Басты ақпаратШартарап

Әлемдік энергия тізгінін кім ұстайды?

2026 жылы Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай күрт шиеленісіп, аймақ жаһандық қауіпсіздік пен экономика үшін негізгі тәуекел ошағына айналды. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы әскери қақтығыс тек аймақтық деңгейде ғана емес, әлемдік нарықтарға, әсіресе мұнай саудасына тікелей әсер етуде. Сарапшылар бұл жағдайды XXI ғасырдағы ең ірі энергетика сынақтарының бірі деп бағалауда.

Ормуз бұғазы үшін күрес

Соңғы апталарда аймақтағы жағдай тіпті шиеленісе түсті. АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операцияларды күшейтіп, қатаң ультиматум жасай бастады. Вашингтон Тегеранға: «Егер Иран Ормуз бұғазын ашпаса, елдің барлық энергетика нысаны толық жойылады» деген мазмұнда ескерту жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл позицияны нақтылай түсіп: «Ирандағы барлық электр станцияларын, мұнай өндіру ошақтары мен кешендерін, Харк аралын және тұщыту жүйелерін атқылаймыз» деп мәлімдеді. Бұған де­йін Трамп Иранға келісімге келуге 48 сағат уақыт беріп, кейін ультиматум мерзімін 6 сәуірге дейін ұзартқан еді. Ол тіпті: «Егер Тегеран Ормуз бұғазын ашпаса, ұрысты тоқтату туралы келісімге келмесе және АҚШ шарттарынан бас тартса, Иранның энергетика нысандарының күл-талқанын шығарамыз» деп ашық сес көрсетті. Ал Иран өз кезегінде Израиль аума­ғына кассеталық зымырандармен соққы жасап, бірнеше стратегиялық нысанды, соның ішінде Хайфадағы мұнай өңдеу зауытының резервуарын зақымдады. Тегеран Ормуз бұғазы арқылы тек өзіне ниеттес елдердің ғана мұнай тасымалдайтын кемелерін өткізіп, қалған мемлекеттер үшін бұл бағытты іс жүзінде шектеп отыр. Сонымен қатар Иранның Ұлттық қауіпсіздік және халықаралық ­саясат комитеті Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден баж салығын алу жөніндегі жоспарды мақұлдады. Осы жағдайға байланысты АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранға Ормуз бұғазын бақылауға ешқашан жол берілмейтінін мәлімдеп, бұл халықаралық сауда еркіндігіне тікелей қауіп екенін атап өтті.

Көздегені қауіпсіздік пе, қара алтын ба?

Вашингтонның Иранға қарсы әскери әрекетінің түпкі мақсаты дау­лы күйінде қалып отыр. Бастапқыда АҚШ бұл операцияның негізгі мақсаты Иранның ядролық әлеуетін әлсірету екенін мәлімдеген еді. Алайда уақыт өте келе ресми риторика энергетика ресурстарына бақылау орнату бағытына ойысқандай әсер қалдырады.

Дональд Трамптың «Шынымды айтсам, мен Иранның мұнайын тартып алғым келеді» деген мәлімдемесі – осы өзгерістің айқын көрінісі. Сондай-ақ ол Иран мұнайының негізгі экспорт нүктесі саналатын Харк аралын басып алу мүмкіндігін де жоққа шығармайтынын ашық айтып келеді.

– Біз жуырда Ираннан Харк аралын тартып алуымыз мүмкін. Олай етпеуіміз де мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық – бізге бұл аймақта ұзағырақ болуға тура келеді, – деді Ақ үй ­басшысы.

Сонымен қатар Трамп АҚШ-тың Ирандағы әскери қатысуы ұзаққа созылмайтынын да меңзеді. Оның айтуынша, Вашингтон Ираннан «2-3 апта ішінде» шығуы мүмкін. Алайда бұл шешім Иранның алдағы бірнеше жыл бойы ядролық қару жасай алмайтынына толық көз жеткен жағдайда ғана қабылданады.

