Білім беру жүйесі: ізденіс пен нәтиже
Бүгінде елорданың білім беру жүйесін 421 278 баланы қамтыған 988 ұйым құрайды. Оның ішінде 266-сы – мемлекеттік, 722-сі – жекеменшік.
Мектепке дейінгі және орта білім
Демографиялық өсім ең алдымен мектепке дейінгі білім беру жүйесінде байқалады. Бүгінгі таңда қалада 67 780 тәрбиеленушісі бар 716 балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 101 мемлекеттік, 612 жекеменшік және 3 ведомстволық балабақша бар. Орын тапшылығын шешу мақсатында өткен жылы 620 орынға арналған 2 мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді. 2026 жылы 2 099 орынға арналған 7 балабақша ашылады деп күтілуде (750 орынға 3 мемлекеттік және 1349 орынға 4 жекеменшік).
Орта білім беру саласында бүгінде елордада 205 мектеп жұмыс істейді, онда 314 964 оқушы білім алуда. Оқушылардың саны өткен оқу жылмен салыстырғанда 32 мың (282 150) оқушыға артты. Болжам бойынша осы жылдың 1 қыркүйегінде оқушылар саны 330 мыңға жуықтайды. Бұл жүйелі түрде жыл сайын 10-13 жаңа мектепті пайдалануға беруді талап етеді.

Оқушы орындары тапшылығын жүйелі шешіп, болашақта үш ауысымды мектептерді болдырмау үшін алдағы үш жылда 110 мыңнан астам орынға 58 мектептің құрылысы жүргізілетін болады. Оның 15 672 (екі ауысымда) орынға арналған 12 мектебі осы жылы қолданысқа беріледі (5 950 орынға 10 мектеп – БИЖ, 3 772 орынға – 2 жекеменшік мектеп).
Өткен жылдан бері мектептерді реновациялау жұмыстары жүзеге асырылуда. Бүгінде 6 мектеп толық реновациядан өтті (№1, 14, 21, 35, 61, 69). Биыл тағы 6 мектепте (№4, 13, 22, 24, 31, 41) жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Оқу жылының бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша білім сапасы 60%-ды құрады. Пәндік бағыттар бойынша білім сапасының орташа деңгейі: жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша – 69%, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша – 75%.
Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру үшін «Профессорлық сабақ», «Шеберден тәлім», «Сатылай кешенді оқу» және «Бітібаева әдістемесі» жобалары іске асырылуда.
Инклюзия және қосымша білім
85 мектепте, 33 балабақшада, 3 колледжде инклюзияны қолдау кабинттері жұмыс істейді. Биыл 2 түзету кабинеті мен аутизм орталығын ашатын боламыз. Сондай-ақ 800 орынға арналған №4 арнайы мектептің құрылысы басталады. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында инклюзивті білім беруді әдістемелік сүйемелдеудің ресурстық орталығы құрылды. Екі колледж «Логопедия» мамандығы бойынша лицензия алды, М.Жұмабаев атындағы Халықаралық колледжде педагог-ассистенттерді даярлайтын «Жеке сүйемелдеуді ұйымдастыру» бағдарламасы ашылды.

Қазіргі уақытта қосымша білім беру желісі 14 мемлекеттік, 588 жекеменшік ұйымды құрайды, жалпы қамтылғандар саны – 215 913 бала (83,1%). Qosymsha.kz платформасы арқылы бірыңғай мемлекеттік тапсырыс іске асырылуда. Бүгінгі таңда ваучермен 69 064 бала қамтылды. Оның ішінде мемлекеттік ұйымдарда – 25 172 бала, жекеменшік ұйымдарда – 43 892.
Ваучерлік қаржыландырудың қанатқақты моделі шеңберінде 588 жекеменшік ұйымда балалар үйірмелер мен секциялардың 244 түрі бойынша қосымша білім беру қызметтерін алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астана қаласында 2024-2025 жылдары 3 қосымша білім беру нысаны пайдалануға берілді. Жалпы сыйымдылығы 4 мың орындық екі көпфункционалды кешен («Sanabilim» – 2 мың орын, «Sana Sport» – 2 мың орын) және 750-орынға арналған көпфункционалды TANYM кешені ашылды.
