Құқық

Елордада «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды

Астана қаласында өткен «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу, борышкерлерді анықтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Рейдтік шаралар барысында қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтар да анықталды. Атап айтқанда көлік құралын көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен басқарған 3 жүргізуші ұсталды. Олардың көліктері коммуналдық тұраққа қойылып, сот шешімімен әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, көлік басқару құқығынан айырылды.

Сонымен қатар көлік басқару құқығынан бұрын айырылғанына қарамастан қайтадан рөлге отырған 26 жүргізуші анықталды. Жалпы 89 жүргізуші түрлі құқық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот органдары тарапынан заңнамаға сәйкес тиісті шешімдер қабылданды.

Міндетті сақтандыру полисінсіз көлік басқарған 63 жүргізуші де жауапкершілікке тартылды. Олардың көліктері коммуналдық тұраққа қойылып, заң талаптарына сәйкес шаралар қабылданды.

Іс-шара барысында борышкерлерден берешекті мәжбүрлі түрде өндіруді күшейту мақсатында 3 700 тұлға жеке сот орындаушыларына жолданды. Олардың ішінде алимент бойынша берешегі бар 4 азамат және салықтық әрі өзге де міндеттемелері бойынша берешегі бар 3 690 тұлға бар. Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 92 көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылды.

Борышкерлермен кері байланысты күшейту және хабардар ету мақсатында автоматтандырылған жүйе арқылы 4 440 қоңырау шалынды.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері азаматтарға әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеудің маңыздылығын түсіндіріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар рейдтер кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстану қажеттігі кеңінен түсіндірілді.

Астана қаласының полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеуге, көлік құралдарын пайдалану кезінде заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады. Заң талаптарын сақтау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты кепілі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button