Трамптың пікірінше, қақтығыс аяқталған жағдайда, Ормуз бұғазы біртіндеп қайта ашылады.

– Шынымды айтсам, мен бұл туралы ойлап жүрген жоқпын. Менің жалғыз міндетім – оларда ядролық қарудың болмауына көз жеткізу. Оларда енді ядролық қару мүлде болмайды. Ал біз Ираннан кеткен кезде бұғаз өзі-ақ автоматты түрде ашылады, – деді ол.

Иран «екінші Иракқа» айналмай ма?

Кейде Дональд Трамптың сөзі мен ісінің арасында қайшылық байқалады. Мәселен, егер АҚШ жақын бір-екі аптада соғысты тоқтатуды көздесе, онда неге Таяу Шығыстағы әскери күшін керісінше арттырып жатыр?

Қазіргі деректерге сүйенсек, АҚШ құрлықтағы операция мүмкіндігін белсенді түрде қарастыра бастады. Пентагон бұған дейін жіберілген 5 мың теңіз жаяу әскері мен 2 мың десантшыға қосымша тағы 10 мың сарбаз аттандыру мәселесін талқылауда.

«Wall Street Journal» мәліметінше, АҚШ Иран шекарасына 17 мыңнан астам әскер орналастыруы мүмкін. Бұл күштер ауқымды басып кіруге жеткіліксіз болғанмен, стратегиялық маңызды аумақтар мен аралдарды бақылауға алуға жеткілікті.

«New York Times» мәліметінше, қазіргі таңда Таяу Шығыстағы америкалық әскерилердің жалпы саны 50 мыңнан асып отыр. Бұл жағдайдың тек уақытша шиеленіс емес, ұзаққа созылатын әскери сценарийге жақындап келе жатқанын көрсетеді.

Иран тарапы мұндай сценарийге дайын екенін ашық мәлімдеді. Парламент спикері Мұхаммед Багер Галибафтың айтуынша, ел құрлықтағы соғысқа толық дайын. Ирандағы IRNA агенттігінің хабарлауынша, Тегеран АҚШ әскерінің жерге аяқ басқан сәтінде-ақ қарсы соққы беруге әзір. «Иран тізе бүкпейді. Біз жер үстінде соғысуға тас-түйін да­йынбыз» деген мәлімдеме аймақтағы қақтығыстың одан әрі ушығуы мүмкін екенін аңғартады. Егер АҚШ құрлықтағы операцияға барса, бұл Ирактағыдай жылдам жеңіспен аяқталмауы мүмкін. Керісінше, ұзаққа созылған, көпжақты және аймақтық деңгейге таралған қақтығыс қаупі жоғары. Мұндай сценарий тек Таяу Шығысқа ғана емес, әлемдік қауіпсіздік пен экономикаға ауыр салдар әкелуі ықтимал. Сондықтан сарапшылардың басым бөлігі Иран «екінші Иракқа» айналмайды, бірақ одан да күрделі әрі қауіпті дағдарыс ошағына айналуы мүмкін деген пікірде.

Жасырын келіссөз жүргізген

Трамп бір жағынан Иранға қысым жасап отырса, екінші жағынан жасырын келіссөздер жүргізіп жатқаны мәлім болды. Ол Иранның жаңа басшыларымен байланыс орнатылғанын айтып, келіссөздердің жүріп жатқанын растады. «Қазір біз байланыс орнатып жатқан адамдар – мүлдем басқа топ. Олар – өте кәсіби келіссөзшілер» деді ол «Financial Times» басылымына берген сұхбатында. Алайда Иран тарапы бұл әрекеттерге күмәнмен қарайды. Тегеранның пікірінше, АҚШ бір мезетте келіссөзге дайын екенін білдіріп, екінші жағынан жасырын түрде құрлықтағы операцияға дайындық жүргізуде. Сонымен қатар Вашингтон 15 тармақтан тұратын талаптар пакетін ұсынып, соғыс барысында қол жеткізе алмаған мақсатына дипломатия­лық қысым арқылы жетуді көздеп отыр деген тұжырым бар. Сондықтан Иран билігі қатаң ұстанымын ашық білдірді: «Иран тізе бүкпейді. Тегеран өзін қорлатып, басындырып қоймайды. Біздің жауынгерлеріміз АҚШ сарбаздарының жерімізге аяқ басқан сәтін күтіп отыр. Жер үстінде соғысуға тас-түйін даярмыз» делінген ресми мәлімдемеде.

Қазір жағдай жаңа қауіпті ба­ғытқа ауыса бастағандай. Иран тарапы Таяу Шығыстағы ірі технология компанияларының инфрақұрылымына соққы жасау мүмкіндігін жоққа шығармады. Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдеуінше, бұл компаниялардың технологиялары Иранға қарсы әскери әрекеттерде пайдаланылған. Бұл аймақ арқылы Еуропа, Азия және Африканы байланыстыратын әлемдік интернет-трафиктің шамамен 17-20%-ы өтеді. Сондықтан мұндай нысандарға жасалатын кез келген шабуыл тек аймаққа емес, жаһандағы цифрлық инфрақұрылымға да ауыр соққы болуы мүмкін. Еуропа елдері де бұл қақтығысқа қатысты өз ұстанымын айқын көрсете бастады. Испания АҚШ-тың Иранға соққы жасау үшін өз әскери базаларын пайдалануға ты­йым салса, Италия билігі америкалық бомбалаушы ұшақтарды Сигонелла базасына қондырудан бас тартты. Ал Франция АҚШ-тың әскери жүктерін тасымалдайтын ұшақтар үшін әуе кеңістігін жапты. Бұл қадамдар Еуропаның Вашингтонның әскери стратегиясын толық қолдамайтынын аңғартты. Сарапшылардың пікірінше, Ормуз бұғазының тағдыры да осы қақтығысқа мүдделі күштердің өзара келісіміне байланысты шешілуі мүмкін, ал соғыстан кейін АҚШ пен НАТО арасындағы қатынастар қайта қаралуы ықтимал.

Қысқасы, Таяу Шығыстағы қазіргі қақтығыс – жай ғана аймақтық соғыс емес, жаһандық тәртіптің қайта қалыптасуының көрінісі. Ормуз бұғазы үшін күрес, энергетика ресурстарын бақылау үшін талас және әскери-саяси ықпалдың күшеюі әлемдік жүйенің жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады. Бұл жағдайдың қалай аяқталатыны әзірге белгісіз. Алайда бір нәрсе анық: бұл қақтығыс тек Таяу Шы­ғыстың ғана емес, бүкіл әлемнің болашағына әсер ететін шешуші кезеңге айналып отыр.

АҚШ әлемдегі мұнай қоры ең мол елдердің бірі – Венесуэланы өз ықпалына алды, Панама каналы да оның геосаяси бақылауында. Енді Ормуз бұғазын бақылауға ұмтылып отыр. Бұған қоса, Зангезур дәлізін ұзақ мерзімге жалға алу ниеті айтылып жүр. Егер бұл жоспарлар жүзеге асса, Вашингтон тек әскери немесе саяси үстемдікке ғана емес, жаһандық сауда мен энергия ағынының негізгі түйіндерін толық бақылауға алуы мүмкін. Бұл әлемдік тәртіптің түбегейлі өзгеруіне алып келетін стратегиялық қадам болмақ.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың Венесуэланы бақылауға алып, Иранды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға тырысуының астарында Қытайға бағытталған ұзақмерзімді стратегия жатыр. Яғни Вашингтон энергия ресурстары мен негізгі теңіз жолдарын өз ықпалына алу арқылы Бейжіңнің экономикалық және геосаяси кеңеюін шектеу­ді көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, Ормуз бұғазы үшін күрес тек Таяу Шығыс мәселесі емес, оны әлемдік державалар арасындағы үлкен бәсекенің бір бөлігі ретінде қарастырған дұрыс секілді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button