басын қосады деп есептейміз. Бұл – командалық жұмыс әрі өзара танысу алаңы. Қонақүйлер мен мейрамханалар бір-бірімен байланыс орнатады. Бұл — маңызды әрі қажетті іс. Біз игі іс жасап, ағаш отырғызып, жақсы көңіл күй сыйлаймыз», – деді ол.
Radisson Hotel Astana қонақүйінің бас инженерінің орынбасары Анатолий Мешков ұжымның мұндай бастамаларды үнемі қолдайтынын жеткізді.
«Осындай жалпықалалық шаралардан тыс қалу мүмкін емес. Бұл – қаланы көгалдандыруға үлес қосудың мүмкіндігі. Біз әрдайым қатысамыз. Бүгін компаниямыздан 27 адам келді», – деді ол.

Сондай-ақ ол кәсіпорынның экологиялық стандарттарды ұстанатынын атап өтті.
«Біздің компания «жасыл» кілтке ие болған, табиғатты қорғау бойынша халықаралық талаптарға сай келеміз, арнайы сертификатымыз бар. Сондықтан мұндай акцияларды толық қолдаймыз», – деді Мешков.
IBIS Astana қонақүйінің бас менеджері Валерий Егоркин бизнес пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығына тоқталды.
«Кез келген қонақүй бос кеңістікте емес, қалада орналасқан. Сондықтан біз айналамызбен тығыз байланыста болуымыз керек. Әріптестермен, ұйымдармен және қорлармен тиімді әрекеттессек, бәріміз үшін нәтижелі болады», – деді ол.
Оның айтуынша, акцияға қатысудың символдық мәні бар.
«Қонақүйімізге 10 жыл толды, бүгін 10 адам келді. Келесі жылы 11 адам болады», – деді ол.
Good Project Family компаниясының тең құрылтайшысы Гурген Басенцян да акцияның ауқымына назар аударды.
«Бүгін қонақжайлылық индустриясынан 300-ден астам адам қатысты. Біздің компаниядан 21 адам келді», – деді ол.
Ол сондай-ақ соңғы жылдары елордадағы өзгерістерге тоқталды.
«Қала «жасыл» бастамалардың арқасында айтарлықтай өзгерді. Соңғы жылдары көгалдандыру Астананың келбетін айқын жақсартты. Бірнеше жылдан кейін келген қонақтар қаланың қаншалықты көркейгеніне таңғалады», – деді спикер.
Ұйымдастырушылар алаңның таңдалуы кездейсоқ емес екенін атап өтті. №1 Индустриялық парк ірі өндірістік кәсіпорындарды біріктіреді, ал олардың көгалдандыруға қатысуы қала экологиясына маңызды үлес қосады.
Айта кетейік, басты мақсат – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы шаралар ауқымын кеңейтіп, бизнес, мемлекеттік құрылымдар мен қала тұрғындарын қоршаған ортаны таза әрі көгалдандыру жолында біріктіру.