2026 жылы 1500 орынға арналған 2 көпфункционалды кешені және жеке инвестициялар есебінен музыкалық мектеп пайдалануға беріледі. Олар:
– Ақан Сері және С 189 көшелері – 750 орын;
– М.Төлебаев көшесі – 750 орын;
– Сығанақ 17/41 көшесінде 2 мың орынға арналған «BIART» кретив индустрия мектебі.
2027-2029 жылдары 6000 орынға тағы 8 нысанды іске қосу жоспарланған (әрқайсысы 750 орыннан тұрады).
Техникалық және кәсіптік білім
Биыл қала колледждерінде кадрлар даярлауға 10 мың мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтарына 3 146 орын, орта буын және қолданбалы бакалавриат бағдарламалары бойынша 6 854 орын қарастырылды. 2025 жылы ландшафтық дизайн, бау-бақша шаруашылығы, флорист-гүл өсіруші, техник-гидрогеолог, педагог-ассистент, логопедия, сәндік-қолданбалы өнер және халық кәсіпшілігі секілді жаңа мамандықтары бойынша оқыту басталды. 2026 жылы үш жаңа мамандық ашылады (қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелер, сметалық іс, энергетика).
Дуальды оқыту жүйесі де белсенді дамып келеді. Оның аясында 22 колледж, 647 кәсіпорынмен 11 734 шарт жасалды. Мемлекеттік тапсырыспен білім алушылардың 45% дуальды оқыту жүйесімен білім алуда.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 10-11 сыныптардың 155 оқушысы аспазшы, наубайшы, шаштараз, флорист және электр-газ дәнекерлеуші кәсіптері бойынша колледж базасында жұмысшы біліктіліктерін алды.
Сонымен қатар, колледждердің әлеуметтік серіктестерімен бірлесіп «Дағдыларды игеру фабрикасы» кондитерлік академиясы (Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі), Құрылыс-техникалық колледж базасында травматология мен ортопедияға арналған медициналық бұйымдарды шығару бойынша бірлескен өндірістік алаң ашылды.
Жүргізіліп жатқан жұмыс мамандарды даярлау сапасын арттыруға және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бағытталған.
Құқық бұзушылықтың алдын алу
Елордада кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша мақсатты және жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда ювеналды полицияның есебінде 209, ал мектепішілік есепте 702 оқушы тұр.
Қабылданған кешенді шаралардың арқасында 2026 жылдың басынан бастап кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 57,1%-ға (63-тен 27-ге дейін), ал кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар саны 38,5%-ға төмендеді.
Барлық білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жоспарлар бекітілді, мектептің профилактикалық кеңестері жұмыстары жүйеленді. Оқу жылы ішінде 3000-нан астам профилактикалық отырыстар өткізілді және 3500-ден астам жеке жағдай қаралды.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін полиция, прокуратура және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп мобильдік топтар құрылды, рейдтік іс-шаралар («Түнгі қаладағы балалар»), ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ «DosbolLIKE» буллингтің алдын алу бағдарламасы іске асырылуда.
«Заң және тәртіп» жобасы аясында 3 200-ден астам профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, 250 мыңнан астам білім алушы қамтылды.
«Адал азамат» – бірыңғай тәрбие бағдарламасы
2023-2024 оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы шеңберінде тәрбие жұмысы іске асырылып келеді.
Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында тәрбие компоненті күшейтіліп, білім берудің барлық деңгейінде тәрбие жұмысының сабақтастығы қамтамасыз етілді.
Өткен оқу жылында іске қосылған «Апта күндері» мектеп жобасы да маңызды нәтижелер көрсетті, оның шеңберінде аптаның әр күні тақырыптық бағыт болып анықталды (этика, денсаулық, кәсіптік бағдар беру, тазалық және ұлттық дәстүрлер күні).
Сондай-ақ білім беру ұйымдарында балалардың шығармашылық, зияткерлік және әлеуметтік әлеуетін дамытуға ықпал ететін «Қамқор», «Еңбек адал жас өрен», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы» және «Smart Bala» жобалары табысты іске асырылуда.
Елордалық білім алушылардың оқыту, тәрбиелеу және құқықтарын қорғау сапасын одан әрі арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жалғастырылады.
Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ,
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы



